- Advertisement -

Өңірдегі Жаңа жобалар ел игілігіне еселеп қызмет етуі керек

89

- Advertisement -

ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев облысымыздағы
жұмыс сапарында бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты

ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев облысымызға арнайы жұмыс сапарын Жуалы ауданындағы «Бурное Солар-1» күн электр стансасының жұмысымен танысудан бастады. Күннен қуат өндіретін Орталық Азиядағы ең ірі станса болып табылатын бұл кәсіпорын өткен жылы іске қосылған. Мұндағы жұмыстар жөнінде  «Бурное Солар-1» ЖШС-ның бас директоры Нұрлан Қапенов баяндады.

– Электр стансамыз аумағында барлығы 192 мың энергия өндіретін күн панельдері бар. Олар 25 жылға дейін жарамды. Күн энергиясының есебінен жылына 73 миллион кВт қуат өндіруге, 30 мың ауланы электр энергиясымен қамтуға қауқарлымыз. Айта кету керек, бұл жоба экологияға еш кедергісін тигізбейді. Стансаның жалпы құны 23,6 миллиард теңгені құрайды. Жобаны «Samruk Kazyna – United Green» бірлескен кәсіпорны жүзеге асырған. Бұл іске Еуропадан арнайы мамандар да тартылды. Қазіргі таңда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, олар стансаның қызметін бақылаумен айналысуда, – деген ол министрге жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізіп, сол арқылы стансаның қуатын 100 мегаватқа дейін арттыруды жоспарлап отырғандықтарын айтты.
Иә, күннен өндірілген қуаттың бағасы көмір мен газбен өндірілгенге қарағанда бірнеше есе арзан болады. Оның құрылысына жұмсалған қаржы аз уақыттан кейін толық өтеледі. Стансаның өнімі жалпы еліміздің электр жүйесіне қосылған. Осындай тиімділіктерді алға тартқан облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев өңіріміздің өзге де аудандарында желден, күннен, судан электр қуатын өндіру жұмыстары жемісті жүргізілуде екенін, аталған жобаларды жүзеге асыру – облысты таза экологиялық энергиямен қамтамасыз етуге ықпал ететінін жеткізді. ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев «Жасыл экономика» аясында бой көтеріп жатқан бұл станса «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне келер қонақтардың да назарын өзіне аударатынына сенім білдірді.
– Өркениетті елдерде қуаттың дені баламалы энергия көздері: күн, жел және судан – өндіріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде «жасыл энергияны» дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта облысымызда да ірі жобалар жүзеге асырылуда десек, «Бурное Солар-1» КЭС солардың бірі де бірегейі екені сөзсіз. Бұл жоба үлкен табысқа жеткізер әрі өте қажетті тұстарымен бірден көзге түседі. Алатау мен Қаратау етегінде, Жуалы ауданының төскейінде орналасқан күн энергиясы стансасының игілігін қарапайым халық көру керек, – деді министр.
ҚР Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев пен облыс әкімі К.Көкірекбаев Қаратау қаласының шығысындағы «Талас инвестмент компани» жауапкершілігі серіктестігіне қарасты натрий цианиді зауытының жұмысымен де танысты. Алтын өндіру үшін қолданылатын қоспалар дайындайтын кәсіпорынның басқару орталығында болды.
– Жобалық құны 12,9 миллиард теңгені құрайтын алып өндіріс осыдан 1,5 жыл бұрын іске қосылған-ды. Жылына 15 мың тонна натрий цианидін, 500 мың тонна аммоний сульфатын өндіретін зауыт алғашқы өнімін шығарып, тұтынушыларына ұсынып үлгерді. Қазір еліміздің ішкі нарығының өзіне жылына 60 мың тонна натрий цианиді қажет, – дейді жауапкершілігі шектеулі серіктестігі­нің бас директоры Б.Алдашов. Оның айтуына қарағанда, Ресей мен Қытай мемлекеттері тарапынан да зауыт өніміне сұраныс түсуде.
Осы жерде зауыттың бас инженері Н.Гордеев Қытай өндірісшілері құрастырған өндіріс орнының жұмыс үдерісімен таныстырды. Қалдықсыз технологияға негізделген кәсіпорынға қажетті шикізат есебінен газ бен кен қоспалары пайдаланылып, ең соңында құрғақ түйіршіктелген натрий цианиді шығарылады. Жоғары температурада ажыратылған аммоний сульфатын тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады екен.
Министр Ә.Исекешев өндіріс орнының аймаққа экологиялық зияны бар ма деген сауал тастады. Өндіріс басшылары бұл тұрғыда экологиялық сараптаманың бар екенін, зауыттағы баротермикалық цехта судың бірнеше мәрте сүзілетінін жеткізді. Жалпы, жұмыс үдерісі қатаң бақылауға алынып, апат болдырмаудың жолдары қамтамасыз етілген. Өндіріс орны толық қуатында жұмыс істеген кезде өнімдер осы жерде жасалынған ыдыстарға салынып, контейнерлерге тиеліп, тұтынушыларына жол тартатын болады.
Алтынға бағаланатын натрий цианиді зауытында барлығы 400-ден аса адам еңбек етеді. Жұмысшылардың дені – қала халқы. Оларға әлеуметтік жағдай жасалған.
