- Advertisement -

Мемлекет тік қызмет сапасын арт тыру – жауапты мәселе

100

- Advertisement -

Жалпы, облыста мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 5168 бірлікті құрағанымен, нақты 4703 мемлекеттік қызметші бар. Оның 6-ауы – саяси, 16-сы – «А» корпусының, қалғаны – «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызмет лауазым иелері. 8-і «А» корпусының кадрлық резервінде, оның біреуі уәкілетті комиссияның келісімімен жуырда Меркі ауданының әкімі болып тағайындалған. Жыл басынан бері мемлекеттік әкімшілік қызметкерлердің лауазымының штаттық саны 23 бірлікке азайған. Оған еліміздің Кеден одағына кіруіне байланысты мемлекеттік кірістер департаментіндегі кейбір функциялардың өзгеруі себеп болған. Жалпы, қазіргі таңда «Б» корпусының 465 мемлекеттік әкімшілік қызмет лауазымы бос тұр. Бүгінгі күнге дейін 4152 адам мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар бойынша біліктілігін арттырыпты. Мемлекеттік қызметшілердің 19,8 пайызын –жастар, 40,7 пайызын орта жастағылар құраса, 46,6 пайызы – әйелдер.


Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы-Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Исақов айтып берді.
Болат Әлмұханұлының айтуынша, алғашқы жарты жылдықта мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту бағыттарында ауқымды жұмыстар жүргізілген екен. Әдеп жөніндегі кеңес отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жастармен жұмысты жандандыру мәселесінің, білім саласындағы сыбайластық сипатындағы құқық бұзушылықтарды анықтау үшін жүргізілген талдау мен мониторинг қорытындысының талқылануы соның дәлелі. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмыстарын талдау нәтижелері қаралып, тиісті тұлғалар мен облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілінің есебі тыңдалған.
– Есепті кезеңде 31 тәртіптік іс қозғалып, Әдеп жөніндегі кеңестің 5 отырысында 30 тәртіптік іс қаралды. Оның біреуі қазір уақытша тоқтатылды. Барлық қаралған істің 24-інде тәртіптік жаза қолдану ұсынылса, 6 іс жазаға тарту мерзімінің өтуіне және фактілердің дәлелденбеуіне байланысты қысқартылды. Тәртіптік шара қолданылғандардың 19-ы мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жазаға тартылып отыр. Оның 2-еуі қызметінен босатылды. Ал 5-еуі – Әдеп кодексінің нормаларын бұзғандар. Соның ішінде 3 адам жұмыстан тыс уақытта қызметтік автокөлікті пайдаланғаны үшін жазаға тартылған, – дейді департамент басшысы.
Сондай-ақ, брифингте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу үшін 61 ұйыммен бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілгені айтылып, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заңда көрсетілген алдын алу шараларының маңызды міндеті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласының жағдайын бақылау мақсатында жүргізілген мониторинг пен сыртқы талдау жұмыстарының нәтижелері егжей-тегжейлі баяндалды. БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға дәйекті жауаптар қайтарылды.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support