- Advertisement -

Мал баққанға бітеді

104

- Advertisement -

кәсіпкер  Еркінбек Қонысбайұлы иелігіндегі мал басын көбейтіп, ауылынан асхана да ашып отыр

Еркінбек аға еңбекпен есейді. Талапты ауылындағы сегіз жылдық мектепті бітіре сала, еңбекке ерте араласты. Өйткені, әкесі Қонысбай ертелеу өмірден озғандықтан, отбасының, әлі жас бауырларының күні өзіне қарап қалған-ды. Алғашқы еңбек жолын шопан көмекшісі болып бастаған ол кейін аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищесінде оқып, тракторшы-жүргізуші мамандығын меңгереді. Мал бордақылау мекемесінде жұмыс істейді.
– Автокөлігіммен мал тасымалдайтынмын. Одан кейін өзім де біраз малдың басын құрап, күтіп-баптап, семіртіп сатуды қолға алдым. Осылай бұл іс негізгі кәсібіме айналды, – дейді Ерекең.
Жекеменшігіндегі мал басын бір көбейтіп алған соң, халыққа ет, сүт өнімдерін, қымыз сатуды ойлап, 2012 жылы «Еркінбек» шаруа қожалығын құрады. Мемлекеттік қор есебінен жалға 190 гектар жайылымдық жер де алады. Ал ұжымшардан өзіне пай үлесімен берілген 4,5 гектар суармалы жерге мал азығындық көпжылдық шөп пен мақсары дақылын үзбей егіп, өсіруі шаруашылығының ілгері басуына да септескен. Жоңышқаға сұраныс әр кезде де жоғары.
Үш жыл бұрын «Құлан» бағдарламасымен алған 4,5 миллион теңге несиеге біраз жылқы сатып алған екен.
– Кәсіп етемін дегенге мемлекетіміз тарапынан көмек көрсетілуде. Жеңілдетілген несие алуым дұрыс қадам болды. Бүгінде қожалықтың иелігінде қыл құйрықтының жалпы саны 30-ға жетті, сондай-ақ 25 бас асыл тұқымды бұқа және бірнеше бас сиыр, біраз ұсақ мал бар, – дейді кәсіпкер азамат.
Күндіз-түні тыным таппай еңбектенуінің, ізденімпаздығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында Е.Қонысбайұлы аудандық орталық базар аумағындағы бос тұрған, тозығы жеткен ғимаратты жалға алып, тиісінше күрделі жөндеуден өткізіп, «Құлый» атты асхана да ашыпты. Онда Көлбастау ауылының тұрғындары – Медведьевтер отбасымен, анасы мен екі қызы аспазшы-даяшы болып жұмыс істейді. Асының дәмі тіл үйірерліктей, арлы-берлі ағылған жолаушылардың басым дені осы дәмханаға ат басын бұратыны бар.
Талаптылық кәсіпкер, сондай-ақ №91678 әскери бөлімшесі аумағынан да келіндері мен жергілікті бірер тұрғын үшін жаңа жұмыс орындарын ашып беріпті. Онда арнайы киіз үй тігіліп, жаңадан тұрғызылған ғимаратта сауда-саттық жасайтын шағын азық-түлік дүкені мен «Бастау» дәмханасы жұмыс істеп тұр. Мұнда келушілерді отбасы сүт өнімдері – май, қаймақ, айран, сүт және ірімшікпен жеткілікті қамтамасыз етіп отыр. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан бөлімше тұрғындары тарапынан да түрлі ұлттық тағамдар мен азық-түлік, көкөніс өнімдеріне, сусындарға деген сұраныс мол-ақ.
Еркінбек ағаның жұбайы Фатима Мейірханқызы – отбасының береке-бірлігінің ұйытқысы, ардақты ана. Ол 20 жылдан астам уақыт Б. Момышұлы атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп, бертінде зейнет демалысына шыққан екен. Отағасы екеуі ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырып, бүгінде олардан 12 немере сүйіп отыр. Немересінің үлкені Ерсұлтан әжесі мен атасын биылғы жылы өткен ҰБТ сынағында 114 балл алып, қуантқан екен. Жалпы, бұл отбасында өскен ұл-қыздардың бәрі де бүгінде бір-бір мамандықтың иесі. Айдос – №91678 әскери бөлімшеде ветеринариялық қызметтің жетекші маманы, Арыстанбек – Қаратау қаласындағы зауытта инженер болып еңбек етеді, екі қызы Эльмира мен Гүлвира – ұстаздар.
– Президентіміз Н.Назарбаев айтқандай, бүгінде қол қусырып қарап отыруға болмайды, аянбай еңбек етуіміз керек. Өз еліміздің, отбасымыздың болашағы үшін. Мен мұнымен әбден келісемін. «Еңбек етсең емерсің», «Еңбегіңнен ел таныр» деген дана сөздер бекер айтылмаған. Аяқ-қолы сау, әрбір саналы азамат қандай да бір істің көзін тауып, шын беріле, ерінбей еңбек еткені жөн. Сонда еліміз де бақуаттана түседі. Ең бастысы, азық-түлік өнімдерімен өзімізді-өзіміз жеткілікті қамтамасыз ете алатын боламыз, – дейді агроқұрылым басшысы.

Гүлмира ДЕМБАЕВА,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support