«Шақпақата», «Күйіктің» қиын асулары

126

Облысымыздың Жуалы ауданы аумағында қар жауып, бұрқасын болуынан күрделі жағдай қалыптасқаны белгілі. Ауданның Көлтоған, Ертай, Ақтасты, Қостоған, Қошқарата , Қоңыртөбе секілді бірқатар елді мекеніне апаратын жолдарды жапқан үрінді қардың биіктігі – 1, кей жерлерде 3,5 метрге дейін жеткен. Тазалау жұмыстары жүргізілуіне байланысты «Алматы–Ташкент» автомобиль жолының аумақтағы бөлігі бір жарым тәулік бойы жабық тұрды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Талғат Сабыров кеше бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте ауданда қалыптасқан осы жағдай жөнінде айтып берді.
– 20 желтоқсан күні облыстық ішкі істер және төтенше жағдайлар департаменттері мен жергілікті атқарушы органдар алпысқа жуық адам мен 17 қуатты техника күшін жұмылдыруымен 2 автобус, 4 жүк, 42 жеңіл автокөліктегі 152 азамат (оның ішінде 16 бала) «қар тұтқынынан» құтқарылып, Б. Момышұлы мен Нұрлыкент ауылдарына жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ. Мұндай көмек екінші күні де жалғастырылып, жол бойында қалған 11 адам (оның ішінде төртеуі – бала, үшеуі – жаңа туған нәресте) жылыту бекеттеріне тасымалданды. Жалпы қарлы бұрқасынды жел тұратыны жөнінде алдын ала ескертулерді тұрғындар әркезде де естен шығармауға тиіс. Қарлы бұрқасынға қарамастан, жолға шығу жекелеген азаматтар тарапынан тыйылар емес, – деді ол.
Брифингте белгілі болғанындай, 18-27 желтоқсан аралығында апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілуі кезінде барлығы 337 адам (оның ішінде 30-ы – бала), 207 техника қар құрсауынан құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізіліпті. Осы күндері кезекшілік-диспетчерлік қызметке қарлы дауылға тап болғандар тарапынан барлығы 1470 қоңырау түскені тіркелген. Бүгінде аумақта осыған байланысты жұмыстар 120-ға жуық адам мен 23 бірлік техника күші жұмылдырылуымен тәулік бойы жүргізілуде. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдері, облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі мекемесі, басқа да тараптардан қант, май, ұн, шәй түріндегі азық-түлік өнімдері жеткілікті көлемде жеткізіліп берілген.
Жағдай әлі де бақылауда.

Баймаханбет АХМЕТ, 
«Ақ жол».

Comments are closed.