- Advertisement -

Комиссияның уәлі сөзін күтейік

70

- Advertisement -

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий жариялап, мәселелерді мұқият талқылауды Үкімет жанынан құрылған комиссия мен «Нұр Отан» партиясына жүктеп отыр. Комиссия жұмысын бастап та кетті. Бұл – өте орынды қадам. Енді тектен-текке даурықпай, комиссияның кесімді шешімін күтейік.

Осы орайда, ең бірінші айтуға тиіс нәрсе, жер тек қарға тамырлы қазаққа ғана тиесілі екендігі. Бұған дау жоқ. Иә, жер – халықтың қазынасы. Қазақ хандығы құрылған сәттен бастап, дана бабаларымыз осынау ұлан-ғайыр даланы сумаңдаған сұқ көздерден қорғап, мына біздерге аманат етті. Жай ғана аманаттаған жоқ, өздері кәдеге асыра алмаған асыл армандарын өскелең ұрпаққа сеніп тапсырды. Сондықтан, сенімге селкеу түсірмей, бабалар мұраты орындалсын десек, жерді ыждаһатты әрі мақсатты пайдалана білуіміз керек.
Бала күнімде ауылдың қазыналы қарттары «Болашақта осынау ұлан-ғайыр даланы келер ұрпақ іске жаратады» деп отыратын. Осы сөз жүрек түкпірінде әлі сақтаулы. Кейде «Шіркін, осы шексіз даланың байлығын біз әлі де игере алмай келеміз-ау» деген ойға келемін. Бұл ойым бекер болмаған екен. Мемлекет экономикамыздың әлеуетін арттырып, 30 дамыған елдің қатарына ену үшін еліміздегі бос жатқан жерлерді пайдаланудың жаңа тетігін ұсынды. Өз басым бұл ұсынысты толық қолдаймын. Бос сөзге еріп, ұлтты арандатушылардың көздеген мақсатына жол бермейік.
Елбасының өзі жер халықтың қазынасы екенін ескере отырып, ешқандай шетелдік инвесторларға бір тұтам жердің сатылмайтынын шегелеп айтты. Сондықтан да, біз, қазақстандықтар өресі тар өзгелердің іс-әрекеттеріне бас ауыртпай, жерді пайдаланудың оңтайлы жолын қарастырғанымыз жөн.
Қарапайым ғана мысал. Сіздің соққан жаңа үйіңіз 15-20 жылдан кейін ескіреді емес пе? Жер де сол іспетті. Жердің пайдаланушысы болмаса, оның құнарлылығы, ылғалдылығы жойылады. Мәселенің мәнісін әріден түсінуіміз керек. Біздің Елбасы – нағыз дипломат әрі саңлақ саясаткер. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, қиындықтың да жақсы жағы болуға тиіс. Бұған сенімім кәміл. Еліміз өркендеп, Елбасымен жаңа жетістіктерге бірге жетейік. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мерейлі, бірлігіміз бекем болсын!

Қыстақ Дәулетов,
«Қыстақ» шаруа 
қожалығының басшысы.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support