- Advertisement -

Досболда жаңа мектеп салынуда

131

- Advertisement -

Досбол – облыс орталығынан 200 шақырым шалғайда орналасқан ауыл. Шағын ауыл дағдарыс жылдары тарап кете жаздады. Аудан орталығы қала берді қалаға қоныс аударған ауылдықтардың қарамы мол еді. Алайда иен даланы жайлаған досболдықтар төрт түлік малды өсіріп, тірлігін оңдады. Бұл күнде ауылдың ажары артып, берекесі кіріп келеді. Ауылдық округте 700-ге жуық тұрғын бар. Ауылдағы орта мектеп сонау 1960 жылы салынған екен. Содан апатты жағдайдағы білім мекемелерінің қатарына жатады. 90 бала білім алып келген ескі мектептің шағын сыныптары оқушылардың толыққанды білім алуына кедергі келтіретіні анық. Осы жайды досболдықтар мәселе етіп көтеріп-ақ келеді.

Биыл көктемде досболдықтар қуанышқа кенелді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қолдауымен облыстық қазынадан бөлінген 304 миллион қаржыға осында 50 орындық негізгі мектептің құрылысы басталды. Сәуір айында іргетасы қаланған бұл құрылыстың мердігері – Мейрамбек Жүнісов басқаратын «Таразстрой – 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мұнда жұмыстың маңызы жоғары. Спорт залы, мәжіліс залы, асханасы талапқа сай. Биылғы жылға бөлінген 100 миллион теңгені кестеге сай игеруде. Құрылыс басында 40-тан астам жұмысшы еңбек етсе, 6 жұмысшы Досбол ауылынан қамтылған. Жалақылары көңілден шығады. Компания құрылысшылары әлден-ақ биылғы жылға межеленген жұмыстың 80 пайызын жүзеге асырып үлгеріпті. Келесі жылғы 204 миллион теңге игеріледі. Қаражат уақтылы бөлінсе, мердігер компания жұмысты мерзімінен бұрын аяқтайтындарына сенімді. Мұның өзі мемлекетіміздің білім саласына көрсетіп отырған үлкен қамқорлығы деп сезінгеніміз жөн. Жаңа білім ошағының салынып жатқанына ауыл тұрғындары қуанышты.

– Салынғанына алпыс жылға жуықтаған ескі ғимараттағы қиындықтардан құтылатынына мұғалімдер мен оқушылар дән риза. Бұл мектеп 50 орындық болғанымен, екі ауысымда оқытып, 100 баланы қамтимыз деген ойымыз бар. Яғни, бұрынғы Досбол орта мектебі осы ғимаратқа көшеді. Шалғайдағы ауылымыздан жаңа білім ошағының салынуына қолдау білдірген облыс әкіміне ауыл тұрғындары атынан алғысымыз шексіз. Мұндағы құрылыс жұмысы сапалы әрі кестеге сай жүргізілуде. Мерзімінен бұрын аяқтауға толық мүмкіндік бар, – дейді Досбол ауылдық округінің әкімі Ерболат Ұзақбеков.
Иә, сәтін салса, келесі жылы шалғай ауылдың оқушылары заманауи білім ордасында білім алатын болады.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support