- Advertisement -

ӨРКЕНДЕУГЕ БЕТ БҰРҒАН ӨҢІР

93

- Advertisement -

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов облыста атқарылған жұмыстарға оң баға берді

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің облысқа жасаған жұмыс сапары Жуалы ауданындағы «Burnoye SoLar –1» күн электр стансасының жұмысымен танысудан басталды. Үкімет басшысын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған арнайы топ қарсы алды.

Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке облыстағы энергетика саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы қысқаша ақпарат берген соң «Burnoye SoIar -1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нұрлан Капенов станса жұмысымен таныстырды. Орта Азияда баламасы жоқ бұл станса 2015 жылы Елбасының қатысуымен Индустрияландыру күніне орай өткен телекөпір жобасында пайдалануға берілген болатын. Аумағы 150 гектар жерді құрайды. Электр қуатын өндіру көлемі жылына 73,18 миллион квт/сағатқа тең. Биылғы жылдың соңына дейін күн электр стансасының қуаттылығын 100 МВт-қа дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл өз кезегінде 30 мың үйді жарықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесі ашылғанда аталған электр стансасы Қазақстандағы жаңғыртылатын қуат көздерінің үздік үлгісі болады деп күтілуде.
Айта кетейік, жоба құрылысын «Самұрық-Қазына Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «United Green» стратегиялық британиялық инвесторы және «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ бірлесіп жүзеге асырды. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 122 миллион долларды құрайды.
Станса жұмысымен танысып, оған оң бағасын берген Премьер-Министр Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне атбасын бұрды. Аталған серіктестікте 1600 асыл тұқымды мүйізді ірі қара мен мыңға жуық шошқа өсіріледі. Үкімет басшысын серіктестік тыныс-тіршілігімен таныстырған «Гамбург» ЖШС-ның директоры Георг Кох қолға алынған 3 инвестициялық жоба жайында да айтып өтті. 2013 жылдан бері қолға алынған жалпы сомасы 2 миллиард теңгені құрайтын үш инвестициялық жобаның бірі – 1255 гектар жерді заманауи тамшылатып суару технологиясы. Сондай-ақ, 800 бас сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасы мен шошқа фермасын жаңғырту мен қайта жабдықтау жобалары бар.
«Гамбургтен» өзге Т.Рысқұлов ауданына қарасты «Шәушен» ШҚ, Меркі ауданына қарасты «Меркі асыл тұқымды зауыты» АҚ, «Ар-Ас» ШҚ, «Бахор» ШҚ, Қордай ауданына қарасты «Бай-Нұр» ШҚ, «Али» шаруа қожалықтары өсіріп отырған асыл тұқымды малы мен «Бурное ірімшік зауытының» сүт өнімдері де Үкімет басшысының назарына ұсынылды. Аталған қожалық, кәсіпорын иелері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жайлы қысқаша баяндады.
Сондай-ақ арнайы ұйымдастырылған көрме алаңына ауыл шаруашылығы техникалары мен облыс аумағында өсірілген көкөніс, жеміс-жидектер мен дәнді, майлы дақылдар да қойылды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Үкімет басшысына облыста биылдан бастап қызылша өсіру ісін өркендетуге ерекше назар аударылып отырғанын айтты.
Мұндағы техника қатарында Шу ауданында құрастырылған алғашқы «Лида – 1300» маркалы комбайндары да бар. Өткен жылы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың басшылығымен арнайы топ Белоруссияға барып, ондағы комбайн шығаратын зауытпен келісімшарт жасасқан болатын. Сол келісімшарт негізінде Шу ауданына аталған мемлекеттен жеткен комбайн бөлшектері құрастырылып, бүгінде арнайы техника шаруаларға лизингке беріліп отыр. Оған қол жеткізген: Жуалы ауданының «Алтынай» шаруа қожалығы мен «Агро Ордахан» кооперативі.
Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының тыныс-тіршілігімен танысқан Премьер-Министр келесі кезекте «Қазфосфат» ЖШС-ның «Минералды тыңайтқыштар зауытына» барды. Үкімет басшысы мұнда химия саласын өркендету мәселесі бойынша көшпелі жиын өткізді.
