- Advertisement -

«Ел намысын қорғау – зор жауапкершілік»

174

- Advertisement -

Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарының дзюдо күресінен күміс жүлдегері, әлем чемпионы, жерлесіміз Елдос Сметов Тараз қаласындағы Қ.Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесіп, өзінің мерейлі жеңісі, ортақ қуанышымен бөлісті. Төрткіл дүние көз тіккен байрақты бәсекеде ел намысын жоғары деңгейде қорғап, алты алаштың абыройын асқақтатқан спортшыны балалар үйінің ұжымы зор қошеметпен қарсы алды.

Кездесу барысында балалар үйінің директоры Айжан Мейірханова жүлдегер спортшының қадамына құт тіледі.
– Елдос, сен сонау мұхиттың арғы бетіндегі Бразилияда өткен Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған сәтте біз шын жүректен толқып, жанкүйер болдық. Мынау тұрған кішкентай іні-қарындастарың да сенің тілеуіңді тілеп, жеңіске жеткеніңді қалады.

– Елдос, сен сонау мұхиттың арғы бетіндегі Бразилияда өткен Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған сәтте біз шын жүректен толқып, жанкүйер болдық. Мынау тұрған кішкентай іні-қарындастарың да сенің тілеуіңді тілеп, жеңіске жеткеніңді қалады. Тиісінше, сен барша жамбылдықтардың, қазақстандықтардың үмітін ақтап, жеңіс тұғырынан көрініп, күміс алқаны мойныңа тақтың. Бұл – баршамыздың жеңісіміз, қуанышымыз. Бүгінде біздің балалар үйінде саған ұқсап спорт жолын таңдап, еліктеп, биіктерден көрінгісі келетін жас спортшылар жетерлік. Олар сені өздеріне үлгі тұтады. Біздің балалардың көбісі сен білім алған Тараздағы №47 мектепте білім алуда. Сол себепті өзіңмен кездесу кешін ұйымдастыру арқылы біз балаларға тосынсый, тағылымды шара тарту еткіміз келді, – дей келе, Айжан Мейірханова балалар үйінде бокс, дзюдо, еркін күрес, армрестлинг, грек-рим күресі, таэквондо секілді спорт үйірмелерінде жаттығып жүрген балалардың облыс, ел көлемінде толайым жетістіктерге жетіп жүргенін мақтанышпен жеткізді. Өз кезегінде Олимпиада ойындарының жүлдегері де байрақты бәсекеден алған әсерін балаларға әңгімелеп берді.
– Құрметті кішкентай бүлдіршіндер, жас достар! Сендер еліміздің ертеңісіңдер. Сендер білімді, талантты болсаңдар, біздің еліміз де көркейіп, дами түседі. Өздеріңмен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Менің әрбір жетістігім, жеңісім осы Жамбыл өңірінен, туған жерден тамыр алады. Өздерің білім алып жатқан №47 мектепте мен де жетінші сыныпқа дейін оқып, ең бір қызықты балалық шағымды өткізгенмін. Сол жылы алтын ұядан түлеп ұшқан түлек ретінде мен сендердің үлкен биіктерге, асқар асуларға қол жеткізетіндеріңе сенемін. Ол үшін сабақтарыңды жақсылап оқып, алдарыңа биік мақсат қойып, талмай талаптаныңдар. Жетістікке жетуді, армандай біліңдер. Талапшыл, намысшыл, бейнеткеш болсаңдар барлық мұраттарың орындалады. Бұл – менің спорттық жолдағы тәжірибемнен туған ой. Мен спортқа бес жасымда келдім. Алғашқы жаттықтырушым Ахмет Жұмағұл деген кісі болатын. Жиырма жылға жуық уақытта осындай жетістіктерге табан тіредім. Сендердің де осындай жеңіс тұғырынан көрінгендеріңді тілеймін, соған сенемін, – деді Елдос Сметов.
Бұдан кейін балалар үйінің тәрбиеленушілері, жас спортшылар Рио Олимпиадасының жүлдегеріне көкейлеріндегі сауалдарды қойып, толымды жауаптар алды. Чемпионмен бірге естелік суретке түсті. Елдос Сметов балалар үйінің мұражайын, топтарын аралап, танысты. Ол мекемедегі ең кіші топ бүлдіршіндеріне алдағы уақытта қолдан келгенше демеушілік танытып отыратынын жеткізіп, сондай-ақ мұндағы барлық топтың «Балалық шақ» балалар газетіне бір жылдық жазылуын өз мойнына алатынын айтты. Бұл қуанышқа балалар риза болысып, алғыстарын білдірді.

IMG_7986

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support