- Advertisement -

Барлық саладан ілгерілеу байқалады

84

- Advertisement -

Ауданның 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына ауыл тұрғындары немқұрайды қарамайды. Ақсу ауылдық округіне қарасты Оразалы батыр ауылында, соңынан Көккайнар, Ескі-Шу ауылдық округтерінде өткен есепті жиындарда осыған көз жеткіздік.

Орталықтан шалғай жатқан ауылдық округтердің тұрғындарымен өткен кездесулерде аудан әкімі Рүстем Дәулет есепті кезеңде ауданда атқарылған жұмыстарды баяндап, алға қойған маңызды міндеттер мен жоспарларын таныстырды. Әр өңірдің экономикалық даму басымдықтары Елбасы Н.Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауларынан туындайтын міндеттер мен қабылданған бағдарламаларға сай айқындалатынын жеткізді. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларындағы жетістіктер, тұрғындарды әлеуметтік қорғау және қамсыздандыру бағытында атқарылып жатқан шараларды саралап айтып берді.
Жалпы, ауданда барлық сала бойынша ілгерілеу байқалады. Соның ішінде өндірісте өркенді істер көп. Нақтырақ айтсақ, 2015 жылы 58 миллиард 510,3 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Индустриалық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығында ірі үш жоба – «Kax Ir Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақсары өңдеу зауыты, «Бірлік Энерго» мұнай өнімдерін өңдеу зауыты, «А&T Энерго»ЖШС – Тасөткел су электр стансасы іске қосылғаны белгілі. Соның нәтижесінде 74 жаңа жұмыс орны ашылып, есепті кезеңде бюджетке 19,1 миллион теңге салық түскен. Аудан басшысының айтуынша, биыл екінші тоқсанда кептірілген мия тамырын өңдейтін «Каz Mia» ЖШС зауытының құрылысы аяқталады екен. «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымдық жұмыстары да бітуге таяу қалыпты.
Өткен жыл ауданның ауыл шаруашылығы саласы үшін де табысты болған. Жыл ішінде 30 миллиард 149,6 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар, су үнемдеу технологиясын қолдану аясы кеңіп, «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында ауыз толтырып айтарлық тірліктер тындырылыпты.
Жұмыссыздық мәселесін шешуде де 2015 жыл оңтайлы болыпты. Бұл ретте «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының ықпалы көп екенін айта кетуіміз керек. Жалпы, ауданда 2508 адам жұмыспен қамтылған. «Өрлеу» пилоттық жобасына 1108 адам тартылып, оған республикалық және жергілікті бюджеттен 55196,0 мың теңге бөлініп, игерілген.
Аудан әкімі есепті жиындарда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының табыстарына да кеңірек тоқталды. Мәдениет саласының жұмысы жанданып келе жатқанын тілге тиек етіп, шулықтардың Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына белсене ат салысқанын қозғады. Облыс бойынша Шу ауданы мәдениет және өнер саласындағы «Үздік аудан» атануы – барша аудан тұрғындарының еңбегінің жемісі екенін айтып өтті. Былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында ұйымдастырылған байқауда аталмыш аудан жеңімпаз атанып, облыс орталығында өткен салтанатты жиында өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев аудан әкімі Рүстем Дәулетке «Газель» автокөлігінін кілтін тапсырғаны белгілі. Бұл автокөлік аудандық мәдениет бөліміне берілген болатын.
Есепті жиындарда жыл ішінде қол жеткізген табыстармен қатар, шешімін таппай отырған көкейкесті мәселелер де айтылды. Солардың ішінде бүгінде шулықтар үшін өзекті болып отырғаны – елді мекендерге газ тарту. Аудан әкімінің айтуынша, Шу қаласы мен төрт елді мекендегі 4793 аулаға қазір газ тартуға мүмкіндік туып отыр екен. Келесі кезекте Төле би, Көктөбе, Қонаев, Бірлік, Бірлікүстем ауылдарын және Шу қаласының бірқатар массивтеріне газ тарту жоспарланыпты.
Есеп беру жиындарында аудан әкімімен қатар, ауыл округтерінің әкімдері де өткен жылды қорытындылап есеп берді. Ауыл тұрғындары сұрақтар қойып, көкейлерінде жүрген бірқатар мәселелерді талқыға салды. Сұрақтар мен өтініштердің басым көпшілігі «көгілдір отын» тарту мәселесі болғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, ауыл көшелерінің жарығы, жол, жайылымдық жер, пошта қызметі туралы толғандырарлық проблемалар да көтерілді. Сауалдарға аудан әкімімен қатар, тиісті мекеме басшылары жауап беріп, түйткілдердің түйінін тарқатуға тырысты. Тұрғындар аудан әкімінің жыл қорытындысы бойынша жасаған есебіне оң баға берді.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support