Қазіргі кезде ел аумағындағы агроқұрылымдар қарамағындағы егістік алқаптарының құнарын арттыру мақсатында 1 миллион 200 мың тонна минералды тыңайтқыш қажеттігі аян. Алайда, бүгінгі таңда орын алып отырған экономикалық қиындықтарға байланысты егістік алқапқа минералдық тыңайтқыш тиісті деңгейде енгізілмей келеді.
– Химия саласын өркендету – өте жауапты әрі маңызды іс. Саланың қадамын қарышты ету арқылы біз көптеген жетістіктерге жете аламыз. Бұл ретте Жамбыл облысының да ойып алар орны бар. Сондықтан, химия саласының мәселелерін Тараз төрінде талқылап алғанды жөн көрдік, – деді Премьер-Министр.
Көшпелі жиын барысында сөз алған ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев химия өндірісінің алғашқы жартыжылдықта берген жемісі және екінші жартыжылдықта күтілетін нәтижелер туралы әңгімеледі. «Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2015 жылдың өзінде салада қалыпты өсу серпіні аңғарылды. Бұл ретте агрохимия секторының басымдығын да айтып өту керек. Сол секілді 2015 жылдың бедерінде 2008 жылмен салыстырғанда отандық өнімнің көлемі өсті. Айталық, фосфорлық тыңайтқыштың жалпы көлемі 81 пайыздан 99,9 пайызға дейінгі аралықта артты. Сондай-ақ, күкірт қышқылын өндіру көлемі де 91 пайыздан 97,7 пайызға дейін ұлғайды. Азоттық минералды тыңайтқышты өндіру ісінде де алға жылжу байқалады. Ағымдағы жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша да барлық сала бойынша өнім көлемін арттыру жұмысы жолға қойылған», – деген вице-министр «Қазфосфат» ЖШС және өзге де ел аумағындағы химия саласының жетекші кәсіпорындарының көрсеткіштеріне тоқталып өтті. Бірқатар өнімдерді өндіру жұмысын жетілдіре түсу қажеттігін де еске салды. Сонымен қатар, вице-министр «ЕуроХим» минералды тыңайтқыштар зауыты» ЖШС, «Тараз химия паркінің» болашақта сала жұмысын ілгерілететініне де тоқталды.
Кейіннен Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов сөз алып, жиында көтерілген мәселелерге қатысты ойын білдірді. «Бүгінгі күнгі талапқа көз жүгіртсек, отандық тыңайтқыштарды субсидиялауға 50 пайыз, сырттан келетін өнімге отыз пайыз жәрдем көрсетілуде. Біздіңше, бірдей жағдай жасаған дұрыс. Оған ережемен қарасақ, негіз де бар. Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштар елімізде жеткілікті болуы шарт. Алайда, біз қазіргі кезде Оңтүстік өңірлердегі жылыжай кешендеріне қажетті тыңайтқыштарды сырттан сатып алуға мәжбүр болып отырмыз. Бұл минералды тыңайтқыштар елімізде өндірілмейді десек те болады. Отандық және шетелдік минералды тыңайтқыштарды субсидиялауды теңестіру арқылы біз бәсекелестікті арттыра түсеміз. Минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемін де ұлғайта аламыз. Мұның пайдасы бар», – деді Қайрат Айтуғанов күрмеулі мәселенің түйінін тарқату жолдарын ұсынып. Бұдан кейін сөз алған «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры Мұқаш Ескендіров өзі басқаратын серіктестік жұмысына тоқталды. «Қазфосфат» ЖШС еліміздің үш облысында жұмысын жандандырып отыр. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақмола облыстарында тірлігімізді тиянақты атқарып жатқан серіктестікте алты қаланың азаматтары қызмет етіп жүр. Нақтырақ айтсақ, бүгінгі таңда бізде 6100 азамат тер төгуде. Жұмысшыларды қысқарту қазіргі кезге дейін орын алған жоқ және болмайды да. Қызметкерлердің орташа жалақысы 104 мың теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың жеті айындағы өндірілген өнім құны 45,5 миллиард теңгеге тең. Әлбетте, әлемдік қаржы дағдарысы кәсіпорынның өндірісті қарыштап дамытуына аздап қолбайлау болып отырғаны бар. Соған қарамастан, еңбек ырғағын арттыруға күш салудамыз», – деді Мұқаш Ескендіров.
