- Advertisement -

Биыл Талас өзенінде су мол

125

- Advertisement -

Бірақ одан өңір тұрғындарына ешқандай қауіп жоқ

Мамыр айында жауған мол жауын жерге нәр берумен қатар, судың өте мол болатынын байқатты. Бүгінгі таңда қырғыз еліндегі Киров су қоймасына жылдағыдан көп мөлшерде су жиналған. Аталған қойманың жалпы сыйымдылығы 550 миллион текше метрді құрайды. Онда қазір иірілген су осы мөлшерге жетеқабыл. Аталған мәселеге орай облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жақында Қырғыз Республикасында арнайы болып, Талас облысының губернаторымен келіссөз жүргізіп қайтқаны белгілі. Бір айта кетерлігі, биыл айыр қалпақты ағайындардың да барлық су қоймалары лық толы екен. Сондықтан, облысымызға жылдағыдан көп мөлшерде су жіберілетіні анық болды. Бұл ретте облыс басшысының шешімімен арнайы штаб құрылып, өңірдегі су қоймалары мен өзендерді назарға алу тапсырылған болатын.
Кеше облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев бастаған штаб мүшелері Талас өзенінің Тараз қаласы және Жамбыл ауданы аумағынан өтетін тұстарын жағалап, судың ағысына, ол жердегі орын алып отырған жағдайларға назар аударды. Олардың арасында Тараз қаласы әкімдігінің, су шаруашылығы және төтенше жағдайлар мекемелері мен БАҚ өкілдері бар.
Олар алдымен Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылының Ақбозов көшесі тұрғындарының мәселесіне көңіл аударды. Талас өзенінің ескі арнасы осы көшеде орналасқан үйлердің дәл тұсынан сарқырап ағып жатыр. Жаңа арна әріректе болған. Алайда биылғы мол су жаңа арнаны жығып кетіпті. Шу-Талас бассейні су шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Рәпілбек Тіленшиев мұнда қатерлі жағдай жоқ екенін, дегенмен Талас өзенінің осы тұсын биіктетіп, көтерме салу қажеттігін айтты. Облыс әкімінің орынбасары өзен суына қауіп тудыратын тұсын биіктетуге тиісті көздерден қаржы іздестірілетініне, өзенге жақын тұрғын үйлерге ешқандай қауіп-қатері болмайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ, ол осы Талас өзенінен су алатын Жамбыл, Байзақ, сондай-ақ шалғайдағы Талас, Сарысу аудандарына биыл жылдағыдан он есе көп мөлшерде (жылда секундына 5 текше метр су барса, биыл 40 текше метрге көтеріліп отыр) тіршілік нәрі бөлініп жатқанын, ондағы серіктестіктер мен шаруа қожалықтары осы мүмкіндікті кеңінен пайдаланып қалуы қажеттігін ескертті. Мәселен, биыл шөптің мол қорын жинап алуға мүмкіндік бар.
Судың ағысын қадағалаушы топ Тараз қаласы, Қант зауыты аймағындағы Ш.Уәлиханов көшесінің 3-бұрылысына да барды. Мұнда да өзен суының мол ағысынан тұрғындар қоныстарының іргесін су шайып кетуінен қауіптенеді. Алайда, осында төтенше жағдай саласының өкілдері жүр екен. Олар бетонмен бекіту арқылы судың қатты ағысын бұруға күш салатындарын айтып, тұрғындардың алаң көңілін бір демдеді.
Сондай-ақ, штаб мүшелері «Қазсушар» республикалық мекемесінің облыстық филиалына қарасты Талас су торабының жұмысымен де танысты. Мұнда қазір жұмыс заманауи бағытқа көшірілген. Талас өзеніне түскен судың мөлшері мен ағысы компьютер арқылы бақыланып, басқарылады. «Әр екі сағатта судың ағысын өлшеп отырамыз. Келген суды оң және сол жағалауларға бөлеміз. Кеше су секундына 114 текше метр жылдамдықпен келсе, бүгін 121 текше метрді көрсетті. Дегенмен, алдағы күндерде судың деңгейі төмендейді деп күтілуде. Сондықтан, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ», – дейді Талас су торабының инженер-гидрометрі Нұрлан Қалмаханов.
Тиісті орындарды аралап болған соң, облыс әкімінің орынбасары басшылық құрылымдармен және арнайы мамандармен кеңесті. Сондай-ақ, ол жағдайды үнемі бақылауда ұстауды Тараз қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Ақаевқа, Шу-Талас бассейні су шаруашылығы басқармасы суды реттеу, бақылау бөлімінің басшысы Рәпілбек Тіленшиевке тапсырды.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support