- Advertisement -

Кәсіпкерлікті дамыту – уақыт талабы

111

- Advertisement -

Агабеков-ООлжас АҒАБЕКОВ,
облыс әкімдігі кәсіпкерлік
және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары.

Жалпы, еліміздің экономикасының дамуы кәсіпкерліктің кең өріс жаюына да байланысты екені белгілі. Бұл тұрғыда облыста тиісінше жұмыстар жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың 1 мамырына дейінгі статистикалық мәліметке сай облысымызда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жалпы саны 59229 бірлікті құрап отыр. Оның ішінде 3964-і – шағын бизнес, 60-ы – орта кәсіпкерлік субъектілері, 39383-і – жеке кәсіпкерлер, 15822-і – шаруа қожалықтары. Мұның барлығы да нақты жұмыс істеп тұрғандары. Оларда жұмыспен қамтылған адамдар саны бүгінгі күні 126873 адамға жетіп отыр. Былтыр аталған салада 327,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілуіне қол жеткізілді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімдегі олардың үлесі 19,8 пайыз болды. Соның нәтижесінде мұның алдындағы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда нақты көлем индексі 99,7 пайызды құраған.
Шағын кәсіпкерлікті дамытуда мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау, көмектің бірі несиелендіру екені белгілі. Бұл тұрғыда екінші деңгейлі банктер арқылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне биылғы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында 4440,0 миллион теңге көлемінде несие берілген. Бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен едәуір артық. Аудандардағы шаруа қожалықтары несие қаражатын 10 ауылдық несиелік серіктестіктері тарапынан алды.
Қазіргі таңда отандық кәсіпкерлік саласына қаржылай қолдау көбінесе «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы көрсетілуде. Бағдарлама жүзеге аса бастағалы бері өңірімізде жалпы сомасы 56,4 миллиард теңгені құрайтын 596 жоба, оның ішінде 477-і бағдарламаның бірінші және үшінші бағыттарындағы «пайыздық ставканы субсидиялау» тетігі бойынша жүзеге асуда.
«Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» бойынша, жалпы кепілдік сомасы 1958,6 миллион теңгені құрайтын 149 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның ішінде 119-ы субсидиялау бойынша қолдау тапты, ал 22-сі тек қана кепілдікке ғана ие болды. «Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту» бойынша, жалпы құны 9,2 миллиард теңгені құрайтын 64 жоба мақұлданып, жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, бизнестерін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін мақсатты мемлекеттік гранттар ұсыну қарастырылып отыр. Мемлекеттік гранттарды қаржыландыру тетігі облысымызда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2013 жылдың сәуір айынан бастап жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Бүгінгі күнге дейін бұл бағыт бойынша өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен қаржыландыруға жалпы сомасы 95,3 миллион теңгені құрайтын 33 кәсіпкердің жобасы (2013 жылы – 8-і, 2014 жылы – 7-еуі, 2015 жылы – 7-еуі, 2016 жылы – 11-і) мақұлданған болатын.
Бағдарламаның екінші бағыты бойынша еліміздің экономикасын қайта жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамындағы жұмысшы тобының шешімімен жалпы құны 3,0 миллиард теңгенің 10 жобасы мақұлданып, нақты іс жүзіне асырылуда.
Басқарма тарапынан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдар ламасы аясындағы сервистік қолдау қызметі бойынша шағын және орта бизнес субъектілеріне қызметтің бірнеше түрі Тараз қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында, сонымен қатар облыстың 10 ауданындағы кәсіпкерлерді қолдау орталығында көрсетіледі. Бағдарламаның осы төртінші бағыты аясында алты жыл ішінде 3374 кәсіпкерлік субъектісі 6409 сервистік қолдау қызметімен қамтылды.
Ал «Шағын және орта бизнесті топ-менеджментке оқыту» тетігі бойынша, бекітілген квотаға сәйкес облысымыздың 87 кәсіпкері «Назарбаев Университеті» АҚ-ның бизнес мектебінде оқыту курсынан өтіп келді. «Іскерлік байланыстар» тетігі бойынша, бекітілген квотаға сәйкес, облысымыздың 48 кәсіпкері «Туран Профи» оқыту орталығында оқыды. Сондай-ақ, «Бизнес-кеңесші» бөлігі бойынша 5340 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыту-үйретумен қамтылды.
ИСО халықаралық ұйымының сертификаттау саласындағы негізгі қызметі – ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету. Қазіргі таңда оның сапа және сертификаттау ұйымына 50 ел кіреді. Бұл жүйе елімізде өндірілетін өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің халықаралық деңгейге сәйкестігін де реттейді. 2010 жылға дейін Үкімет ИСО-9000 сериялы стандарттарын еліміздегі барлық кәсіпорындарға енгізуге қол жеткізуге тиіс болатын. Осы стандарттардың енгізілмегендігінен, сыртқы нарықта тауарларымыз өте төмен бағамен сатылуда. Егерде отандық кәсіпорындар, әсіресе мұнай және газ секторындағы кәсіпорындар сапа менеджментін енгізсе, тауарларымыз әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие болар еді. Облыста кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнімдерін, қызметтерін халықаралық сапа стандарттарына (ИСО-9000, ИСО-14000 және басқалары) көшіру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілу үстінде. 2016 жылдың 1 сәуіріне облысымызда ИСО жүйесі 707 кәсіпорын мен мекемеде енгізілді.
Облыстағы кәсіпкерлік саласы қызметін заманауи талаптарға сай, жаңаша ұйымдастыруға байланысты жұмыстар алдағы уақытта да өзінің жарасымды жалғасын таба беретін болады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support