- Advertisement -

Өнеркәсіпті өрге сүйрейтін бағдарламалар жеткілікті

76

- Advertisement -

Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанкенің қатысуымен өткен жиында облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық дамыту басқармасының 2015 жылғы қорытынды есебі тыңдалды. Өткен жылы облыс өнеркәсіп кәсіпорындары 274 миллиард 511 миллион теңгенің өнімін өндірген. Өндіріс көлемі Жуалы, Қордай, Сарысу аудандарында артқан. Сарысу мен Т.Рысқұлов аудандарында да ілгерілеу бар. Ал өзге аудандардағы кәсіпорындар 2014 жылғы межеден көріне алмады. 

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Олжас Ағабековтің айтуынша, индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығында облыс аумағында жалпы құны 552,6 миллиард теңгені құрайтын 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалар жүзеге асқан кезде аймақта 5 мың 500 жаңа жұмыс орны ашылмақшы. Былтырдың өзінде осы 26 жобаның алтауы жүзеге асырылып, 425 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда шетелдік инвесторлардың қатысуымен 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы. Аталған жобалардың көпшілігін жаңадан жүзеге асып жатқан «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймаққа орналастыру көзделуде.
Мәліметке сүйенсек, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 20 пайызды құрап, республика бойынша 8 орынды иеленіп отыр екен. Атап айтқанда, 63995 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тұрақты жұмыс істеуде. Бұған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының тигізіп отырған септігі мол. Жалпы, бағдарлама қабылданғалы бері жалпы сомасы 55 миллиард теңгені құрайтын 547 жоба Аймақтық үлестіру кеңесінде мақұлданып, жүзеге асырылуда.
Былтыр облыстың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен сауда байланысы 6,8 пайызға өскен. Сондай-ақ, Олжас Пернеханұлы халыққа ең қажетті азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөніндегі штабтың жұмысына да тоқталды. Облыс аумағында 40 базар тұрғындарға қызмет етсе, бағаны тұрақтандыруға арналған сауда орталықтары өз өнімдерін нарықтағыдан 30 пайыз арзанға өткеріп келген екен.
Олжас Пернеханұлы биыл 12 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отырғанын айтты. Оның ішінде етті өңдейтін «Халал» кәсіпорны экспортқа ірі көлемде өнім шығаруды көздеп отырған көрінеді. Басқарма тарапынан жұмысын дамытуды көздеп жүрген 1070 жас кәсіпкерге кеңестер берілген. Шағын және орта бизнесті дамыту әрі туризм саласын жандандыру мақсатында облыс аумағынан өтетін ұзындығы 495 шақырымды құрайтын «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автодәлізінің бойынан 8 жоба іске қосылған. Жалпы, 2015 жылы туризм бойынша көрсетілген қызмет сомасы 644,5 миллион теңгені құраған.
Жиында Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Олжас Көкей «Еврохим» тыңайтқыш серіктестігінің белсенді жұмысына тоқталды. Жаңа жоба «Асыл тұз» компаниясының жұмысын жандандыруға қаржы қажеттігін айтты. Облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова өзі басқаратын құрылымның жұмысына жан-жақты тоқталды. Ол өз сөзінде облыстық палатаға арыздардың көпшілігі шағын кәсіпкерлік субъектілерінен түсетінін, ол шағымдардың 80 пайызы шешімін тауып отырғанын, осылайша ірі кәсіпорындардың басшыларымен бірлесіп, кәсіпкерліктің дамуына кең қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталды. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Руслан Жайшаев кәсіпкерлікке кең өріс ашуда Талас ауданы азаматтарының іскерлігін өзге аудандарға үлгі етіп, Байзақ, Жамбыл аудандарының жұмысын сынға алды. Сондай-ақ, ол дүкенін, үйін кепілге қойып та «Дамудан» еш қиындықсыз несие алуға болатынын айтты. «БанкЦентрКредит» АҚ облыстық филиалының директоры Бекдауыл Ыптылдаев та кәсіпкерлікті қаржылай қолдаудың тиімді жолдарын түсіндірді.
Есепті жиынды облыс әкімінің орынбасары Тимур Амантайұлы қорытындылап, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ, ол облыс экономикасын өркендетуге кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласының ерекше орын алатынын айтып, басқарма жұмысын қанағаттарлық деп бағалады.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support