Жиын барысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «ЕуроХим Қаратау» ЖШС бас директоры Дмитрий Валышев және өзге лауазымды тұлғалар көтеріліп отырған мәселеге қатысты өз ойларын білдіріп, кейбір түйткілдердің түйінін тарқату жолдарын ұсынды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбев та химия саласын өркендетудің жолдарын тіліне тиек етіп, өңірдегі мәселелерге назар аударды.
Басқосуды қорытындылаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов: «Қазіргі Тараз қаласына көз сүйсінеді. Жаңа зауыттар, жаңа кәсіпорындар менмұндалап тұр. Көтерілетін мәселелер бұрынғыдай «қайтсек күн көреміз?» дегеннен «қалай дамимыз?» деген деңгейге көтерілгені бізді қуантып отыр. Бүгінгі күні көтерілген мәселелердің бәрі де маған таныс. Олар күн тәртібінде қалып кетпей, шешімін табуы тиіс. Мемлекеттік органдардың ұстанымын түсіндім. Туындаған мәселелерге қатысты жұмыс тобын құрып, талқылайық. Бүгінгі сараланған ақпараттарға қарап отырып, химия өнеркәсібі алдағы жылдары дамудың даңғыл жолына түсетініне көзіміз жетті. Ауыл шаруашылығы саласында сұраныс арта түсетіні анық. Сондықтан, қазан айында Үкіметтің арнайы отырысын өткізіп, мәселелердің шешім табуы хақында ойларымызды ортаға салатын болайық. Барлық мәселе шешілуі керек. Ортақ келісімдерге келуге тиістіміз. Бұл мәселелердің оң шешілуі үшін жауапты министрлер, өзге де қызметкерлер жұмыла жұмыс жасайтын болады», – деді.
Жұмыс сапарын одан әрі жалғаған Кәрім Мәсімов бастаған Үкімет делегациясын облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінде Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев пен облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Тілеген Маткенов қарсы алды. Үкімет басшысына жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев қызметтің ішкі құрылымымен, алаңға қойылған техникаларды және қару-жарақ түрлерін таныстырды. Жол талғамайтын «ГАЗ-2330» маркалы «Тигр» әскери арнайы техникасы әртүрлі жүктер мен жеке құрамды діттеген жеріне жеткізсе, «КамАЗ-43253» маркалы «Водомет» арнайы автокөлігі халықтың тұрғылықты жерлерінде жаппай тәртіпсіздік белең алған жағдайда су, көзден жас ағызатын газ, краска және көбік шашуға арналған. Оның құрамында аға және кіші жүйелік оператор мен жүргізуші ғана болады. 17 орындық «FIAT IYECO» маркалы техника жауынгерлік тапсырманы орындауға арналған. Сондай-ақ, қарулы қылмыскерлерді, бандалық топтарды және ауыр қылмыс жасағандарды құрықтарда пайдаланылады. Тағы бір арнайы техника 5 орындық екен. Жоғары жылдамдықпен жүретін темір тұлпарды террорлық топтың және ауыр қылмыс жасағандардың жолын кесуге қолданылады. «Нива-Урбан» арнайы техникасымен жол-патрульдік полициясы тұрғындардың шақыруымен барады.
Мұздай қаруланған күштік құрылымның қызметкерлері талай сын сағатта небір қандықол қарақшылар мен аса ауыр қылмыс жасағандардың мойындарына құрық салғандары қимыл-әрекеттерінен-ақ сезіліп тұрғандай. Техникалардың қатарында жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмысын жеделдету және жандандыру мақсатында облыс әкімдігі бөлген су жаңа 30 қызметтік автокөлік те сап түзеген.
