- Advertisement -

Гектарына –30 центнерден

120

- Advertisement -

«Пионер» ӨК жоңышқаның алғашқы орымын аяқтауға таяу

Биыл Құдай берекені көктен берді. Көктемгі мол жауыннан сулы-нулы аудандарды айтпағанда, шалғайдағы шөлді-шөлейтті өңірлердің өзінде көк шалғын қаулап тұр. Біз мұны Пионер ауылдық округіне барғанда да көрдік. Округтің жаңадан сайланған әкімі Самат Селеубаев ауылдың жалпы ахуалын, мүмкіндіктерін, көрсеткіштерін бір саралап өтті. Ауыл басшысының айтуынша, 2260 тұрғыны бар округте 54 шаруа қожалық тіркелген. Ерекше қарқынмен жұмыс атқарып жатқаны «Пионер» өндірістік кооперативі екен.

– Биыл өзге өңірлердегі секілді бізде де шөптің шығымдылығы жылдағыдан жоғары болады деп болжамдалуда. Ендігі жерде назарға алатын басты мәселе – тілсіз жау өртке жол бермеу. Алда ауа температурасы көтерілетіні белгілі. Сондықтан, өртті болдырмау шараларын күшейтуді көздеп отырмыз, – деді Самат Әбсадықұлы.

«Пионер» өндірістік кооперативінде 212 гектар жоңышқа, ұзақ жылдан өсіріліп келе жатқан 3 гектар алма бағы бар. Одан бөлек, бидай – 250, арпа – 250, мақсары – 250, қызылша 30 гектар алқапқа орналастырылыпты. Шаруашылықтағы 3500 бас уақ малдың, 2 мыңы аналық. Шопандар әр жүз басқа 95-тен қозы өргізіпті.
Біз өндірістік кооперативтің орақ түскен жоңышқа алқабында да болдық. Орақшы-механизаторлар Айтбай Дүйсенбаев пен Сәкен Жүршаевтың бір сәт бөгелуге уақыттары жоқ. Бітік шыққан шөпті дер кезінде орын алуға күш салуда. Жұмыс басынан кооператив басшысын да жолықтырдық.
– Биыл ұжым мүшелерінің көңілі көтеріңкі. Шөптің бітік өскені малшылар қауымын да қуантып отыр. Мәселен, шаруашылыққа қарасты 212 гектар жоңышқаның алғашқы орымда 85 пайызы шалғыға түсіп, жиналып алынды. Шығымдылығы әр гектарына 30 центнерден айналуда. Кооператив үлесінде 20 техника бар. Қызылша өсіру үшін биыл 7 миллион теңгеге лизингпен жаңа тракторға қол жеткізіп отырмыз. Мен басқаратын шаруашылық 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Жалақылары әртүрлі. 35 мың теңгеден төмен жалақы жоқ, жақсы жұмыс істегендер 100 мың теңгеге дейін айлық алады. Еңбегіне қарай төлемі. 30 гектарға биыл егілген қант қызылшасынан да үлкен үміт күтеміз, – деді кооператив төрағасы Жұмахан Алпысбаев.
Бұл шаруашылық бидай, арпа, мақсарыдан да мол өнім алуды көздейді. Мал шаруашылығын ғылыми жолмен өркендетуді де ойластырған. Себебі, Алматы қазақ су шаруашылығы ғылыми институтының ғалымдары бұл кооперативпен тұрақты байланыста болып, өндірістің ғылыми жолмен дамуына үлестерін қосуда.
Аз күннен кейін қой қырқыны басталады. Ол да тұрғындарға қосымша жұмыс көзі. Жалпы, шаруашылықта тұрақты еңбек ететіндерден бөлек жыл сайын науқан кезінде 35-40 адам қосымша жұмыс атқарады. Олардың да жалақылары көңілден шығады.
Ал молшылық орнаған биылғы жылы жасыл орақ науқаны «Пионерде» де қызып тұр.

Есет ДОСАЛЫ, 
«Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support