- Advertisement -

Ақ жаулықты аналар соғыссыз әлемді қолдайды

92

- Advertisement -

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев АҚШ астанасы Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV самитте жария еткен «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде жер шарында бейбітшілікті сақтаудың нақты бағдарламасын ұсынды. Онда Елбасы негізгі үш бағытқа тоқтала отырып, әлемдік қақтығыстарды адамзат өз қолымен жасап отырғандығын, сондықтан ашу мен бейберекетсіздікке ұрынбай, барлық мәселені сабыр мен ақылға сүйеніп, саналы және бейбіт түрде шешуге ұмтылу қажеттігін атап көрсеткен болатын.

Елбасымыздың осы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін ілгерілету және Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуын атап өту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған аналар кеңесі және «Нұр Отан» партиясы ұйымдастыруымен еліміздің әр облысында «Біз соғыссыз әлемді қолдаймыз!» атты «Ақ орамал» акциясы ұйымдастырылды. Аталған республикалық акция біздің өңірде де көрініс тауып, иығына ақ шәлі жамылған аналар шеруі Тараз қаласындағы «Ашық аспан астындағы мұражайдан» бастау алып, «Мәңгілік алау» маңына дейін жалғасты. «Даңқ» мемориалды тақтасына гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер рухы бір минут үнсіздікпен еске алынды. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы жанындағы аналар кеңесінің мүшесі, «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева шеру шаһарда бұдан басқа тағы екі бағытта ұйымдастырылғанын, Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов және саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткішіне тағзым етіліп, ел үшін жанын қиған ерлер еске алынғандығын айтады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы жанындағы аналар кеңесінен 5 адам Астана қаласында өтіп жатқан республикалық акцияға қатысуда. Негізінен, «Ақ орамал» ұғымы қазақ тарихында өте зор мәнге ие. Бұл – адалдық пен пәктіктің, тазалықтың символы. Акция аясында аналар шеруін ұйымдастырудағы басты мақсат – еліміздегі барлық ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келісімді сақтау. Осындай идеяның таңдалуына дана халқымыздың татуластыру салтындағы әйел-аналардың басындағы орамалын шешіп, жауласушылардың ортасына тастағанда, жанжалдың тоқтатылатыны жөніндегі ежелгі дәстүр себеп болып отыр. Біз елдің барша азаматтарын «Ақ орамал» акциясын өткізуге қатыстыру арқылы олардың этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыруды көздедік, – дейді ол.
Татулығы мен ынтымағы жарасқан елге әрқашан бақыт қонып, құт дариды, Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Ұлтаралық келісім мәселесіне айрықша мән беріп, жалпы әлем жұртшылығына үлгі боларлық істер атқарып отырған Елбасының саясатын қолдап, алдымызға қойған міндеттердің нақты іс жүзіне асуына өзіндік үлесімізді қоса беретін боламыз дейді шеруге қатысушылар.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support