- Advertisement -

Захираның көрпелері

96

- Advertisement -

Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».

«Жақсыны – көрмекке» деп Захира Мырзахметова басшылық жасайтын «қыз жасауын» дайындайтын шағын цехтың табалдырығын аттадық. Ұлттық нақышпен дайындалған көрпе, жастық, көрпеше тағы басқа бұйымдар қатар-қатар жиналған. Осында еңбек ететін қыз-келіншектер тігін машинасымен зырылдатып, іс тігуде. Біреуінің құлағында Захираның өзі де отыр.
– Облыс орталығына жақын Бесжылдық ауылында туып-өстім. Бейнетке ерте араластым. Өмірге нарықтық қатынас еніп, колхоз-совхоздар тараған соң, мен әжемнен үйренген тігіншілік өнерім болған соң, көрпе-жастық дайындап, базарға шықтым. Халықтың маңдай терімен тапқан ақ адал ақшасына пұлдайтын дүниемнің сапасына ерекше мән бердім. Бірте-бірте қыздарға арналған жасауыма сұраныс арта берді. Бір сөзбен айтқанда, мені дағдарыстан шығарған – құрақ көрпе, – дейді Захира.
Жағдайы дұрысталып, табыс түсе бастайды. Үйінен тігін цехын ашуға бел буады. Әлбетте, қандай да бір тірлікті бастағанда жаныңнан табылатын ақылшы, қамқоршы керек-ақ. Захираның ол жағынан ұпайы түгел. Өзінің саналы ғұмырын кино саласына арнаған күйеуі Өмірзақ Ділдабеков те өнер десе, ұлттық салт-дәстүр десе ішкен асын жерге қоятын азамат. «Жасау мүлкі» жеке кәсібінің менеджері. Әжесі Серпер бір ғасырдан аса, 105 жас жасап өтіпті өмірден. Жарықтық өрмек тоқудың хас шебері болған екен. Екі қызына жасауын ерте бастан дайындапты.
– Бізде кезінде он шақты қыз-келіншекке дейін еңбек етті. Тіпті, үйлеріне алып кетіп, тігін тігетін де қыздарымыз болды, – дейді Өмірзақ қария.
Захира Түркияда өткен дүниежүзі іскер әйелдер қауымдастығы өкілдерінің алқалы бір шарасына қатысқан. Қазақстандық кәсіпкер әйелдер тынығып жатқан қонақ үйдің есігін ертемен әлдебіреу қағыпты. Сөйтсе, кең фойеге қойылған мұның «қыз жасауын» тамашалауға түрік ағайындар көптеп жиналып қалса керек.
– «Қазақстан» деген сөздерді естігенімде төбем көкке жеткендей болды. Сырт елде жүргенде туған еліңнің атын есту қандай бақыт?!, – дейді кәсіпкер. Сол жолы Ресей мен Германиядан келген іскер әйелдер де мұның қолынан шыққан дүниені жоғары бағалайды. Көрмені ұйымдастырушылар арнайы сертификат тапсырып, Алғыс хатпен марапаттапты.
«Жасау мүлкі» жеке кәсіпкерлік иесі Захира Мырзахметова «Алтын сапа» аймақтық конкурсында үздік кәсіпкер ретінде лауреат атанды.
Захира жеңгейдің жан серігі, қасындағы қамқоршысы Өмекең бір әңгіменің шетін шығарды. Көзі ашық, көкірегі ояу қария ғой, Елбасы жүргізіп отырған сындарлы саясатты қызу қолдайтынын жеткізе келе:
– Елбасының Қазақстанды әлемге танытудағы еңбегі ұшан-теңіз. Соның бірі – келер жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесі. Нұрсұлтан Әбішұлы осы халықаралық ауқымды шараға шетелдік жұлдыздарды шақырмай, тек қана қазақстандық өнер шеберлерін қатыстыру қажеттігін нықтап тапсырып, көрме өтетін үш ай бойы оны тамашалауға келетін туристерге мәдениетіміз бен өнерімізді, салт-дәстүрімізді көрсетуіміз керек екенін де атап көрсеткен болатын. Сондықтан, біз осы «қыз жасауын» көрмеге шығарсақ дейміз. Әлбетте, оған тиісті орындардан қолдау-көмек керек, – дейді.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support