- Advertisement -

ШАБЫНДЫҚТАР СУ АСТЫНДА ҚАЛДЫ

90

- Advertisement -

Биыл арнасынан асып-тасқан Шу өзенінің суы бірқатар шабындықтарды басып қалды. Тұрғындардың айтуына қарағанда, аудан көлеміндегі 11 мың гектар шабындықтың су басудан сау қалғаны шамалы. Қыстық мал азығындық жемшөп қорын осы алқаптардан дайындайтын, 180 мың қой, 29 мың ірі қара, 6 мыңға жуық жылқы және 1000-ға тарта түйесі бар аудан халқы, оның ішінде 34 шаруа қожалығы биыл шөпсіз қаламыз ба деп алаңдаулы. Тұрғындар бұл жағдайды былтыр су мөлшерінің күрт көбеюіне байланысты «Радай» өзегіндегі су реттейтін гидроқұрылғы мен көпірдің істен шығуынан көріп отыр. Шаруа баққан жұрт белгілі бір аумақта байлау-көтерме жасап, судың толассыз келуін тоқтатқан күннің өзінде шабындықтардағы судың тұтастай кебуіне екі айдай уақыт қажет болады. Шабындықтардағы су кей жерлерде тізеден асады.

Осының кесірінен ауданда әзірге бірде-бір шаруашылық базбір жерлерде әлдеқашан басталып кеткен жасыл орақ науқанына дендеп кірісе алмай отыр. Жергілікті тұрғындар жекеменшіктеріндегі малының қыстық шөбін қайдан орып жинауды білмей дал. Қорасындағы малын сатып, азайтуды ойластырып қойғандары да бар.
Тұрғындарды алаңдатқан мәселенің мән-жайын бізге аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Жақсымбетов тарата айтып та берген.
– Бүгінгі таңда аудан 163 текше метр су алуда. Былтырғы сәйкес мерзімде бұл көрсеткіш 10-12 текше метрді құраған-ды. Судың мөлшерден тыс болуынан бірқатар шабындықтарды су басып, ол күні бүгінге дейін құрғамауда. Бұл өз кезегінде тұрғындардың биыл шөп болмайды деген қаупін күшейтуде. Мұндай жағдай ауданда 2007 жылы орын алғаны естен шыға қойған жоқ. Қолданылған шаралардың арқасында Құмөзек, Қарабөгет, Қылышбай, Талдыөзек, Мойынқұм ауылдарындағы шабындықтарда шөп шабу науқаны сәтті өткен. Өз тарапымыздан айтарымыз, тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. «Тасөткел» су қоймасына жеткілікті көлемде су жинақталды. Су бөлінісі бір аптадан соң тоқтатылмақ. Ыстық та аптапты күндердің басталуына сәйкес суы тартылған шабындықтар табаны 10-15 күнде кеуіп үлгереді. Шабындықтар шұрайлы шығып, шаруа баққан жұртты мол өнімге кенелтеді деген ойдамыз, – деді ол.
«Қыста малыңды бақ, жазда шөбіңді шап» демекші, несібесін малы үстінен айырған мойынқұмдық шаруалар үшін шөп мәселесінде ешқандай да қиындық тумайды деп үміт етеміз біз де.

Уалихан ЖАЙЛАУ,
«Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support