Отандық ғылымның мәртебесі артуда

Отандық ғылымның мәртебесі артуда
ашық дереккөз
Отандық ғылымның мәртебесі артуда
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел Үкіметінің алдына ғылымды дамытуға орай жаңа талаптар қойған болатын. Бұл саладағы міндеттерді Президент «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамда» белгілеп берді. Елбасы 64-қадамда: «Өндіріске инновациялар енгізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру тетіктері бар «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заң әзірленеді. Ғылыми гранттар мен бағдарламалар құрылымдары индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қажеттілігіне орай қайта бағытталады» деген болатын. Өткен жылы инновациялық дамудағы отандық ғылымның рөлін айқындайтын жаңа құжаттың тұсауы кесілді. Ол – Елбасы Ұлт жоспарында міндеттеген «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заң. Ғылымды коммерцияландыру туралы аталмыш жаңа Заң отандық ғылымды ынталандыруға бағытталған мемлекеттік шара түрлерін бекітіп берді. Жуырда Испанияның Мадрид қаласында бірінші Испан-Қазақстандық жоғары оқу орындары ректорларының форумы өткен болатын. Екі елдің университеттері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған маңызды шарада бүгінгі қазақстандық ғылымның мәртебесі, Қазақстан мен Испания университеттерінің өзара ынтымақтастығының жолдары туралы баяндама жасап, саладағы бірқатар жетістіктер мен атқарылып жатқан жұмыстар барысын саралаған едім. Ойымды сол тұрғыда өрбітейін. Иә, қазіргі қазақстандық қоғамда ғылымның рөлі зор қарқынмен артуда десек, оған 2011 жылдың 18 ақпанында қабылданған Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңының бастама болғанын айтып өтуіміз керек. Соңғы бес жыл ішінде ғылымды басқарудың жаңа моделі қалыптастырылып, ғылыми жүйенің барлық бастапқы қатысушыларының қызметі оңтайландырылды. Артық бюрократтық буындар қысқартылды. Бұл жүйедегі стратегиялық, әкімшілік және сараптамалық қызметтердің ара-қатынасы анықталды. Сондай-ақ, шешім қабылдаудың бүкіл сатысында ғалымдардың рөлі айтарлықтай күшейді. Алқалық орган ретінде ғылымның басым бағыттары бойынша шешімдер қабылдау үшін бес ұлттық ғылыми кеңес құрылған. Олар: Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, шикізат пен өнім өңдеу, Энергетика және көлік құрылысы, Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар, Тіршілік туралы ғылым, Елдің зияткерлік әлеуеті. Аталған ұлттық ғылыми кеңестер қазақстандық және шетелдік ғалымдардан, мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және бизнес құрылымдар өкілдерінен құралған. Олардың ғылыми жобаларды қаржыландыру жөніндегі шешімдері жауапты органдармен орындалуға міндетті болып табылады. Ал тәуелсіз сараптаманы мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың ұлттық орталығы жүргізеді. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама шетелдік және қазақстандық мамандармен жүргізіледі. Әр ғылыми жобаның сараптама жұмысына әдеттегідей 2 шетелдік және 1 отандық сарапшыдан тағайындалады. Айталық, өткен жылы сараптама жұмысында 2990 ғалым қатысып, оның ішінде әлемнің 59 мемлекетінен келген 1759 шетелдік сарапшы болды. Осылайша шетелдік ғалымдар мен мамандардың 71 пайызы Еуропа мен АҚШ мемлекетінен жұмылдырылған. Жалпы алғанда, ғылымды басқарудың жаңа жүйесі ғылыми жобаларды және бағдарламаларды жүргізу мен қарастыру ісін айтарлықтай жеңілдетті. Ғылыми бірлестіктердің шешім қабылдаудағы рөлі едәуір артты. Ақырында, қазақстандық қоғамда ғалымдар мәртебесі жағымды сипат алды. Сондай-ақ, соңғы 5 жыл ішінде ғылымды қаржыландыру бойынша жаңа жүйе енгізілді. Оған сәйкес мемлекеттік ғылыми ұйымдарды (базалық қаржыландыру) және ғылыми жобалардың өздерінің (гранттық және бағдарламалық-мақсатты) қаржыландыру көздері анықталған. Аталмыш көріністің жаңашылдығы базалық қаржыландыру мемлекеттік және сол дәрежеге теңестірілген ғылыми ұйымдардың және жоғары оқу орындарының инфрақұрылымға, коммуналдық төлемдерге, әкімшілік шығындарға, әкімшілік және қызмет көрсетуші салаға, ақпараттық қамсыздандыруды және өзге де жүзеге асырудағы шығындарды реттеу болып табылады. Гранттық қаржыландыру ғылыми зерттеулердің дамуы мен олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Грант жүйесін енгізу әлемдік ғылыми кеңістіктің интеграциясына қосылуда айтарлықтай мүмкіндік берді. Ол жақта мұндай жүйе басым бағытта болып, ғалымдардың ұтқырлығының жоғары дәрежесін қамтамасыз ете алады. Қаржыландыруға ие болу байқауына ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындар және жеке ғалымдар да қатыса алады. Еліміздегі бұл бағытта бөлінетін қаражат көлемі және қатысушылар санымен жетекші орында тұр. Бағдарламалық-мақсатты механизм тек мемлекеттік стратегиялық маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. 