- Advertisement -

Дәрі-дәрмектің ақпараттық жүйесі жасалған

104

- Advertisement -

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Жұманқұлов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін қозғады. Ағымдағы жылы әлеуметтік-демографиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған «2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын, бұл бағдарламада халық денсаулығына және өміріне әсер ететін аурулар айқындалғанын айта келіп, әлеуметтік мәні бар сырқаттардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

Марат Жұманқұловтың айтуынша, қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету мақсатында облыста ауқымды шаралар қолға алынған. Алдымен мамандардың қайта даярлау және біліктілігін арттыруына баса мән берілуде. 60-тан астам дәрігер 300-ден астам орта буынды медбикелер білімдерін жетілдіріп келіпті. 10 аудандық ауруханаға қан айналымы ауруларын ерте сәттен анықтау үшін холтер – тредмил тропонин анықтайтын және 12 каналдық ЭКГ аппараттары алынған. Нәтижесінде, қан айналым жүйесінің аурушаңдық көрсеткіші 11 пайызға төмендесе, өлім 27,8 пайызға азайған. Cонымен қатар, емдеу мекемелері 22 санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етіліпті. Оның 2-еуі – реанимациялық көлік.
Өңірімізде ана мен баланың денсаулығын жақсарту мақсатында қайта даярлау және біліктілігін көтеруге 23 дәрігер оқуға жіберілген. Облыстық перинаталдық орталықта 182 маман оқытылған. Облыстық балалар ауруханасының кешенінде консультативтік тасымалдау қызметі ұйымдастырылып, материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға да қаржы бөлінген. Нәтижесінде, облысымызда нәресте өлімі көрсеткіші 11,7 пайызға төмендеп отыр.
Тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ең өзекті мәселе екені мәлім. Мәселен, нормативтік-құқықтық актілер тізіміне енгізілмеген сирек кездесетін ауруларға арналатын дәрі-дәрмектер облыстық мәслихат арқылы Қазақстан Республикасының штаттан тыс бас мамандарының бекітуімен облыстық бюджеттен қамтамасыз етіледі екен. Биыл осындай жолмен буллезді эпидермолиз, өкпе гипертензиясы, ювенильді идиопатиялық артрит, антидене қалыптастыру қабілеті нашар иммун тапшылығы ауруларын емдеуге тапсырыстар беріліпті.
– Дәрі-дәрмек бағасын шектен тыс өсірмеу мақсатында біз отандық дәрілердің бағасын асырмау туралы 3 жақты меморандум жасастық. Дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесі маңызды, сондықтан денсаулық сақтау басқармасы халыққа дәрілік көмек көрсетуді жетілдіру үшін дәрілік заттарды тиімді пайдалану бойынша мониторинг жасайтын тұрақты алқалы орган құрған. Мониторингті жүзеге асыру үшін «Дәрілік заттармен қамтамасыз ету ақпараттық жүйесі» кешенді бағдарламасы енгізілді. Соның арқасында 2013 жылдың басынан бастап науқасқа жазылған дәрілік рецепттің дәріханаларда болуын қамтамасыз ету бақылауға алынған, – деді Марат Сейітбекұлы.
Бұдан соң басқарма басшысының міндетін атқарушы тілшілер қойған сауалдарға жауап берді.

Наурызбек САРША, 
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support