- Advertisement -

Ауыл балаларының арманы асқақ

212

- Advertisement -

Еркіндік – елдің иен байлығы. Мұны қазақ елі қазіргі таңда жан жүрегімен сезініп отыр. Тәуелсіздіктің ауасымен тыныстағанымызға ширек ғасыр толғалы отыр.
Әр елдің өсіп-өрендеуі экономикасынан, спорты мен білім, мәдениетінің дамуынан көрінсе керек. Біздің мемлекетіміздің барлық саласы азаттық алған кезенде ерекше қарқынмен қарыштап, өркендеді. Дамуымыздың барометріндей болған оң істерді аудан халқы да сезінуде.
Спорт – денсаулық кепілі. Спорттың дамуы саламатты өмір салтын қалыптастыруға, нығайтуға жасалған игі қадам екені анық. Саламаттылық әр адамды сергектікке жетелейді. Барлық тірліктің алға басуы жанашырлық пен қамқорлық, нақты қолдаулар арқылы іске асатыны аян. Қолдаудың аялы алақанын сезінген жастардың шар болаттай ширығып, алдына биік мақсаттар қоятыны хақ. Осының бәрі азаттықтың арқасы. Әсіресе, ауылдарға, шағын елді мекендерге көп көңіл бөлініп жатқаны қазақтың талай қара домалақ балаларының сенімін нықтап, үмітін үстемелейтіні даусыз.
Ширек ғасыр белесінде еліміздің қаншама даңқты спортшылары есімдерін әлемге танытты. Бәсірелі додалардағы батырларымыздың толайым табысы талай жастың жігерін жаныды. Олар Олимпиада ойындарында, әлем чемпионаттарында, құрлық біріншіліктерінде жасындай жарқылдады емес пе? Спорттың көп түрінен айымыз оңынан туып, жұлдызымыз жоғары тұр. Мемлекетіміз әлемнің алпауыт елдерінің алдында өзін мойындатты. Отандастарымыздың есімдері спортта мәшһүр болып, байрақты додаларда әнұранымыз шырқалып, көк байрағымыз көкте желбіреп жатқанда көңіліңді еріксіз қуаныш сезімі кернейтіні анық. Алаңсыз бала көңілдерде патриоттық сезімдерді күшейтті. Армандарына қанат бітірді. Балалардың көпшілігінде «чемпион болсам» деген үлкен арман пайда болды.
Мұның барлығы тәуелсіздіктің ауыз толтырып айтатын жетістігі, еркіндіктің жемісі екеніне ешкім де күмән келтіре қоймас, сірә.
Риода жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Төрт жылда бір өтетін бәсі өте жоғары бұл додада қазақстандық, жамбылдық бірнеше спортшы ел намысын қорғауда. Жерлесіміз дзюдошы Елдос Сметовтің күміс жүлдесі мерейімізді өсірді. Енді біздер өзге оғландарымызға сәттілік тілеп, жанкүйер болатынымыз анық. Әрине, Олимпиадада ел намысын қорғауға мүмкіндік алған саңлақ спортшыларымыздың көпшілігі ауылдан шыққан. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ауылдың құмына табанын тілдіріп өскен қара домалақтардың ел абыройын әлі талай асырары сөзсіз.
Биылғы «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің өтуі барысында белгілі спорт жанашырлары күресін қолға алатындарын, күрес үйірмелерін ауыл-ауылдан ашып, талантты балаларды тасада қалдырмайтындарын айтты. Телеарналар арқылы жалпы көпшілікке жеткізді. Бұл – қуанышты бастама. Осындай игілікті істер жүзеге асатын болса, онда қазақ күресінің мерейі асқақтай береді. Ауыл спортына, ауыл балаларына деген қамқорлық күшейе түседі. Бізді осындай жағымды жаңалықтар қуантады. Ертеңге деген сенімімізді, үмітімізді нықтайды.
Соңғы он шақты жылдың жүзінде біздің ауданнан да бірнеше шағын спорт нысандары ашылды. Әсіресе, 2014 жылы пайдалануға берілген Қаратаудағы спорт кешенінің ашылуы – үлкен жанашырлық. Оны барша таластықтар сезініп отыр. Аудандарда дене шынықтыру және спорт бөлімдері толыққанды мәнге ие болып, әр ауылдық округтен спорт нұсқаушысы штаттары (бірлік) берілгені жергілікті тұрғындардың ризашылығын тудырып отыр. Бұл да алтын бесік ауылға жасалған қамқорлық.
Мұндай қамқорлық талантты жасөспірімдердің дер кезінде өздерін танытуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта спорттың бірнеше түрінен облыста, республикада мерейіміз үстем болуы үшін тер төгеміз.
Біздің ауданда күрес, оның ішінде қазақ күресі жолға қойылған. Қазақша күрестен Нұрхан Тастандиев, Досан Қалаубеков, Барыс Дүйсенбиев секілді тәжірибелі бапкерлер әр ауылда еңбек етеді. Биылғы өткен «Қазақстан барысы» турнирінде жерлесіміз Бейбіт Ыстыбаевтың үш дүркін жеңімпаз атануы, тағы бір жерлесіміз Дәулетхан Жақыповтың жартылай финалда өнер көрсетуі кездейсоқ жағдай емес. Бұл – үлкен еңбекпен келген нәтиже.
Жалпы алғанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей спорт саласына ұдайы ден қойып отырғанын баршамыз сенеміз. Спортшылар «Шынықсаң, шымыр боласың, шынықпасаң қамыр боласың» дейді. Ендеше Президенттің өзі спорт саласын ерекше қолдап отырған кезде бәріміз саламатты өмір салтына ұмтылуымыз керек.
Бүгінгі таңда спорт саласына қолдау өте жоғары деңгейде. Мұның барлығы қамқорлықтың арқасы. Анығын айтқанда, арайлап жеткен алтын таңның, Тәуелсіздік таңының нәтижесі. Біз оны терең түйсінеміз. Сол үшін де тәуелсіздікке шүкір дейміз.
Бұқаралық спорттың түрлеріне ауыл жастарын қамту мәселесі қолға алынғаны – өте құптарлық іс. Себебі, спортқа бейім балалардың бәрі ауылдан шығады. Ауылдың спортын көтеру – қазақтың спортын қолдау.
Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне қазақ елі үлкен жетістікпен, зор мақсат, абыроймен жетті. Елімізде барлық сала алға басып, өркендеп отыр. Ондай өсуді біз де байқап, сүйсініп, риза болып отырмыз. Мектептерде дене тәрбиесі сабағының аптасына үш рет өтуі де саламаттылыққа, спортқа деген құрмет.
Бұл саланы қолдау жалғаса беретініне сеніміміз мол.

Ерік Мамадияров,
аудан әкімдігі дене шынықтыру және
спорт бөлімінің басшысы.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support