2015-2017 жылдарға арналған бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру бойынша 107 ғылыми-техникалық бағдарламалар мақұлданған. Оның ішінде Білім және ғылым министрлігіне – 58, Ауыл шаруашылық министрлігіне – 36, Энергетика министрлігіне – 4, Инвестициялар мен даму министрлігіне – 5 және Ұлттық экономика министрлігіне 4 жоба тиесілі. Ғылым саласының заңнамасына енгізілген өзгерістер ғылыми зерттеулер жүргізуге жаңа мүмкіндіктер ашты десек, қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды 392 ғылыми ұйым орындап жатқандығы сөзіміздің дәлелі бола алады. Оның ішінде 245 ғылыми-зерттеу институтының 25 мыңнан астам ғылыми қызметкері жұмыс жасауда. Ел ғалымдары әлемдік ақпараттық қорларды пайдалану мүмкіндігіне ие болуда. Бұл ретте іргелі шетелдік компаниялармен және «Thomson Reuters», «Springer», «Elsevier» секілді баспаларымен лицензияларға және келісімшарттарға қол қойылған. Қазақстандық ғалымдардың халықаралық рейтингтік баспаларда жарияланым белсенділігі едәуір артып жатқандығының мысалы деп өткен жылы әлемнің жетекші рейтингтік журналдарында 1995 жұмыс жарияланғанын айтсақ та жеткілікті. Сонымен қатар, ғылымның кадрлық әлеуеті де нығайып келеді. Саладағы қазақстандық жастардың саны артып жатқандығы өз алдына бөлек жетістік. 35 жасқа дейінгі ғалымдардың саны 1,5 есе жоғарылады. Ғалымдар үшін айтарлықтай арттырушы күш ретінде ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйақының, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 6 атаулы сыйақыларының, мемлекеттік ғылыми шәкіртақылардың (50 – жастарға арналған және 25 – көрнекті ғалымдарға арналған) маңызы зор болды. Десек те, бұл жағымды көрсеткіштер еліміздегі ғылым мәртебесінің қазіргі жетістіктерін сипаттағанымен, бұл салада түйткілді мәселелер әлі де бар. Инновациялық қызметті дамытудың бастапқы факторы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижесін ендіру бүгінгі таңдағы негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Себебі, ғылым белгілі бір нәтижелермен толығып отырмаса, оның тығырыққа тірелері анық. Сайып келгенде, ғылым тек мақала, монография немесе диссертация үшін ғана емес, адамдардың өмір сүру сапасын жағымды жағына арттыру үшін қажет. Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, ғылыми-зерттеу нәтижелерін нарыққа шығарудың ең тиімді тәсілі – ғылыми жұмыстар мен өнертабыстарды жасау және ендіру бойынша барлық қатысушылар арасында коммерциялық ынтымақтастық орнату. Ғылымның инновациялық процеспен даму жоспары бойынша «Технологиялар коммерциализациясы» жобасы қызығушылық тудырып отыр. Қазақстанда бұл жоба бүкіләлемдік банкпен бірлесіп жүзеге асырылуда. Оның аясында елімізге 13,4 миллион АҚШ доллары қарыз (займ) түрінде ұсынылса, оның ішінде республикалық бюджеттің де салымы 61,6 миллион долларға жетіп, барлығы 75 миллионды құрап отыр. Жобаның басты мақсаты – белгілі бір зерттеулер нәтижесі арқылы қазақстандық ғылымды ұйымдастыру, оны сұранысқа ие көрсеткіштерге және зерттеулердің коммерциялық маңыздылығына бағыттау десек, өткен жылы бұл бағдарлама сәтті аяқталған болатын. Атап айтар болсақ, 65 ғылыми жоба жүзеге асты. 6 лицензиялық келісімшарттар жасалды. Дамыған 30 елдің қатарына ену бойынша Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы 64-қадамда «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциализациялау туралы» Заңын дайындауды қарастырған болатын. Отандық ғалымдар асыға күткен бұл заң былтыр 18 қазанда қолданысқа енді. Кейінгі жылдары еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында ғылымның коммерциализациясына жауапты құрылымдық бөлімшелер құрылғанымен, іс жүзінде жоғары оқу орындарындағы коммерциализация кеңселерінің жұмысы тиімсіз екендігін көрсетті. Халықаралық тәжірибеге сүйенетін болсақ, мұндай кеңселерді ұлттық