Үкімет басшысының назарына полиция қызметкерлерінің қару-жарақ үлгілері де ұсынылды. Автомат, пистолет тағы басқа қару түрлерін қалай қолданып, пайдаланатындығы көрсетілді.
Кәрім Мәсімов «Қауіпсіз қала» инвестициялық жобасының жүзеге асырылу барысымен де танысты. Қазіргі таңда жоба аясында бейнебақылау және тіркеу камералары арқылы кез-келген құқық бұзушылықты дер кезінде анықтауға, жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауға, жол-көлік ережелерін бұзушылық деректерін уақытында тіркеуге, қала ішіндегі қоғамдық тәртіпті қадағалауға, жалпы қылмысты әшкерелеуде тиісті жедел шараларды қолдануға мол мүмкіндік беруде.
Премьер-Министр жергілікті полиция қызметінің кеңсесіндегі кең залға қойылған лаңкесті құрықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың бюстіне гүл шоғын қойып, батыр полицейдің рухына тағзым етті.
Бір мемлекеттің қалыптасуы үшін 25 жыл аз уақыт шығар. Дегенмен, бұл – бір буын жаңаратын кезең. Және солай болды да. Тәуелсіздіктің тынысын сезініп өскен ұландар бүгінде азат ойлы, арманы асқақ азаматқа айналды. Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің Тараз жерінде өткен ел жастарымен кездесуінде осыған көз жеткіздік.
– Еліміздің жастарымен тарихи Тараз төрінде кездескеніме қуаныштымын. Биыл Тәуелсіздігімізге 25 жыл толады. Бүгінгі кездесуге жиналғандардың көпшілігі – Тәуелсіздік ұландары. Елбасы тапсырмасымен барлық облысты аралап шықтым. Әр өңірдің жастарымен кездесіп, нақты жобаларды, ұсыныстарды талқыладық. Бүгін де ашық-жарқын әңгімелесеміз деп ойлаймын, – деді Кәрім Мәсімов. Премьер-Министр кездесуге Рио Олимпиадасының жүлдегері Елдос Сметовтің де қатысып отырғанын айтып, дүбірлі додада Қазақстанның көк Туын биікте желбіреткен саңлаққа қошемет көрсетті.
Расында, Премьер-Министр атап өткендей, бұл кездесу жастар үшін ашық пікірлесу алаңы болды. Айтарын еркін жеткізіп, өз ойларымен бөлісті. Ақпараттандыру жұмыстарының аздығынан мемлекеттік бағдарламалар арқылы қол жеткізуге болатын жеңілдіктерден шет қалып жатқанын, түрлі жобаларды жүзеге асыруда кедергілерге кездесіп отырғандарын жасырмады. Артықшылығы – мәселе көтерген жастардың оның шешімін бірлесе іздеуге дайын екендігінде. Ұсыныс та өздерінен болды.
Бүгінде жұмыс іздеген жастардың ауыл мен қала арасын жол қылып жүргені жасырын емес. «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Данат Жумин маусымдық жұмыс кезінде олар қалада тіркеуге тұрмайтыны, сондықтан көпшілігі «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы көрсетілетін қолдауларды пайдалана алмай отырғанын айтады. Мемлекеттік жастар саясаты бағдарламасын жүзеге асыруда шешімін таппай тұрған бірқатар мәселе және сәйкессіздік бар екенін атап өткен ол жастар ісі жөнінде ведомствоаралық комиссия құруды ұсынды. Жастар көшбасшысының ұсынысына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қолдау білдірді. «Комиссия құру қажет. Оған өзім жетекшілік етемін», – деді Кәрім Қажымқанұлы.
Нәтижелі ғылыми жобаларға арналған стартаптар жүйесін әзірлеу туралы ұсыныс та жастардың қызығушылығын туғызғанын айта кету керек. «Синергия» ғылыми-зерттеу және білім беру қорының басшысы А. Нысанов шетелдерде жастардың бастамасымен жүзеге асқан жобалар мемлекеттік компанияларға қарағанда көбірек қаржыландырылатынын сөз етіп, стартаптар жүйесін әзірлеу үшін еліміздегі белсенді стартаперлерден құралған аналитикалық жұмыс тобы құрылса деген ұсынысын жеткізді. Осы мәселені ол ұзақ зерделепті. Шет мемлекеттерде мұндай жүйе бар екенін, жан-жақты саралап осы бастама қолға алынса, ғылымға ден қойған жастарға қолдау болатынын жеткізді. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұл мәселеге кеңірек тоқталып, оның қиындықтары мен кездесуі кәдік кедергілердің болатынын түсіндірді.
