- Advertisement -

Қазақ-Қытай достығы

158

- Advertisement -

Наурызбек САРША,
«Ақ жол».

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Шэньси педагогикалық университетінің делегациясы арнайы іссапармен келді. Делегация құрамында Шэньси педагогикалық университетінің президенті Ченг Гуанзю, Халықаралық қытай тілі мектебінің деканы Жан Жианчен, Халықаралық бағдарламалар Кеңсесінің директоры Жан Лиюнь және Орыс департаментінің деканы Мен Шиа бар.
Кездесуде Тараз мемлекеттік педагогикалық институты мен Шэньси педагогикалық университетінің басшылары Дария Қожамжарова мен Ченг Гуанзю өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту туралы меморандумға қол қойды. Қос жоғары оқу орны бекіткен өзара түсіністік жайлы келісім әріптестіктің перспективалы бағыттарын дамытуға, оқытушылар мен студенттер арасындағы білім беру, кәсіби және мәдени байланыстарды нығайтуға негізделген. Сонымен қатар, құжатта академиялық қызметті дамыту, ғылыми-зерттеу саласындағы әріптестік, студенттер мен мамандарды бірігіп оқыту және тіл оқыту орталықтарын ашу мәселелері қамтылған.
– Шэньси педагогикалық университеті – Қытай еліндегі ең іргелі білім ордаларының бірі. Аталмыш жоғары оқу орны «211 Нысан» бағдарламасы бойынша 1944 жылы құрылған. Оқу орнының жалпы территориясы – 180 гектар. Университетте 20 факультет, 2 негізгі білім беру бөлімі, 62 мамандық, докторантураның 12 ғылыми-зерттеу орталығы, 70 докторантура мамандығы, 24 магистратура мамандығы бар.

Қазіргі таңда аталған оқу орнында 1444 профессор-оқытушы қызмет атқарады. Бакалавр студенттерінің саны – 17032 болса, 7406 магистр бар. Бүгінгі келісім Қазақстан мен Қытай жоғары оқу орындарының арасындағы әріптестіктің одан әрі кеңеюіне жол ашады деп ойлаймын, – деді Шэньси педагогикалық университетінің президенті Ченг Гуанзю. 

Ал институт ректоры Дария Қожамжарова өткен жылдың қаңтар айында облыс әкімі бастаған делегацияның құрамында Шэньси провинциясы Сиань қаласына барып қайтқанын, сапар аясында Тараз педагогикалық университеті мен Шэньси педагогикалық университеті арасында өзара байланысты дамыту мәселесі көтерілгенін айтты.
– Тараз мемлекеттік педагогикалық институты мен Сиань педагогикалық университеті арасындағы әріптестік байланыстың жаңа деңгейге көтерілуін – сол іссапардың жемісі дер едім. Аталмыш қос жоғары оқу орны арасында өзара байланысты дамыту мәселесінің ішінде студенттерді академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында оқыту, тіл оқыту орталықтарын ашу көзделіп отыр.
Тараз бен Сиянь – Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан тарихи көне шаһарлар. Сондықтан, кейбір тарихи деректер екі мемлекетке де ортақ. Алдағы уақытта Әулиеата өңіріндегі бірқатар тарихи нысандарды зерттеу жұмыстарын қазақ-қытай археологтары бірлесіп жүргізбек. Бұл – объективті тарихты қалыптастыруға сеп болмақ. Мақсат – екі елдің өнер, мәдениет саласындағы жаңа технологияларды меңгере отырып, өзара тәжірибе алмасу, – деді институт ректоры Дария Қожамжарова бұл кездесудің қаншалықты маңызы барын түсіндіріп.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support