Жамбыл өңірі Туристерді тарихи жәдігерлерімен баурайды

Жамбыл өңірі Туристерді тарихи жәдігерлерімен баурайды
ашық дереккөз
Жамбыл өңірі Туристерді тарихи жәдігерлерімен баурайды

Тарихы мыңжылдықтардың мұратымен үндесіп, адамзат өркениетінің елең-алаңымен астарласқан аяулы алтын бесігіміз – Тараз қаласының тарихи шежіресін парақтау дәуірі XX ғасырдың ғаламат сыйы Тәуелсіздік таңымен ұштасады. Алғашқы іргетасы біздің жыл санауымыздан жүз жыл бұрын қаланған қасиетті мекеніміз, өзінің өрелі ғұмырында талай-талай тарихи тасқындар мен дауылды ғасырларды бастан өткерді, «Ұлы Жібек жолының» кіндік бекеттерінің бірі, аса ірі өркениет ошағы ретінде батыс пен шығысты жалғады, сөйтіп «Тараз – тарихымыздың алтын арқауы» дейтін мәртебеге ие болды. Тәуелсіз қазақ елінің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дуалы аузынан шыққан шымқай шындықтың арғы тегінде тебіндеген Тараз тарихының жарқын беттері – арғысы жалпы түркі өркениетінің, бергісі Қазақ мемлекеттігінің басынан кешкен көп жақсының басында тұрғандығымен ерекшеленеді. Керей мен Жәнібектей тұлғалар Қазақ хандығының туын көтерген Қозыбасы биігі тұрған Шу-Талас аңғарының бас қаласы Тараз тарихының тынысы тылсым болмысының бүгінгі қауымға да айтары мол. Жалпы түркі әлеміне ортақ өрімдерімен ерекшеленетін өркениет өрісіне өлшеусіз үлес қосқан Тараз қаласы, киелі қала осыдан 21 ғасыр бұрын өз іргетасын қалаған Шу-Талас аңғары туралы әлемдік тарихнамада арнайы тарау бар екендігін біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Бүгінгі шекаралық шеңберді тарихи таным өресімен «бұзып» көрсеңіз, түркілік ұлы өркениет аясының Азия - Алтай асқарлары мен далаларын аттап, алыс құрлықтарға дейінгі ауқымды қамтитындығына қанығар едіңіз... Ежелгі балбалдар мен тастағы таңбалар, мәңгітастардағы сына жазулар мен ел аузындағы аңыз-әфсаналар әлемі осыны меңзейді. Осынау құндылықтардың бел ортасында тағы да Тараз-Талас, Шу-Меркі өңірлері алыстан менмұндалайды... Тарихи томдар тарауларынан ойып тұрып орын алған Талас жазуы, Қаратау сілемдерін қуалаған ежелгі қоныстар шоғыры, Қарасай-Мойнақ петроглифтері, Меркі-Жайсаң жауһарлары түркі өркениетінің түп тамырымен біте қайнасқан құндылықтар екендігін сезінесіз. Бүгінгі біздің парыз – осынау құндылықтардың қуат-күшін, кескін-келбетін бүгінгі ұрпаққа рухани ұлағат ретінде ұсынып, болашақ ұрпаққа аманат етіп табыстау, әлем жұртына түмен жылдар түрені тимеген тың жаңалық ретінде жеткізе білу. Енді міне оның да орынды орайы келіп тұр. Ол – әлемдік қауымдастықтың, ең алдымен инженерлік ақыл-ойының жетістіктерін әлем талқысына салатын, Тәуелсіз Қазақ елінің төрінде тұңғыш рет ашылып, әлемнің әр түкпірінен келетін 5 миллион адамды асыға күтіп отырған «ЭКСПО-2017» көрмесі. Өткен жылы тойланған Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі қарсаңында ежелгі Тараз тағы да бір түлеп, екі мың жылдан аса тарихы бар ежелгі қаламыздың ажарын арттырған игі істер атқарылды. Сәулетті ғимарат-құрылымдар – «Ежелгі Тараз» музейі, тамашалау-шолу мұнарасы, «Достық үйі» бой көтерді, кешенді археологиялық зерттеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді, еліміздің тарихындағы тұңғыш ашық аспан астындағы музей ашылды. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған ежелгі жәдігерлерді музей сөресіне орналастыру жақын мерзімде аяқталып, мәңгілік мұралардың көпшілік көзайымына айналмақ. Амандық болса, келер жылы әлем жұртына өз есігін қазақ елінде айқара ашатын «ЭКСПО-2017» көрмесінің қонақтары, көрме аясында өтетін арнайы бағдарламаға енгізілген Тараз бағыты бойынша да киелі мекенімізге атбасын бұрмақ. Әлемнің әр түкпірінен келген қонақтар тарихи мұраларға тұнып тұрған өлкеміздегі «Ежелгі Тараз», «Айша бибі», «Қарахан», «Тектұрмас», «Ақыртас» нысандарының кез-келген қонаққа ұялмай көрсетуге боларлық ажарын тамашалап, олардың тарихымен танысады. Ол үшін арнайы бағдарлама жасадық, кәдесый өнімдерін шығару, тіл мамандарын іріктеу жұмыстарын да қолға алып жатырмыз. Сонымен бірге, қорық-музей мамандарынан жасақталған топ «ЭКСПО-2017» көрмесі қонақтарына арналған арнайы көрме жасақтап, Астана қаласына іссапармен барады, олар бір ай бойы көрменің мәдени іс-шараларға арналған арнайы залында «Шырағдандар шеруі» атты көлемді экспозиция құрмақшы. Онда Тараз тарихына арналған бейнефильм көрсетіліп, Әулиеата топырағында мәңгілік мекенін тапқан киелі жәдігерлер жайында түсірілген фото-бейне өнімдері көрсетіледі. Арнайы көрменің тақырыптық арқауы – Тараз жерінде әр жылдары жүргізілген археологиялық, ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде табылған, біздің ата-бабаларымыздың өткен өмір-кешкен ғұмырынан, олардың ұлттық-ұлыстық мәдени-рухани деңгейі мен шеберлік мектептерінен хабар беретін жәдігерлерден тұратын болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, «ЭКСПО-2017» көрмесінің Ежелгі Тараз мәдени-туристік бағыты облысымыздың тарихи-рухани, мәдени-әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңінен қамтып, өлкемізде туристік кластердің дамуына игі ықпал ететіндігіне сеніміміз мол.

Тәкен Молдақынов, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры.

Ұқсас жаңалықтар