Бас директор натрий цианидінің 1 тоннасының 1 миллион теңге тұратынын айтты. Оның айтуынша, зауыт өнімдері өзге кәсіпорындарға қарағанда әжептәуір арзан. Зауыт басшылығы кәсіпорынға қатысты көкейлерінде жүрген ұсыныстарын да жеткізді. Кәсіпорын жұмысымен жан-жақты танысқан Ә.Исекешев кеншілерге табыс тіледі.
Облыстағы жұмыс сапары барысында министр атбасын бұрған келесі нысан Сарысу ауданының Жаңатас қаласы аумағында орналасқан, республикадағы алып химия кәсіпорны «Еурохим» ЖШС-ның тыңайтқыш өндіру кешені болды. Ол алдымен «Еурохим Тыңайтқыш» ЖШС-ның минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытының жұмысымен танысты.
Аталған компания негізінен азоттық тыңайтқыштар (аммиак, карбамид, аммиакты селитра, карбамитті-азоттық қосындылар, кальцилендірілген селитра), фосфорлық тыңайтқыштар (миноаммоний фосфат, диаммоний фосфат), кешенді тыңайтқыштар (азотты-фосфорлы-калийлі), жемдік фосфаттар, сонымен бірге апатитті, темір кенді және бадделитті қоспаларын өндірумен айналысып, Ресей мен Еуропа нарығын кең қамтитын болады. «Еурохим» өнімдерін болашақта әлемнің 60 елі тұтынатынын айта кеткен жөн.
2010 жылы «Еурохим» минералды-тыңайтқыштар компаниясының ашық акционерлік қоғамы алдын ала болжам бойынша алып жобаға 356,5 миллиард теңгені құрайтын, жылдық қуаты 1 миллион тонна фосфорлы, азотты және кешенді минералдық тыңайтқыштар шығаратын өндіріс салуға келісімшарт жасасқан болатын. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевпен болған шағын мәжіліс барысында «Еврохим» компаниясының бас директоры Дмитрий Валышев индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан жобаға бас-аяғы 1 миллиард АҚШ долларына дейін инвестиция тартуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ, компания басшылығы министр мен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтан Сарысу ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуын одан әрі нығайту мақсатында компанияның Қазақстан Республикасы Үкіметімен келісіміне сәйкес «Жаңатас – Түркістан» темір жолына инвестиция салу және Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарын жалғайтын автожол құрылысын жүргізу жөніндегі бірлескен жобаның жүзеге асуына ықпал етуді сұрады. Әсет Исекешев бұл мәселенің толыққанды зерттеліп, тиісінше шешім қабылданатынын жеткізді.
Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының екінші бесжылдығы – 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста биыл жүзеге асыру жоспарланған сегіз жобаның ішінде «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар зауыты» Тараз филиалының «ЭФҚ-1» технологиялық жүйесін қайта құру, экстракциялық фосфор қышқылы өндірісінің бірінші кезеңі» жобасы да бар. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев облысқа жұмыс сапарында осы жобаның құрылысымен де танысты.
Министр мен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа «Қазфосфат» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Валерий Мартынов және басқарма төрағасының орынбасары Нұрзия Лесбекова құны 8 миллиард теңгенің аса ауқымды жобасының құрылысы кесте бойынша жүргізіліп жатқанын арнайы қойылған сызба арқылы жеткізді. Өндірістік қуаттылығы жылына 220 мың тонна экстракциялық фосфор қышқылын өндіретін өндіріс ошағының жаңа цехын іске қосу алдағы қыркүйек айына жоспарлануда. Құрылыста 150 адам еңбек етуде. Қажетті құрал-жабдықтар толығымен жеткізілген. Жоба құрылысына қаралған қаржының 6 миллиардқа жуық теңгесі игеріліпті. Министр мен облыс әкімі құрылыспен жан-жақты танысып шығып, жұмыс барысын оң бағалады. Жоба толық қуатында жұмыс істеген кезінде зауыттан жылына 360 мың тоннаға дейін аммофос өндіріледі екен. Жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке қомақты қаржы түседі. Жоғары сапалы тыңайтқыш елімізден өзге, алыс-жақын шетелдердің ауыл шаруашылық саласына жөнелтіледі.
«Қазфосфат» ЖШС-ның басшылығы ай сайын облыс әкімін жұмыс барысынан хабардар етіп отыратын көрінеді. Екі апта бұрын ғана Кәрім Көкірекбаевтың өзі жобаның құрылысымен жете танысыпты.
Ә.Исекешев министрлік тарапынан қандай көмек қажет екенін сұрады. В.Мартынов жоба құрылысының жұмысы ырғақты жүріп жатқандықтан, оның үстіне облыс басшылығының басты назарында болғандықтан ешқандай көмектің қажет емес екенін айтты. Министр биыл пайдалануға беруге жоспарланған өңірдегі ірі жобаның уақтысында пайдалануға берілуіне сәттілік тіледі

Жанғазы АХМЕТ,
Сәулембай Әбсадықұлы,
Маржан РАҚАЙ,
Амангелді ӘБІЛ.
«Ақ жол».

Жуалы – Талас – Сарысу – Тараз.

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support