- Advertisement -

«ТАМАКӨШКЕН» – ТАРИХИ ТРАГЕДИЯ

137

- Advertisement -

Ашаршылық құрбандарының рухына арналды

Дүниеде алай-түлей, астан-кестең,
Бұл қазақ сан тағдырды бастан кешкен.
Баяны жоқ ғұмырда байыз таппай,
Астан-кестең тірліктен қашқан, көшкен…

(«Тамакөшкен» поэмасынан)

Саудакент ауылында үлкен шара өтті. Аудан орталығындағы Ә.Әбдіхалықұлы атындағы Мәдениет үйіне ел-жұрт ертемен ағылды. Астанадан, Алматы мен Тараздан және Қарағанды облысының Жаңаарқа өңірінен келген қонақтарды атақты өнер ұжымдары мен сахна саңлақтарының табаны тиген қасиетті мәдениет ошағына жинаған – Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, қазақтың атақты ақыны Ғалым Жайлыбайдың «Тамакөшкен» поэмасы.

Ашаршылық жылдары Сарыарқадан Қаратауға қарай ұлы шұбырындыға ұшыраған халықтың тағдыр талайын суреттейтін дүниенің кітап болып шығуына Жамбыл облысының Құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі кәсіпкер, Сарысу ауданының төл перзенті, осы шараны ұйымдастырушы Асаубай Майлыбаев демеушілік жасап, Алматы қаласындағы «ҚазАқпарат» баспасынан «Тамакөшкен» атауымен ресми тілге де аударылып, жарыққа шығады. Бетпақдалада ашаршылық құрбандарына қойылған құлпытасқа айналып үлгерген кітаптың тұсаукесер рәсімі аудан өнерпаздарының театрландырылған көрінісімен ашылды.
…Әке мен бала Бетпақтың меңіреу даласында отызыншы жылдардың ойраны туралы жыр арқылы сырласады. Әруақ бейнесіндегі аудан өнерпаздары поэмадан үзінділер оқығанда зал сілтідей тынып, жұрттың көз алдына Арқадан Қаратауға қарай ұлы шұбырындыға ұшыраған қалың елдің азапты тағдыры келді. Талайдың жүрегі шымырлап, жанарлары жасаурады. Ашаршылық жылдары мен автор туралы бейнекөріністер де сәтті шыққан.
Кітаптың тұсаукесер рәсімінің тізгінін ұстаған белгілі ғалым-өнерпаз, шежіреші Берік Жүсіпов жоғалтқанымызды тауып, өлгенімізді тірілтіп жатқанымыз тәуелсіздіктің арқасы екенін, осы шараның өткізілуі азаттықтың бір көрінісі екенін еске салды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тойланатын мерекелі жылы өтіп отырғанын да атап көрсетті.
Арқаны мекен еткен тама, жағалбайлы, алшын және тарақты руларының қызыл империяның қолдан жасаған қырғынға ұшырауы поэма тілінде сәтті бейнеленгенін жан-жақты әңгімеледі. Бір ғана рудың немесе бір жүздің емес, бүтіндей қазақ халқының ашаршылық жылдарындағы көрген қайғы-қасіреті туралы тебірене толғады. Поэмадан ауық-ауық үзінділер оқыды.
1932 жылдың 24 қарашасында Әулиеата өңіріне қарай көшкен жұрттан 2000-нан аса отбасы Бетпақ даласында аштан қырылды. Саудакент ауылына ұлы шұбырындыдан аман жеткені – 500-дей ғана түтін.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов ашаршылықтың бүтіндей қазақ ұлтына тигізген аса ауыр зардабын атап көрсетті. Кең-байтақ Ұлы дала әр қазақтың құтты мекені екенін де еске салды. Кітап авторы Ғалым Жайлыбай мен ашаршылық құрбандары рухына тағзым ету шарасын ұйымдастырып отырған А.Майлыбаевқа және осы бір иманды тірліктің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс айтты.
Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, көрнекті жазушы Несіпбек Дәутайұлы ел бірлігі мен ынтымағы туралы тебірене сөйлеп, Абылайхан мен Кенесары сынды ұлы тұлғалардың ел мен жер үшін жан алып, жан беріскенін, соның арқасында Алматы облысының бір бөлігі мен осы өңірде қазақ халқы азат елдің аясында бақытты ғұмыр кешіп жатқанын еске салды. Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Жанайдар Садуақасов сынды ұлт арыстарының ел мүддесі үшін қыршын жандары қиылғандарына тоқталды. Ұлы жұттан осы мекенге аман жеткен азаматтардан өсіп-өнген ұрпақтар арасында даңқты актер Асанәлі Әшімұлы, белгілі өнер зерттеушісі, атақты композитор Илия Жақанов және ақиық ақын Маралтай Райымбекұлы сынды таланттар бар екенін айты. Адал сүт еміп, арда өскен Асаубай досы да Арқадан көшкен жұрттың ұрпағы екенін жеткізді. Ғалым інісін қазақтың аса көрнекті ақыны деп бағалады. «Ұлы бірліктен асқан ештеңе жоқ. Тәуелсіздіктің тұрағы бірлікте» деді. Сөздің құдіретін түсінетін жұрт жазушының кесек ойлы ғибратты сөзін ықыласпен тыңдады.