Жиында жастар тарапынан көптеген ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, Қазақстан жастар қозғалысын қайта құрылымдау, «Жасыл ел» жасақшыларының жұмысын дамыту, шетелде білім алып жатқан студенттерді туған жерге оралып, ел экономикасын еселеуге үлес қосуға міндеттеу, елді мекендердегі мектептерде ағылшын тілін үйрену үшін «Teach and travel» жобасын енгізу, жастарды жұмыспен қамтуды ұйымдастырудың қазіргі заманғы тәсілдерін жетілдіру тағысын тағылар. Жастардың патриоттық рухын ояту туралы Тимур Ілиясовтың сөзі замандастарына жақсы әсер етті. Ол солтүстік өңірлерде жас жеткіншектердің мектеп бітірген соң Ресейге оқуға кетуі үрдіске айналып бара жатқанын, олардың елге оралғысы келмейтінін тілге тиек етіп, өзі куә болған жайтты әңгімелеп берді.
Әлен Жанғозиннің кітапханаларды заманауи ақпараттық орталықтарда қайта ұйымдастыру туралы ұсынысы да жастардың көкейіндегісін тап басқандай болды. «Жасыл ел» жастар еңбек отряды облыстық штабының жетекшісі Ихтияр Мырзахметов жасақшылардың еңбекақысы кешіктіріліп берілетіні туралы мәселе көтерді. Премьер-Министр Білім және ғылым министрлігіне осы мәселенің себебін анықтап, жағдайды бір ретке келтіруді тапсырды.
«Серпін» бағдарламасының солтүстік өңірлерге серпін беріп, жастардың бағдарлама аясында тегін білім алып, жұмысқа орналасуына жол ашылғаны анық. Дегенмен, бұл өз кезегінде өзге өңірлерден келген талапкерлерді жатақханамен қамту мәселесін туындатуда. Осы мәселені көтерген Қостанай облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қ. Әлімжанов студенттерге кең жатақхана салынса деген ұсыныс айтып, құрылысқа қаржы сұрады.
Жастар көтерген мәселелер бойынша Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Ақпарат және коммуникация министрі Д.Абаев, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы жауап берді. Кездесуде бейнеконференция жүйесі арқылы өзге де өңірлердің жастары байланысқа шығып, өз сұрақтарын қойды. Барлық ұсыныстар мен сұрақтарға Премьер-Министр және мемлекеттік органдардың өкілдері пікірлерін білдірді.
Жастар саясаты мәселесі – Мемлекет басшысының назарында. Сондықтан, жастарға қатысты мәселелер Үкіметтің ерекше бақылауында тұр. «Жастар тәжірибесі», «Жұмыспен қамту – 2020», «Дипломмен – ауылға», «Серпін – 2050» және «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметі жас мамандарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі.
Үкімет басшысы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында аспан асты мұражайды тамашалап, сан ғасыр бұрынғы жәдігерлермен танысты. «Белдік жапсырмалар», XI-XII ғасырдағы қоладан құйылған «тиындар көрмесі» және сол замандағы алтын мен күмістен соғылған зергерлік әшекейлер мен тиындар көрмесі және «қол шам» сонау ықылам заманнан сыр шертеді.
Былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Елбасы осынау киелі де шежірелі орынды салтанатты жағдайда ашқан болатын. Сол салтанатты шарадан түсірілген көркем суреттерден құралған «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында» деген стенд те Премьер-Министрдің назарын өзіне бірден аударды. Ол әрбір туындымен жеке-жеке танысты. «Ежелгі Тараз» қаласының қайта жаңғырту жобасындағы «Археологиялық ескерткіштерді фотограметрия көмегімен құжаттау нәтижесі», «Қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижелері», «Қазба-зерттеу жұмыс барысы» және «Лабораториялық қайта жаңғырту жұмыс барысы» туралы суреттер де ежелгі шаһардың тыныс-тіршілігін паш етіп тұр.
