- Advertisement -

Инновациялық өнім керегімізді түгендейді

99

- Advertisement -

Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында Тараз қаласының өнеркәсіп өндірісінің көлемі 96 миллиард 627,9 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда өндірілген өнім 9 миллиард 639,5 миллион теңгеге артқан. Жалпы, салық түсімдері мен басқа да міндетті төлемдерге қатысты мемлекеттік бюджеттегі өнеркәсіп саласының үлесі – 21,9 пайыз.
Өндірілген өнімнің басым бөлігі өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі. Оның негізгі құраушысы – химия саласы. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жаңа Жамбыл фосфор зауыты және Минералды тыңайтқыштар зауыты 41 миллиард 849,9 миллион теңгенің өнімін өндірген.
Тамақ өнеркәсібінде – 69,8, жеңіл өнеркәсіпте 160 пайызға өсу бар. Өткен жылмен салыстырғанда «Орта Азиялық қант корпорациясы» акционерлік қоғамы 19 миллиард 630,9 миллион теңгеге, «Тараз былғары аяқкиім» ЖШС 323 миллион теңгеге артық өнім өндірген.
Ағымдағы жылы құны 10 миллиард теңгені құрайтын 3 индустриялық жобаны іске асыру жоспарланған екен. Алдағы уақытта олар іске асырылатын болса, 95 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, «Қазфосфат» ЖШС-ның Жаңа Жамбыл фосфор зауытының филиалы жеке қаражаттары есебінен құны 1 миллиард 100 миллион теңгені құрайтын 2 жобаны Индустрияландыру картасына енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатқан көрінеді. Аталған жобаның тиімділігі өндіріс шығындарын азайту және өндірістегі қатты қалдықтарды қайта өндеумен ерекшеленбек.
Қала экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан 30815 шағын және орта бизнес субъектілерінің 24749-ы – жеке кәсіпкерлік, 5254 шағын, 37 орта кәсіпорын бар. Бұл салада өндірілген өнім көлемі 8 миллиард 722 миллион теңгені құраған.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында субсидиялау тетігі бойынша 26 жоба Аймақтық үйлестіру кеңесімен мақұлданып, несиелендіріліпті. Енді «Сапар Транс 2012» ЖШС 945 миллион теңгеге ЕВРО 4 стандартты «Dunsan» маркалы 15 автобус сатып алмақшы. «Арай-логистик» ЖШС қонақ үй кешені бар бизнес орталығының құрылысын жүргізуге 350 миллион теңге, «Нұралы» ЖШС сауда орталығын салуға 120 миллион теңге және басқа да бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несие берілген. Ал осы бағдарламаның аясында грант тетігі бойынша инновациялық кәсіп ойлап тапқан 8 кәсіпкер 3 миллион теңгеден қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген. Бұдан басқа, Индустрияландыру картасына енген «Жамбылгипс» акционерлік қоғамында да өндірістік инфрақұрылымды дамыту тетігі бойынша 82,1 миллион теңге қаражатқа газ және электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізу қолға алыныпты. Жайма кеспесін өндіретін «MARK of PERFECTION» ЖШС өндірістік базасын қосымша электрмен қамтамасыз ету үшін 3 миллион теңгеге трансформатор орнатқан. Субсидиялау тетігі бойынша тағы 9 жоба іске асырылмақ. Қаржыландырылған жобалардың арқасында қосымша 169 жаңа жұмыс орны ашылыпты.
Бұл туралы Тараз қалалық мәслихатының кезектен тыс ХІІ сессиясында қала әкімі Нұржан Календеров бірінші жартыжылдықта өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жайында берген есебінде баяндады.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында заман талабына сай әрекет етудің жолдарын нақты көрсетіп берді. Еліміздің үдемелі және сенімді дамуын қамтамасыз етудің жаңа міндеттерін алға қойды. Осыдан кейін Ұлт Көшбасшысының бастамасымен елімізді әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуын көздейтін бес институционалдық реформа аясындағы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асырудың тәжірибелік кезеңі басталды. Қазіргі таңда Ұлт жоспарын тиімді іске асыруға қажетті барлық негіз қаланып, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін ауқымды істер атқарылуда. «Нұрлы жол» және индустрияландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында тұрғындарды жұмыспен қамту және іскерлікті арттыру шаралары белсенді түрде жүргізілуде.
Жыл басынан өңірлердің дамуын ынталандыру үшін тұрғын үй құрылысын жандандыруға және инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетуге ауқымды қаржы қарастырылып, іске асырылуы айрықша назарға алынды.
Атқарылар әрбір жұмыстар тек мемлекет жүктеген міндеттерді іске асыруға бағытталуы сондықтан. Өйткені, экономиканы ынталандыру мен тұрғындардың әлеуметтік игілігіне бағытталған шаралардың табысты жүргізілуі қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.
Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейі – 5,4, кедейшілік деңгейі 0,3 пайызға азайып, ең төменгі күнкөріс деңгейі 19537 теңгені, орташа номиналды айлық жалақы 93 839 теңгені құрады.
Жыл басынан бері белсенді жұмыспен қамту шараларымен 3117 азамат қамтылса, оның ішінде, 352 адам мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында іске асырылып жатқан жобалар бойынша, 1648 адам мемлекеттің қолдауынсыз бос орындарға, 45 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 731 адам қоғамдық жұмыстарға, 200 адам жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа орналасты. 141 азамат кәсіптік даярлау курсынан өтті.
Уәкілетті жұмыспен қамту органына ресми түрде жұмысқа орналасу мәселесімен 2827 адам өтініш білдірсе, оның 2245-і жұмысқа тұрды. Жұмысқа орналасқан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны – 7477, оның 32-сі тұрақты жұмыспен қамтылды, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Есепті кезеңде Тараз қаласы бойынша 5135 әртүрлі қылмыстық іс тіркелген. Оның 316-сы – ауыр және аса ауыр қылмыс түрі. Қылмыстың ашылу деңгейі – 67 пайыз.
Жиында бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы, құрылыс жұмыстарының қаржыландырылу көздері, әлеуметтік көрсетілген көмек түрлері, жол-көлік оқиғасының көрсеткіші, мәдениет, денсаулық, білім, спорт салалары мен жастар саясаты жайы да егжей-тегжейлі баяндалды.
Бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізген депутаттар қала әкімінің бірінші жартыжылдықта атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support