- Advertisement -

Іздегенін көрмеден тапты

88

- Advertisement -

Облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Қазақстанның үздік тауары – 2016» өңірлік көрме-байқауы өтті. Кәсіпорындар жұмысының белсенділігін арттыру, отандық тауарлардың сапасын жақсарту және нарықты бәсекеге қабілетті өнімдермен толықтыру мақсатында өткен көрме-байқауға 72 кәсіпорын өздері өндірген өнімдерін шығарды.

Өңірлік ауқымды шараны облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке ашып, сөз сөйледі. Ол бүгінгі таңда ел экономикасының қарқынды дамуына шағын және орта бизнес өкілдері үлкен үлес қосып отырғанын атап көрсетті.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жолдауларында қоғам алдына «2050 жылға қарай шағын және орта бизнес Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайыз орнына кемінде 50 пайызын өндіріп, еңбек өнімділігін қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін немесе 5 есеге арттыру керек» деген жауапты міндет қойып отыр. Сондықтан, Мемлекет басшысының сенім үдесінен шығып, алға қойылған осындай межелі міндеттерді абыроймен орындау үшін аянбай еңбек етуіміз қажет, – деді. Одан әрі ол мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласына жасалып жатқан жан-жақты қамқорлық пен қолдау туралы еске салды. Мемлекеттік бағдарламаларды іс жүзінде жүзеге асыру барысында да шағын және орта бизнестің дамып келе жатқанын атап көрсетті. Көрмеге қатысып отырған жеке құрылымдардың бәрі де бағдарламалар арқылы мемлекеттен нақты қамқорлықты сезініп, қолдау-көмекке ие болғандарына назар аударды.
Тимур Жанке, сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлер палатасының да шағын және орта бизнес саласына үлкен көмек көрсетіп отырғанына тоқталды. Ол көрме-байқауға қатысып отырған барлық кәсіпорын жетекшілеріне алғыс айтып, табыс тіледі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова: «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы 2006 жылдан бастап өткізіліп келе жатқанынан хабардар ете келе, бүгінгі көрме-байқауға 72 кәсіпорын қатысуға ниет білдіргенін айтты. «Бұл кәсіпорындардың барлығы да облыс экономикасын дамытуға өздерінің сүбелі үлестерін қосып жатқан компания-лар деп сенімді түрде айта аламын. Осы байқау біздің кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырып, нарықтағы жаңа талаптарға бейімдей түседі деген ойдамын», – деді.
Одан әрі ол отандық тауар өндірушілердің қызмет сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейтін байқау барысында қатысушылардың ұсынған өнімдері үш аталым бойынша бағаланатынын жеткізді. «Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауарлар», «Халыққа арналған ең үздік тауарлар» және «Ең үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталатынын, қатысушылар өнімдерін арнайы құрылған сарапшы топ анықтайтынын атап көрсетті.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің үйлестірушісі Назгүл Хамзина мен Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Арқабаева Жамбыл облысында ұйымдастырылып, өткізіліп жатқан өңірлік көрме-байқауға жоғары баға беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Расында да, қаланың қақ ортасындағы Төле би даңғылының бойындағы жаңа да зәулім ғимараттың кең залында өткен жамбылдық тауар өндірушілердің көрме-байқауы жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Облыстық филармонияның өнерпаздары шара басталғаннан әуездете ән шырқап, ел-жұрттың көңілін одан сайын аспандатып тастады. Шараның ақпараттық бас демеушісі «77 TV» телеарнасындағы әріптестер дайындаған шағын және орта бизнес туралы хабарлар да көпшілік көңілінен шықты.
Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке және сарапшы топтың мүшелері кәсіпорындар ұсынған тауарлармен жеке-жеке танысып шықты. Көрмені тамашалауға келген тараздықтар мен қала қонақтарының жамбылдық өнім өндірушілердің өніміне қызығушылықтары зор болды. Мұнда не жоқ дейсіз, құрылыс материалдарынан бастап, тұрмыста күнделікті қолданылатын заттарға дейін қойылған. Азық-түлік тауарларынан ас атасы – нанның түр-түрі, сүт өнімдері, шұжық түрлері, көкөніс, тіпті, Жуалының картобына дейін орын алған. Орта және арнаулы оқу орындарының шәкірттері қолынан шыққан дүниелер де көздің жауын алады. Атап айтқанда, Жамбыл политехникалық және Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледждері шәкірттерінің өнерлі өрендерінің қолынан шыққан әртүрлі қолөнер бұйымдары да көпшіліктің көзайымына айналды.
Әлбетте, көрме-байқау болған соң оның үздіктері анықталады. «Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші орынды «АрайСтройМаркет–2003», «Халыққа арналған ең үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші орын «ТаразКожОбувь» және «Ең үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша бірінші орын «Заң» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне берілді. Әр аталым бойынша жүлделі үш орын тағайындалып, жеңімпаздарға дипломдар мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді. Осы 9 кәсіпорын республикалық байқауда облыс намысын қорғайтын болады.

Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support