Шыны ыдыс, сүйектен жасалған бұйымдар, құмыра, Қарахан заманындағы теңгелер, сондай-ақ Ежелгі Тараз дәуіріндегі алтын және күміс бұйымдардың суреттері киелі орданың тарихынан сыр шертеді. X-XII ғасырлардағы медресенің, XI-XII ғасырлардағы моншаның суреттері бұл өңірде ерте заманның өзінде өркениеттің қанат жайғанын көрсетсе керек. Премьер-Министрге осы жәдігерлерді «ҚазАрхеология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, тарихшы-ғалым Жұман Смайлов жеке-жеке таныстырды.
Кәрім Мәсімов облыстың зиялы қауым өкілдерімен әңгімелесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жамбыл облысының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосын Үкімет басшысына: «Қасиетті Жамбыл өңіріне қош келдіңіз!» – деп, 2000 жылдық тарихы бар көне де жасарған Таразда ұлттық рухтың оянып жатқанын айтты. Кезінде облыстың бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев бастаған ұлық істі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жарасымды жалғастырып жатқанын жеткізді. Жасарып, тотыдай таранған Тараз адам танымастай өзгергенінен де хабардар етті. Небір зәулім ғимараттар бой көтеріп, гүлзарлармен көмкерілгенін, Шығыстың өркениеті қалыптасқанын еске салды. «Енді Бұхара мен Самарқан қалаларындай, Таразда да туристік кластерді дамытуда әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға ұйытқы болсаңыз» деген ұсынысын жеткізді. Бұл мәселе ЮНЕСКО көлемінде қолға алынса деген ниетін білдіріп, Қазақ хандығының іргетасы қалануына ұлы тұлғалар Керей мен Жәнібек хандардың сіңірген еңбегін еске салды. «Таразды әлемдік деңгейде насихаттауға Үкімет тарапынан нақты шаралар қолға алынса», – дейді қаламгер.
Білім саласының ардагері Бәтес Егембердиева жастарға патриоттық тәрбие беру туралы ойларымен бөлісіп, кешегі өткен Олимпиада ойындарында Қазақстанның көк туы 17 рет желбірегенін мақтаныш сезіммен жеткізді.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Ресейдің Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйде болғандарын еске алып, құндылықтарымызды қайтаруда қолға алынып жатқан жағымды жаңалықтармен бөлісті.
Облыстық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев Үкімет басшысына өңірге арнайы келіп, Жамбылдағы жетістіктермен танысқаны үшін облыс ардагерлері атынан алғыс айтты.
Республикалық бюджеттен 4,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, «Әулиеата» халықаралық әуежайы толықтай қайта жаңғыртылған болатын. Жолаушылар терминалына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Соның арқасында әуежайда жоғары деңгейде техникалық қызмет көрсетіле бастаған. Облысымызға жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке әуежайдағы терроризмге қарсы қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін арнайы техникалардың жұмысы таныстырылды.
Әуежайда жолаушыларға жоғары деңгейде қызмет көрсететін заманауи құрылғылар орнатылған. «Әулиеата» халықаралық әуежайы» АҚ-ның акционері Владимир Денисовтың айтуынша, терминал бойынша 80 камера қойылған екен. Бірнеше тексеру секторлары жұмыс істеп тұр. Әуежайдың барлық аумағы бақылауға алынған.
Премьер-Министр облысымыздағы жұмыс сапарын осы әуежайда түйіндеп, аймақта атқарылған жұмыстарға оң баға берді.

IMG_8273

IMG_8352IMG_9124

«Ақ жолдың» тілшілер тобы:

Есет Досалы,
Маржан Рақай,
Табиғат Абаилдаев,
Амангелді Әбіл,
Ардақ Үсейінова.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support