- Advertisement -

НАН БАҒАСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ?

163

- Advertisement -

Өткен жексенбіден бастап әлеуметтік нан бағасының бірден 10 теңгеге қымбаттауы тұрғындар арасында түрлі пікір туындатып жатыр. Бірі ендігі кезекте басқа да азық-түлік тауарлары кезегімен қымбаттай бастайды десе, енді бірі бұл іске жол берген тиісті тұлғаларды жазғыруда. Ал нан бағасының нақты не себепті көтерілгені күні бүгінге басы ашық тақырып болып қалып отыр.

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов осы тақырыпқа арнайы брифинг өткізіп, мәселенің мән-жайын түсіндіріп бақты. Оның айтуынша, Тараз қаласында жұмыс істейтін 10 наубайхананың төртеуі, атап айтқанда, «Козин», «Мұстафаева», «Ниязов» және «Ким» жеке кәсіпкерліктері әр бөлке нан бағасының үстіне 10 теңгені бір-ақ қосқан. Соның салдарынан бірқатар дүкендерде 55 теңгеден сатылып келген ас атасы 65 теңге болып белгіленген. Мұндай жағдай тек Тараз қаласында ғана емес, Талас, Т.Рысқұлов және Байзақ аудандарында да тіркелген.
Жоғарыда аталған төрт наубайхана нан бағасын қымбаттату себебін тұрақтандыру қорынан ендігі кезекте ұн берілмейтіндігімен түсіндіруде. Олардың бағаны қымбаттату себебі қаншалықты заңды екені нақтылы кезеңде тексеріліп жатыр екен. Бұл жайында Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті облыс бойынша департаментінің бөлім басшысы Руслан Берік мәлімдеді. Ол нан бағасын негізсіз көтеру фактісі осы жылдың наурыз айында Талас ауданында тіркеліп, тексеру нәтижесінде заңсыздыққа жол берген кәсіпкерге айыппұл салынып, баға қайта ретке келтірілгенін айтты. Тараздық наубайханашылар да сондай тексерістен өткізілмек.
Айта кетейік, жоғарыда аталғандардан өзге наубайханаларда баға бұрынғы қалыпта сақталып отыр. Соның арқасында Тараз қаласындағы «Тәтті себет», «Small», «Арзан», «Смарт» сынды ірі сауда орындарында нан әлі де 50-55 теңгеден сатылуда.

Маржан РАҚАЙ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support