- Advertisement -

ДАҒДАРЫП ҚАЛМАС ҮШІН дайындал

106

- Advertisement -

Нургабылов
Мұрат НҰРҒАБЫЛОВ,

экономика ғылымдарының PҺD докторы, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің қызметкері.

Жаһанда орын алып жатқан қандай жағдай болса да бір-біріне оң немесе кері әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Сол секілді әлемді шарпыған дағдарыстың да біздің мемлекетімізге салқыны тие бастағанын ел сезуде. Елбасының өзі Үкімет басшысын қабылдау кезінде алдымызда қиын-қыстау кезеңнің тұрғанын және халықтың соған дайын болуы керектігін ашық айтты. Күн ілгеріден қам жасап, қиындықтан қысылмай шығудың түрлі тәсілдерін қолданудың арқасында халық әлі де болса әлеуметтік тапшылықты байқай қоймады. Дегенмен, доллар бағамының көтерілуі себепті теңгенің құлдырауы үлкен, орта және шағын кәсіпкерлікке айтарлықтай салмақ салып отыр. Соған сәйкес халықтың әлеуметтік жағдайына да кері әсер туындауда.
Әсіресе, сырттан тауар әкеліп, соны саудалаумен айналысатын, сондай-ақ, шетелдік тауарларды өзінің өндірісі үшін тұтынатын кәсіпкерлерге өте қиын жағдай туындағанын айта кету керек. Олар сырттан әкелінетін тауар үшін құн салығы ретінде орташа есеппен тауардың әр келісі үшін 9 АҚШ долларын төлейді. Осыдан әлденеше уақыт бұрынғы 9 доллар мен қазіргі теңгенің бағамын есептеп көріңіз, айтарлықтай шығын шығады. Ендеше, импорттық тауарларды саудалаушыларды кінәлаудың еш керегі жоқ. Демек, жұрт болып жаппай отандық тауар өндірушілерге қолдау білдіріп, Қазақстанда жасалған өнімдерді тұтынған абзал. Жалпы, дағдарыстан шығудың бір тетігі ретінде осы мәселені қарастыруға болады. Өйткені, кәсіпкердің тірлігі тіктеліп, өнімі өтіп кетіп жатса, елдің де еңсе көтеруіне оң ықпалы тимек. Қалайша дейсіз ғой? Біріншіден, отандық өнім импорттық тауарларға қарағанда анағұрлым арзан болады. Екіншіден, кәсіпкерліктен түсетін салық мемлекеттік бюджеттің бүйірін толтырады. Ал мемлекеттік бюджет дегеніміз – сіз бен біздің алатын жалақы, жәрдемақы мен зейнетақы, қала берді, салынып жатқан түрлі әлеуметтік нысан және басқа да ел әлеуетін көтеретін бағдарламалар.
Халық арасында «елімізде өндіріліп жатқан өнім жоқтың қасы. Бар болса да, бағасы арзан емес» деген теріс пікір қалыптасқан. Әлбетте, біздің елде күнделікті өмірге қажеттінің барлығы өндірілмейтін шығар, алайда, азымызды да бағалап, іздеп жатқанымыз шамалы. Дүкен сөрелеріндегі қай тауардың қай елден шығарылғанын әуелі көпшілік біле де бермейді. Ал Еуропа елдері, Ресей, Корей, Қытай сынды мемлекеттерде бірінші кезекте өз өнімін тұтыну қағидасы орын алған. Халыққа оны үндеп, насихаттап жатқан да ешкім жоқ. Олар өзінің ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін, патриоттығын осылай танытады десек, артық айтқандық емес. Ендеше, неге бізге де солардың осындай жақсы қасиеттерінен үйренбеске?!
Әлбетте, бүгінгідей дағдарыс жағдайында қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Түрлі бағдарламалар қабылданып, арнайы жоспарлар жасалуда. Осы уақытқа дейін жарияланған «Қазақстан – 2050» Стратегиялық жоспары, «100 нақты қадам» — Ұлт жоспары, «Бизнестің жол картасы – 2020» сынды бағдарламалар мен жоспарларды нақты басшылыққа ала отырып қимылдайтын болсақ, біз алмайтын асу, бағындырмайтын биік болмайды. Қандай қиындық туындаса да «көппен көрген ұлы той» деп, елдің еңсесін түсірмейтін халық екенімізді тағы бір дәлелдейтін сын сәті деп қабылдағанымыз жөн.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support