компания мен ірі өндіріс орындарында құру немесе өзара «ЖОО – өндіріс» секілді болуы әлдеқайда тиімді екендігі дәлелденген. Өз кезегінде бұл «Ғылымның өндіріске ұсынысы» принципінен арылып, керісінше «Өндірістің ғылымнан сұранысы» принципіне ұласып, белгілі міндеттерді шешуде білікті ғалымдарды барынша тарту ісі алдыға қойылатын еді. Аталмыш принциптің құндылығы өндірістің тапсырысы бойынша жасалған ғылыми өнім белгілі бір өндіріс ошағына енгізіліп, оның жұмысының тиімділігі сондағы арнайы мамандардың бағалауынан өтетін болады. «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік даму бағдарламасына» сәйкес 2019 жылға қарай министрліктің басқаруымен жүргізілетін ғылыми жобалардың 90 пайызы тек өзара (қосалқы) қаржыландыру шарттарында жүзеге асырылатын болады. Осы орайда тоқтала кеткен жөн, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті – еліміздегі ең ірі патент иелерінің бірі. Біздің университет ғалымдары жылына орташа есеппен 30-35 инновациялық патентке қол жеткізеді. Мәселен, соңғы бес жыл ішінде Тараз қаласы мен облыстың өндіріс ошақтарына университет ғалымдарының 155 ғылыми өнімі ендірілген, олардың экономикалық тиімділігі 187 миллион теңгеден астам қаржыны құрады. Ал кейінгі 3 жыл ішінде университет ғалымдарының қатысуы бойынша ҚР Үкіметінің Жарғысымен бекітілген бірқатар құрылыстық құжаттар әзірленді. Бұл – гидротехникалық құрылғылар жөнінде құрылыстық нормалар, іргетастар (фундаменттер) бойынша құрылыс ережелері, ғимараттар мен құрылыстардың авторлық қадағалауды ұйымдастыру мен жүргізудің жетекші құжаттары. Коммерциализация деңгейіне жеткен өз университетімізде жүргізіліп отырған ғылыми жобалар ішінен екі мысал келтіруге болады. Олар: қант диабетімен ауыратын науқастар үшін арнайы аяқ киім жасау және тамақ өндірісі және парфюмерлі-косметикалық өндіріс үшін шөлді цистанхеден өнім өндірудің технологиясын жасау жобалары. Қазіргі кезде бүкіл әлемде және елімізде де қант диабетіне ұшыраған науқастар саны уақыт санап артып жатқандығы ақиқат. Деректерге сүйенетін болсақ, бүгінде әлемде 150 миллион адам қант диабеті ауруына шалдыққан. Сол себепті бұл ауру ХХІ ғасыр дерті болып саналады. Ал еліміздегі Диабет ассоциациясы республикада қант диабетімен ауыратын науқастар қатарында 64 112 ер адам, 126 570 әйел адам, 1160 балалар бар екенін айтады. Бұл – дерттің ең ауыр әрі асқынған түрі – диабетті табан синдромы. Ол науқастардың 80 пайызында кездеседі және көп қиындықтар туғызады. Аурудың соңы мүгедектікке алып келеді. Оны емдеу жолына үлкен қаржылық шығындар қажет екені айтпасақ та түсінікті. Табан ауруының ең басты себебі – жайсыз аяқ киім, себебі диабетті табанның қалыпты жағдайы үшін қарапайым аяқ киімде қажетті конструктивті элементтер, иілгіш, амортизациялаушы және антибактериалды материалдар жасалған ортопедтік бұйымдар қарастырылмаған. Осыны ескерген университетіміздің ғалымдары қант диабетіне ұшыраған науқастар үшін арнайы аяқ киім жасап шығару технологиясын қолға алды. Бүгінде облыста аталмыш аяқ киімге сұраныс артып келеді, себебі ол тек қана диабет науқастарының табан ауруын емдеп қана қоймай, сонымен қатар, еңбекке қабілеттілігін сақтауға, әлеуметтік қолдау деңгейін арттыруға және әр адамның өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен пайдасын тигізеді. Сонымен қатар, қолға алынған тамақ өндірісі және парфюмерлі-косметикалық өндіріс үшін шөлді цистанхеден өнім өндірудің технологиясын жасау жобасы да өз нәтижесін беруде. Өңіріміздегі Мойынқұм ауданының аумағында цистанхе атты жабайы шөл өсімдігі көптеп өседі. Халық арасында оны «қазақстандық женьшень» деп атап кеткен. «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығында университет ғалымдары осы цистанхе тамырын кептіру мен қайта өңдеу технологиясын әзірледі. Алынған цистанхе ұнтағына бүгінде сұраныс жоғары болып тұр. Ол тамақ қоспасы ретінде, сондай-ақ фармацевтикалық және косметикалық өндірісте де кеңінен қолданыс табуда. Цистанхе импотенция, белсіздік, жалпы әлсіздік, қан айналымының нашарлауы, бүйрек ауруы, несеп шығару жолдары, жүйке жүйесінің жұқаруы секілді сырқаттарға да емдік қасиеті бар.

DSC_7027++++jpgМахметғали Сарыбеков, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Ұлттық ғылыми кеңестің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар