Бүлдіршіндер қуанышқа кенелген күн

Бүлдіршіндер  қуанышқа  кенелген  күн
ашық дереккөз
Бүлдіршіндер қуанышқа кенелген күн
Тараз қаласында 280 орындық «Балбұлақ» балабақшасы ашылды «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Тараз қаласының 4-шағын ауданынан салынып жатқан 280 орындық «Балбұлақ» балабақшасы ел игілігіне берілді. Өткен жылдың маусымында басталған жаңа нысан құрылысы белгіленген мерзімінде толық аяқталды. Мердігер – Дана Жұмабаева басқаратын «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Балабақша құрылысына 529 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесімен тұспа-тұс ашылған балабақшаның салтанатты шарасы бүлдіршіндердің шағын концерттік бағдарламасымен басталды. Тіпті, орыс ұлтының өкілі, 5 жасар Артем Суворовтың таза қазақ тілінде жатқа айтқан «Астана-Қазақстан» атты патриоттық өлеңіне жиналғандар ризашылық білдірді. Жүздері бал-бұл жанған бақытты балалардың қолынан ұшқан шарлар әуеде қалықтады. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті Ата Заңымыздың мерейлі мерекесімен және балабақшаның ашылуымен облыс әкімінің атынан құттықтады. – Қадірлі көпшілік! Елбасының дана саясатымен жүзеге асып, ел игілігіне арналған жобалар өте көп. Бүгін Шу ауданында ашылған жаңа балабақшаның куәсі болдық. Биылғы жаңа оқу жылында облыс аумағында 6 жаңа балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашады. Жалпы, соңғы 6 жыл ішінде облыста 262 мектепке дейінгі мекеме жаңадан бой көтерді. Мұның барлығы мемлекетіміздің қуаттылығын, Көшбасшының халыққа деген жанашырлығын білдіреді. Сіздерді қуанышқа бөлеген бұл балабақшаның тез әрі сапалы салынғаны белгілі. Жақсы құрылыс сіздердің игіліктеріңізге айнала берсін, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Жаңа балабақшаның ашылу салтанатында лентаны облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен мердігер компанияның өкілі Дәулетхан Әліпбаев қиды. Қазіргі таңда Тараз қаласында 44 балабақша және 21 шағын орталық жұмыс істейді. Жалпы, шаһарда 18 мың бала мектепке дейінгі мекемемен қамтылып отыр. Бұл қаладағы барлық бүлдіршіннің 83 пайызын құрайды. Жаңадан ашылған «Балбұлақ» балабақшасында 12 топ жұмыс істейтін болады. 77 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады. Бұл – Мемлекет басшысының назарындағы мемлекеттік бағдарламаның жемісі. – Бұл балабақшаның ашылуы біздер үшін өте үлкен қуаныш болды. Мен 3 жасар қызымды осы мектепке дейінгі мекеменің тәрбиесіне беріп отырмын. Мұнда барлығы талапқа сай, бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалған. Перзентіміздің жаңа балабақшада тәрбие алатынына біз де ризамыз. Елбасымыздың ел игілігі жолындағы еңбегі жана берсін. Облыс, қала басшыларына да ризашылығымызды білдіреміз, – дейді ата-ана Дихан Әбілов.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар