- Advertisement -

Малайзия инвесторлары меркіде олар ет экспортын арттыруға үлес қоспақ

89

- Advertisement -

IMG_0092 IMG_0062Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Меркі ауданындағы жұмыс сапарын алдымен «Меркі асыл тұқымды қой зауыты» акционерлік қоғамы қолға алған 5 мың 500 асыл тұқымды қой бордақылау жобасымен танысудан бастады. Шетел инвесторларының көмегімен Ақермен ауылдық округінде салынатын кешен алдағы уақытта өңір шаруашылықтарының ет экспортын арттыруына мол мүмкіндік бермек.

Жалпы, бұл – облыста шетел инвесторларын тарту арқылы жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі саналады. Мал бордақылау кешені құрылысын малайзиялық компания қаржы­ландырып отыр. Қос тараптың өзара келісімінің арқасында жүргізіліп жатқан жобаның жұмыс барысымен, тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі биыл ауыл шаруашылығы саласы үшін айтарлықтай табысты жыл болғанын атап өтті.

Расында, 2015 жыл шаруаларға қолайлы болды. Әсіресе, егін шаруашылығында мол өнім алуға қол жеткіздік. Облыс бойынша 386 мың тонна астық жиналған. «Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 89 пайызға немесе 181 тонна астыққа артық», – дейді Кәрім Нәсбекұлы. Аймақ басшысы мұндай жоғары көрсеткішке ауа райының қолайлылығы, жауын-шашынның мол түсуі мен ағын судың жеткілікті болуының септігі көп тигенін айтты. 

Облыс әкімі биыл агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 7,8 миллиард теңге бөлінгенін, соның арқасында ауыл шаруашылығы бағытында жалпы құны 16,3 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асырылғанын тілге тиек етті. Мемлекет қолдауының арқасында өңірімізде асыл тұқымды мал санын көбейту және бордақылау алаңдарын салу жұмыстары да қарқынды іске асып отыр. Мәселен, «Сыбаға», «Ырыс», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша жоспарланған жұмыстар облысымызда 100 пайыз орындалған. Осы жетістіктерді тілге тиек еткен өңір басшысы малайзиялық компаниямен өзара келісім нәтижесінде қолға алынған бұл жобаның сала ісіне сөзсіз серпін беретінін айтты.
«Меркі асыл тұқым зауытының» директоры Абзал Оспанов инвестициялық жобаны іске қосқанда күтілетін нәтижелерді сөз етті.
– Бізде мал бордақылауға қажетті мүмкіндіктердің бәрі бар. Қоймен бірге 250 жылқыны да күтімге алып, семіртетін боламыз. Мал азығының қоры жеткілікті. 120 тонна шөп жинап алдық. Зауытта еңбек ететін маман және жұмысшылардың барлығы осы Ақермен ауылының тұрғындары. Бұл зауыт жергілікті тұрғындардың негізгі жұмыс көзі болмақ. Жалақылары да көңілден шығады деп ойлаймын, – деді.
Абзал Мырзатайұлының айтуынша, жаңа кешеннің меншігінде 19 мың қой бар екен. Оның 5 мың 500-і биыл бордақыланбақшы. Қой санын көбейту және асылдандыру үшін Оңтүстік Қазақстан облысы және алыс-жақын шетелдерден асыл тұқымды меринос қойларын әкелуді жоспарлап отырған көрінеді.
Атқарылған жұмыстарға көңілі тоғайған облыс басшысы ақермендіктермен жүздесіп, тұрғындардың жай-күйін сұрап білді. Бір айта кететіні, жуырда ғана Ақермен ауылына газ кіргізілген еді. Ауыл тұрғындарының қуанышымен ортақтасқан Кәрім Нәсбекұлы бүгінде өңірдегі 372 елді мекеннің, 150-і «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті.
– Бұл көрсеткіш облыс бойынша есептегенде, шамамен 40 пайыздан асады. Ал Меркі ауданы бойынша 44 елді мекен болса, соның 38-і «көгілдір отын» жағып отыр. Яғни, меркіліктердің 80 пайыздан астамы табиғи газ тұтынып отыр деген сөз. Газбен қамтамасыз етілмеген 8 елді мекен тұрғындары аз ауылдар болып табылады. Осыдан-ақ Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміздің өсіп-өркендеп, дамып келе жатқанын көруге болады. Облысымыздың экономикалық-әлеуметтік жағдайы жыл өткен сайын жақсарып отырғанының айғағы да осы. Оған сіздер сияқты қазыналы қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың қосып жатқан үлесі мол. Өңіріміз сіздердің бата-тілектеріңізбен өсіп-өркендейді, – деді облыс басшысы.
Өз кезегінде ауыл ақсақалдары биылғы қой жылы расында сәтті жыл болғанын айтып өтті. Малайзиядан инвестиция тартылып, үлкен жоба құрылысы қолға алынғанын, ауылға «көгілдір отынның» келгені, сондай-ақ Алла үйі – мешіт құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуге жақын екенін айтып, ризашылықтарын білдірді. Мұның бәрі елімізде нық орныққан татулық арқасы екенін сөз етті.
Бұдан кейін облыс әкімі Т.Рысқұлов ауылында жуырда ғана пайдалануға берілген 180 орындық жаңа мектепке барды. Білім ошағының жаңа ғимараты оқушылардың бір ауысымда, жайлы кабинеттерде сапалы білім алуына мүмкіндік туғызып отырғанын айта кеткен жөн. Онда барлық қажетті жағдай жасалған. Мектеп интернет желісіне қосылған, интерактивті тақта және компьютерлермен қамтамасыз етілген. Лингафондық кабинет, шеберхана, асханасы бар. Облыс басшысы барлық қажетті құрал-жабдықпен жабдықталған жаңа мектептің мұғалімдері жаңа табыстарға қол жеткізіп, сапалы білім, тағылымды тәрбие беру жолында аянбай еңбек ететініне сенім білдірді. Сонымен қатар, Кәрім Нәсбекұлы оқушылардың мектеп шыршасы кешін тамашалады.

Нұрболат ӘЛДИБЕКОВ, 
«Ақ жол».

Меркі ауданы.

Суреттерді түсірген:
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support