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, белгілі қаламгер Жұмабай Шаштайұлы, қоғам қайраткері Мұхаметқасым Шакенов, Сарысу ауданының Құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері Орынтай Дүйсенов, Талас Алтайбаев поэма туралы тұшымды пікірлерін білдірді, ашаршылықтың ащы шындығын әңгімеледі, шараны ұйымдастырушы азаматтарға алғыстарын айтты. Маралтай Райымбекұлы «Адасқақ» өлеңін оқыды, белгілі әнші Қайрат Жүнісов пен облыстық филармонияның әншісі Ерлан Ибадуллаев әуездете ән шырқады. Сарысулықтар өнер жолында жүрген жерлестерінің өлеңі мен әнін сағынып-ақ қалған екен, дүркін-дүркін қол соғып, қошемет көрсетумен болды.
Берік «Тамакөшкен» поэмасы туралы ұсыныстарын да ортаға салды. Бірінші, ескерткіш орнату, екінші, драмалық шығарма жазу, үшінші, көркем фильм түсіру. Бұл енді алдағы күндердің еншісінде.
Сахна төріне кітап авторы шақырылғанда мәдениет ошағының кең залын шапалақ үні жауып кетті. Сарысулықтар ақынға қошеметті осылай білдірді. Автор поэмасының қалай дүниеге келгені, оны ресми тілге аударып, кітап етіп шығару идеясы Асаубай ағасы тарапынан түскендігін жеткізіп, баспадан қысқа мезгілде басылып шыққанын айтты. «Тамакөшкен» поэмасы – жоғалған кітаптың жалғыз беті. Сондықтан, ашаршылық жылдары бір ғана рудың басынан кешкен азапты тағдырын көрсете отырып, барша қазақ халқының отызыншы жылдардың басындағы көрген зұлматты суреттегенін атап көрсетті. Поэманы орыс тіліне аударғандағы мақсат – алдағы уақытта осы тіл арқылы шетел тілдеріне аударып, әлем оқырмандары назарына ұсыну. Автор аударуға көмек көрсеткен, суретпен көркемдеген азаматтарға алғыс айтты.
«Осы қаны сорғалаған трагедияны бүгінгі ұрпақтың миына шегеленіп қалатындай етіп суреттеген ақын Ғалым Жайлыбай ініме ел атынан алғыс айтсам артық болмас. Түптің түбінде әлем халықтары түсінде шошып оянатын осы бір қазақ халқын қынаша қырған қанды ойранға арнап, бір ескерткіш орнатпай, әруақтар назасы басылмас. Қалай дегенмен де, әлгі олқылығымыздың орнын әзірге Ғалымның «Тамакөшкен» поэмасы толтыра тұратынын тағы да естеріңізге салғым келеді…
«Тамакөшкен» поэмасы – тарихи шындық. Бұл шындық – тарихтың жүзіндегі мәңгі өшпейтін қара таңба» дейді кітаптың алғысөзін жазған А.Майлыбаев.
Осы дүниеге шолу жасаған сыншы Әмина Құрманғалиқызы «…Қаның тулаған қаламгер екенсің, ел мұңын жаз. Айтылмай жатқан ақиқатты, ашылмай жатқан шындықты жаз. Қалайда Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал», «Тамакөшкен» туындылары – ұрпақтың санасына сәуле түсірер дүниелер» депті. Бұдан артық не айтуға болады.
Ауылдағы «Саудакент» мейрамханасында ашаршылық құрбандарына ас беріліп, Құран бағышталды. Онда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ашаршылық құрбандарының рухын әспеттеп, тағзым етіп жатқан мұндай имандылық шарасы елді ынтымақ пен бірлікке бастайтынын еске салып, ұлы жұтқа ұшыраған ел туралы тағылымды әңгіме айтты. Кітап авторы Ғалым Жайлыбайға облыс жұртшылығы атынан алғыс айтып, өзінің туған ауылы Саудакенттен мешіт ашып, иманды шаралардың ұйытқысы болып, қайырымдылық жасап жүретін халық қалаулысы Асаубай Майлыбаевқа үлкен ризашылығын білдірді.
Еңбек ардагері Рсан Есенбеков, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Ералиев ауылынан келген шежіреші қария Жақсыбай Сүлейменов, осы ауылдың әкімі Ербол Момбетов тарихтың жүзіндегі мәңгі өшпейтін қара таңбаға айналған қасіретті жылдар туралы сыр шертсе, арқалық ақын Жанбол Көлбосынов «Арнауын» айтты. Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байтуған Рыспанов та шерлі жылдардың шежіресінен сыр шертті.
Асаубай Майлыбаев кітаптың тұсаукесерін өткізіп, ашаршылық құрбандарына ас беру идеясы қазақтың бірлігін көксейтін, қайраткер-жазушы Несіпбек Дәутайұлы арқылы туғанын, осынау тағылымдық, танымдық, әлбетте имандылық шараның өтуіне белсене атсалысқан азаматтарға, кітап авторына және Алматыдан атбасын бұрған қаламгерлерге ризашылығын жеткізді. Ақын Ғ.Жайлыбайға, басқа да қаламгерлерге шапан жауып, ат мінгізді, өнерпаздарға да сый-сияпат көрсетті.

Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support