- Advertisement -

Рио-2016: Олимпиаданың он төртінші күні Қазақстан қоржыны 2 қола медальмен толықты

85

- Advertisement -

Бүгін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарының он төртінші күні Қазақстан қоржыны  2 қола медальмен толықты, деп хабарлайды Риодағы ҚазАқпарат тілшісі бүгінгі күнге жасаған қорытындысында.

Бүгінгі күн де талай тартысты жарыстармен есте қалды. Ең бастысы Риода боксшыларымыз жарысты толығымен аяқтады. Нәтиже жаман емес. Алайда, Мырзағали Айтжанов көздеген мақсатына  жете алмады. Ол осыған дейін екі алтын аламыз деп уәде берген болатын. Нәтижесінде 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен жарысты аяқтады.

Бүгін боксшыларымыздан бірінші болып, Иван Дычко шаршы алаңға шықты. Ол жартылай финалда Ұлыбритания боксшысы Джозеф Джойстан ұтылып, қола жүлдені місе тұтты. Осылайша екі мәрте Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Бұған дейін отандасымыз Лондонда тағы да жартылай финалда қарсыласына жол беріп, қоланы қанағат тұтқан болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Иван Дычко ширек финалда нигериялық Эфе Аджагбадан басым түсіп, жартылай финалға жолдама алған еді. Оның алдындағы алғашқы жекпе-жегінде басты қарсыласы әзербайжандық Могамедрасул Меджидовті екінші раундта техникалық нокаундпен ұтып, ширек финалға шыққан болатын.

Ал бүгінгі екінші қола жүлде бокстан 75 келі салмақтағы қыздар арасындағы Дариға Шәкімоваға бұйырды. Ол жартылай финалда америкалық Кларесса Шилдстан ұтылып қалды. Бірақ, еліне 9-шы қола жүлдені сыйлады. Шәкімова әйгілі қарсыласымен тең дәрежеде өнер көрсетті. Аса тартысты өткен жекпе-жектің қорытындысында төрешілер шешімімен америкалық боксшы қыз жеңімпаз деп танылды. Нәтижесінде Дариға қазақ қыздары арасынан тұңғыш бокстан Олимпиада ойындарының жүлдегері атанды. Шәкімова ең алғашқы жекпе-жегінде канадалық қарсыласы А. Фортинмені 2:1 есебімен ұтып, ширек финалға жолдама алған еді. Одан кейін ¼ финалда ол қарсыласы ресейлік Ярослава Якушинаны 3.0 есебімен жеңді.

Енді өзге спорт түрлеріне қысқаша тоқталып өтейік. Бүгін 200 метрге байдаркада жекелей есу сайысында қазақстандық ескек есуші Алексей Дергунов іріктеу кезеңінде аталған қашықтықты 36,647 секундта жүзіп өтіп, 23-орынмен жүлдеге қол жеткізе алмады.

Ерлер арасында 1000 метрге байдарка және каноэ есу (спринт) жарысында Александр Емельянов, Сергей Токарницкий, Илья Голендов және Андрей Ергучев іріктеу кеңезінен жақсы нәтиже көрсеткенімен финалға өте алмай қалды. Олар 1000 метрді 3:00,592 уақытта бағындырды.

Енді олар қола медаль алу үшін В финалында бақтарын сынайды. Ал әйелдер арасында 500 метрге байдарка және каноэ есу (спринт) жарысында Ирина Подойникова, Зоя Ананченко, Наталья Сергеева және Инна Клинова алғашқы сындарын сәтті бағындырды. Алайда, жартылай финалда жолдары болмады.

Сонымен бірге бүгін таеквандодан екінші спортшымыз жарыс жолына шығып, екеуі де бәсекені жүлдесіз аяқтады. 67 келі салмақта сынға түскен Дениз Жансель алғашқы айналымда қытайлық тайбэй таеквандошысы Чжуан Цзяцзядан 2:16 есебімен ұтылып қалды. Ал екінші таэквандошымыз 48 келі салмақта сынға түскен Айнұр Есбергенова да жарысты сәтсіз бастады.

Сондай-ақ, заманауи бессайыстан Елена Потапенко (семсерлесу, суға жүзу, ат жарысы, жүгіру, тапанша ату) қорытындысы бойынша 1314 ұпай жинап, үздік ондықтың қатарынан көрінді. Яғни, қазақстандық спортшы суға жүзуден 5-ші орын, семсерлесуден 20-шы орын, ат жарысы бойынша 7-ші орын, жүгіру мен тапаншадан оқ ату бойынша 22-ші орынға ие болды.

Ал көркем гимнастикадан сынға түскен 17 жастағы Сабина Әшірбаева 69,232 ұпаймен жарысты 12-орынмен аяқтады.

Енді медальдан басты үміт күткен еркін күрестен екі балуанымыз жарыс жолына шықты. Алайда, екеуі де қолда бар мүмкіндіктерінен айырылып, жүлдесіз қалды.

Айталық бүгін еркін күрестен 74 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен балуанымыз Ғалымжан Өсербаев қола медаль үшін өткен белдесуде түрік балуаны Сонер Демирташқа 6:0 есебімен жол берді. Осылайша қола тұрған қола медальдан айырылып, елге жүлдесіз оралатын болды.

Өсербаев осыған дейінгі белдесулерінде алдымен молдавиялық Евгения Недялконы қапы қалдырды. Одан кейін, 2014 жылы Ташкентте өткен ӘЧ-да күміс жүлде еншілеген Сосукэ Такатаниді жеңді — 4:3 есебімен ұтып, жартылай финалға дейін жеткен болатын. Алайда, ол жартылай финалда ирандық Хасан Язданиге есе жіберген. Міне, енді ең маңызды белдесуінде ол тағы да ұтылып қалды.

Ал Нұрислам Санаев та қола медаль үшін өткен белдесуінде  қарсыласына жол беріп, жарысты жүлдесіз аяқтаған еді.

Снымен бүгін Қазақстан қоржынына тек боксшыларымыз қос қола медаль сыйлады.

Еске сала кетейік, ауыр атлет Нижат Рахимов пен жүзуші Дмитрий Баландин және 69 келі салмақтағы боксшымыз Данияр Елеусінов  Рио Олимпиадасының чемпионы атанған еді. Ал Рио Олимпиадасының күміс жүлдесін осыған дейін, балуан Елдос Сметов, ауыр атлет Жазира Жаппарқұл, боксшы Василий Левит жеңіп алса, бүгін бокстан 81 келі салмақта Әділбек Ниязымбетов және әйелдер күресінен  Гюзель Манюрова күміс жүлдегер атанды.

Ал осыған дейін қола медальдарды дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах, үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова, ауыр атлеттер Карина Горичева, Фархад Харки, Александр Зайчиков және әйелдер күресінен кеше Эльмира Сыздықова иеленсе, бүгін әйелдер күресінен 63 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Екатерина Ларионова Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Бүгін бокстан Дычко мен Шәкімова Қазақстан қоржынына екі қола салды.

 Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support