- Advertisement -

АУЫЛДАҒЫ ӘЙЕЛДЕРГЕ АЙРЫҚША ҚОЛДАУ БАР

76

- Advertisement -

Бүгінде елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дөңгелетіп жүргендердің көпшілігі әйелдер екені белгілі. Мемлекет те нәзік жандылардың кәсіп ашып, ісін ілгерілетулеріне көп көмек көрсетуде. Бұл бағытта бірнеше арнайы бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Әйелдер бизнесін қаржыландырудың түрлі тетіктері қарастырылып, қомақты қаржы бөлінуде. Тек соны тиімді қолданып, елге пайдасын тигізе білсе болғаны. Әдетте, отбасы-ошақ қасы отыруды жөн санап, ірі іс бастауға бел шеше қоймайтын әйелдерді бұл іске ынталандыру бүгінгі күннің басты бағыттарының бірі болып отыр.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова басқаратын Қазақстан Кәсіпкер әйелдері одағы Тараз қаласында әйелдерге кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрету мақсатында екі күндік семинар-тренинг өткізген болатын. ЕҚЫҰ-ның қаржылай қолдауымен және ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдау білдіруімен өткен жиынға қатысушылардың ынтасы зор болды. Семинар жұмысын бастамас бұрын «дөңгелек үстел» басына жиылған ханымдар негізгі мәселелерді ортаға салып, ой бөлісті.
Әйелдердің қоғамның барлық саласына белсенді араласуына ықпал етуді, елдегі азаматтық қоғамның қалыптасуы мен дамуын демократияландыруды басты мақсат еткен одақтың төрайымы әйелдерді кәсіпкерлікке барынша қызықтырып бақты. Сонымен қатар, қоғамдық-саяси белсенділіктерін арттыруға қажетті кеңестер берді. Депутаттың айтуынша, мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына мемлекеттік грантты иеленетін және арнайы бағдарламалармен шетелде білім алуға мемлекеттің қолдауына ие болатын көбіне қыздар болып келеді екен. Алайда, мемлекет берген тегін ақшаға білім алып, тәжірибе жинаған сол қыздар елге пайдасын тигізіп, кәсіби біліктілігін шыңдап, дамудың орнына орта жолда тоқырап қалатынын айтып, қынжылысын білдірді.
Жалпы, семинар-тренинг барысында ауыл әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерін ашып көрсету, әлеуметтік, саяси, экономикалық саладағы әйелдердің ахуалын жақсартатын жолдарды және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен көмектерді жан-жақты қарастыру сынды мәселелер кеңінен сөз болды. ЕҚЫҰ өкілі Рати Джапаридзе Қазақстанда ерлер мен әйелдер құқығы тең сақтала тұра, әйел азаматшалардың миллионерлер қатарында жоқ екені, ірі бизнесті көбіне ер-азаматтар басқаратынын ескеріп, ұйым бұл жобаны қаржыландыруды жөн санағанын жеткізді.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова осы жылдың бірінші маусымына өңірде 59 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 34 мыңы әйелдерге тиесілі екенін айтты. Сонымен қатар, палатада Кәсіпкер әйелдер кеңесі құрылып, олар белсенді түрде жұмыс жасап жатқанын айтты. Кеңестің бастамасымен қолға алынған «UMAI» жобасының негізгі бағыты ауыл әйелдеріне қолдау білдіру екенін жеткізді.

Маржан РАҚАЙ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support