- Advertisement -

Жерлесіміз Бейбіт Ыстыбаев үшінші рет «Қазақстан барысы» атанды

86

- Advertisement -

Қазақ ұлтының төл спорты қазақ күресінің қарыштап дамуына зор үлес қосып келе жатқан «Қазақстан барысы» мегажобасы алтыншы мәрте Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде өтті. Бұған дейін екі мәрте «Қазақстан барысы» атағын иеленген жамбылдық балуан Бейбіт Ыстыбаев алғаш рет аты аталған додада қатарынан оза шауып бәйге алған кезінде: «Мен осы турнир жалғасқан жағдайда үш дүркін «Қазақстан барысы» атанатыныма халқымның алдында уәде беремін!» – деп, БАҚ арқылы мойнына үлкен жүк арқалап алған болатын. Уәде орындалуымен құнды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі сарапқа салынған айтулы аламанға еліміздің әр қиырынан «сен тұр, мен атайын» деген балуандар қатысты. Доданың басты демеушісі – «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ.
Еліміздің мақтанышы, Астана күні қарсаңында ұйымдастырылған бәсі биік аламанның ашылу салтанатында еліміздің Энергетика министрі, Қазақ күресі федерациясының президенті Қанат Бозымбаев сөз алып, ұлттық спорттың дамуы жолында осындай ірі додаларды жиі өткізу керектігін сөз етті. Дода басталысымен әулиеаталықтардың аяқ алысы қатты қуантты. Бәріміз Бейбіттің белдесуін тағатсыздана қарап отырғанымызда өзгелерден көп белдесу өткізген Дәулетхан Жақыпов бірінші белдесудің өзінде-ақ әдемі әдістер жасап, мықты екенін дәлелдеп үлгерді. Алғаш боз кілемге көтерілген Дәулетхан алдымен солтүстікқазақстандық Дулат Алпысовтың мысын басса, арада бір кездесу өткен соң, қостанайлық Қасымхан Бегмановты тізе бүктірді. Алғашқы екі белдесуде өзінің шеберлігімен тәнті еткен Дәулетхан мен Бейбіт жартылай финалға қатар жетсе, өзара кім мықтыны анықтайтыны белгілі болған. Жақыпов үшінші белдесуінде де жасындай жарқырады. Ақтөбелік Дархан Темірхановпен белдескен жерлесіміз сырттан шалу әдісін тамаша қолданып, әдемі жеңісіне қол жеткізді. Жамбылдық жампоз ширек финалда Астананың саңлағы Айтуар Абдуловқа қарсылас атанғанда, кәдімгідей қобалжыдық. Айтуар өткен жылғы жобаның күміс жүлдегері, қызылордалық Руслан Әбдіразақовты таза жеңіп, таңдай қақтырған болатын. Денесі шағындау болса да алыптардан қаймықпайтын «Тараз арланы» (лақап аты) Айтуаровты да жарыс жолынан шығарып, жартылай финалдың жолдамасын иеленді.
Өз кезегінде Бейбіт Ыстыбаев алдымен батысқазақстандық Олжас Сүлейменовті жер бауырлатса, екінші белдесуінде шымкенттік Нұрсұлтан Мыңғышевты жартылай жеңіс ұпайымен жолдан тайдырды. Ыстыбаевқа ширек финал оңай соққан жоқ. Еліміздің тұңғыш барысы, жобаның тағы бір мықтысы саналған шығысқазақстандық Айбек Нұғымаровтан алғашқы айналымда жеңісті жұлып алған, бүгінде Алматы облысының намысын қорғап жүрген Ұлан Рысқұлмен жолы түйісті. Аса тартысты өткен белдесуде аз ғана басымдықпен жерлесіміз жеңімпаз атанды. Осылайша Бейбіт те жартылай финалға жолдама алды.
Қос балуанымыз белдескенін жеңіп жатқан тұста, тағы бір үмітіміз Айбол Айтбек те жеңісті жорығын жалғастырды. Алдымен атыраулық Сұңғат Закарияновпен жолы түйіскен Айбол қарсыласын қапы қалдырды. Бұдан соң ол ақтөбелік балуан Нұрсұлтан Иманғазинді де алып жықты. Ширек финалда қызылордалық Еламан Ерғалиевпен белдескен Айбол тағы да асығы алшысынан түсіп, мерейімізді тасытты. Иә, керемет! Үш бірдей балуанымыз қазақ күресінің басты жобасының жартылай финалында.
Қалай болған күнде де жартылай финалда қос жамбылдық мықтының жолы түйіседі. Солай… Бейбіт Ыстыбаев пен Дәулетхан Жақып ақтық сынның жолдамасын сарапқа салған сында екі дүркін «Қазақстан барысына» Дәулетхан тегеурінді қарсылық көрсетті. Алайда Бейбіт жеңіске жетті. Екінші жұпта белдескен Айбол Айтбек шымкенттік алып Жұманазар Ерсұлтановтың жүйкесіне ши жүгіртті. Әйткенмен, салмағы басым Жұманазар белдесу сәтінде қол күшінің басым екенін аңғартып, финалға шықты.
Үшінші орын үшін екі бірдей жерлесіміз боз кілемге беттеді. Бұған дейін «Қазақстан барысының» Тараздағы облыстық іріктеуінде Дәулетхан Жақыптан айласын асырған Айбол Айтбек сол жеңісінің кездейсоқ емес екенін дәлелдеп, үшінші орынға орнықты. Ал ақтық сында ақ түйенің қарны жарылды! Доданың ең алып балуаны Жұманазар Ерсұлтановты алып ұрған Бейбіт Ыстыбаев үш дүркін «Қазақстан барысы» атанды. Қазақстанның барлық облысының мықты балуандары сынға түскен додада үш бірдей жамбылдық балуан жасындай жарқыраса, қалай қуанбайсың! Жарайсың, жігіттер, дестік! Айтпақшы, «Көрермендер көзайымы» номинациясы биыл алматылық Виктор Демьяненкоға бұйырды.
Жарыс жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевқа еліміздің Олимпиада федерациясының президенті Тимур Құлыбаев алтын тайтұяқты табыстады. Сонымен қатар, Бейбіт Ыстыбаев 25 миллион теңге қаржылай сыйлықты, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің қолынан пәтер кілтін алды. Екінші орын иеленген Жұманазар Ерсұлтановқа 5,5 миллион теңгенің сертификаты ұсынылса, үшінші орынға табан тіреген жамбылдық жампоз Айбол Айтбекке 1,8 миллион теңге бұйырды. Турнирде топ жарған Бейбіт Ыстыбаевтың бапкеріне 3,5 миллион теңге сыйақы берілсе, екінші орын еншілеген Жұманазар Ерсұлтановтың жаттықтырушысына 1,8 миллион, үшінші орын алған Айбол Айтбектің бапкеріне 900 мың теңге ақшалай сыйлық ұсынылды. Соңынан көрермендер арасында автокөлік ойнатылып, өз жеңімпазын тапты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support