- Advertisement -

Электрондық ақша: шығарылымы және оның Қазақстанда пайдаланылуы

144

- Advertisement -

Қазіргі уақытта бүкіл әлемде есеп айырысу кезінде негізінен электрондық ақша кеңінен қолданыла бастады. Электрондық ақша кейбір ерекшеліктері болмаса кәдімгі ақшаның міндеттерін атқарады. Ол тек қана электронды түрде арнайы электрондық жүйеде жазба түрінде болады және де банкте өзі номинациялаған нақты валютамен қамтамасыз етіледі.
Электрондық ақша Интернетте онлайн-төлемдер жасау үшін әжептәуір қолайлы, үйде отырып-ақ ұялы телефон үшін, коммуналдық төлемдерді төлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, электрондық ақша «эмоциялық төлемдерді», мысалы, Интернет ойындар (стратегия) онлайнда аккаунттарды толықтыру, әлеуметтік желілерден электронды сыйлықтарды сатып алу кезінде де танымалдылыққа ие.
Қазақстанда электрондық ақшаны соңғы кездері ғана пайдалана бастады. Осылай, 2011 жылы 21 шілдеде Қазақстан аумағында сауда мәмілелері бойынша жаңа төлем құралы ретінде электрондық ақшаны пайдалану үшін құқықтық жағдай жасау мақсатында, сонымен қатар интернет-ортада сатып алу жүргізу үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң (бұдан әрі — заң) қабылданды. Қабылданған заңмен Қазақстанда электрондық ақшаны шығару мен пайдаланудың негізгі қағидалары белгіленді. Электрондық ақшаны шығару құқығы екінші деңгейдегі банктерге (эмитенттерге) берілді. Сонымен қатар, заңмен электрондық ақша жүйесіне, электрондық ақшаның эмитенттерімен жасалған шарттардың негізінде жүйенің операторлары не болмаса эмитент агенттер ретінде жеке банктік емес ұйымдардың (заңды тұлғалар) қатысуы көзделген. Яғни, жеке ұйымдар банк-эмитенттер шығарған электрондық ақшаны таратумен (сату және сатып алу) және оларды пайдаланатын операцияларды жүргізумен айналыса алады.
Электрондық ақшаны шығаруды жеке тұлғалардан немесе агенттерден ақшаны алғаннан кейін эмитент, өзіне қабылдайтын міндеттемелердің номиналдық құнымен тең болатын сомада, растауды ұсына отырып жүзеге асырады. Электрондық ақшаны шығару кезінде эмитент комиссиялық сыйақыны, сонымен қатар шарттың талаптарына сәйкес эмитентпен көрсетілетін қосымша қызметтер үшін төлемақыны ұстап қалуға құқылы. Егер электрондық ақша айлық есептік көрсеткіштен жүз есе мөлшерден асатын сомаға шығарылса, онда эмитент электрондық ақшаның иесін сәйкестендіруге міндетті. Қазақстан Республикасының аумағында эмитенттермен шығарылатын электрондық ақша тек қана ҚР ұлттық валютасымен белгіленуі тиіс.
Электрондық ақшаны, оның иесі – жеке тұлға азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемдерді жүргізу мақсатында, сондай-ақ ҚР заңнамасына қайшы келмейтін және оның эмитентімен белгіленген шарттармен басқа операцияларды жүргізу үшін пайдаланады. Жеке кәсіпкер және (немесе) заңды тұлға электрондық ақшаны төлем ретінде қабылдауды, электрондық ақша жүйесінің қатысушысы болып табылатын эмитентпен не болмаса басқа банкпен жасалған шарттың негізінде жүзеге асырады.
Электрондық ақшаның сәйкестендірілген иесімен – жеке тұлғамен жүргізілген бір операцияның ең жоғарғы сомасы айлық есептік көрсеткіштің бес жүз есе мөлшеріне тең сомадан аспауы керек. Ал, электрондық ақшаның сәйкестендірілмеген иесімен – жеке тұлғамен жүргізілген бір операцияның ең жоғарғы сомасы айлық есептік көрсеткіштің жүз есе мөлшеріне тең сомадан аспауы керек.
Эмитентпен электрондық ақшаны өтеу электрондық ақшаның иесі жеке тұлғаның банктік шотына, оның номиналдық құнына тең ақша сомасын аудару арқылы немесе оған ақшаны қолма-қол беру арқылы жүзеге асырылады. Эмитент, оның есебіне электрондық ақша түскен күннен бастап, 3 жұмыс күні ішінде, егер эмитент пен жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның арасында жасалған шартпен басқа мерзім көзделмеген болса, электрондық ақшаны өтеуді жүзеге асыруға міндетті.
Қазақстан Республикасының заңнамасымен, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша ақы төлеу кезінде дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның жеке тұлғалардан алған электрондық ақшасын эмитенттің өтемеуі, уақтылы және толық өтемегені үшін 100 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатыны (жыл ағымында қайталанған бұзушылық бойынша — 200 АЕК) туралы айта кеткен жөн.
Бүгінде қазақстандық нарықта электрондық ақшаның сегіз жүйесі жұмыс істейді: Е-kzt, Woopay, Visa Qiwi Wallet, Личная Касса, Тау-Тенге, Wallet One, TV – Money, Paypoint.
Электрондық ақшаның даму серпіні, осы жүйелердің аудиториясы мен қызмет көрсету аясы бара-бара тек кеңейе беретін болады. Басқа елдердің тәжірибесінен көріп отырғанымыздай, электрондық ақшалар электрондық коммерция сегментінде төлем жасау үшін танымал болып келеді. Оларды пайдалану қолма-қол ақша айналысын қысқартуға, онлайн қызмет нарығын дамытуға, есеп айырысуларды жылдамдатуға және азаматтардың төлем мәдениетін жоғарылатуға ықпал етеді. Электрондық ақша дәстүрлі төлем құралдарын, оларды қолдану тиімсіз салалар мен сегменттерден біртіндеп ығыстыруға мүмкіндігі бар. Осы үрдістер электрондық ақшаның қолданушылармен жаппай қолданылатынын көрсетеді.

Айгүл БАЙҒҰЛОВА,

«ҚР Ұлттық Банкі» Жамбыл
филиалының бас маман-экономисі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support