- Advertisement -

Рухы мықты елдің еңсеретін ісі мол

157

- Advertisement -

Қали Қораласбаев, 

суретші-мүсінші,
карикатурашы.

Еліміздің әр өңірінде 2007 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Патриоттар форумының қоғам тәрбиесінде, ұлттың біртұтастығын сақтауда алар орны ерекше. Елбасының қазақстандықтар алдына үлкен жауапты міндеттер жүктеген «Мәңгілік Ел» идеясы аясында биылғы ұйымдастырылған форумның тағылымы да, маңызы да зор болды. Бұл ұлтына деген махаббатын, яғни патриоттығын сөзбен ғана емес, ісімен, адал еңбегімен дәлелдеп жүрген әр саланың кәсіби мамандары бас қосты.
Ұлттың тұтастығының тұтқасы, өміршеңдігінің кепілі бола алатын құндылықтардың ең ізгісі – ол отансүйгіштік сезімі. Ол шынайылықпен, тазалықпен, дәстүрге деген адалдықпен, тіліңе, дініңе, діліңе деген құрметпен өлшенеді. Адами қасиеттердің осы қағидаттарын бойына сіңіріп, жүрегінің сүзгісінен өткізген азаматтардан құралған қоғамның рухы ешқашан аласармақ емес. Рухы биік елдің бағындырар биігі де мол.
Әлемнің көптеген елдерін экономикалық, ал кейбір мемлекеттерді рухани дағдарыс жайлаған толқымалы кезеңде тыныштығын сақтаған қазақ елі өзінің біртұтастығымен, мызғымас бірлігімен ғана барлық қиындықтарға төтеп бере алады. Жер бетіндегі тіршіліктің бедері сан алуан себептермен үнемі өзгеріске ұшырап тұрады. Мәселен, соғысты бастан кешкен мемлекеттердің өмір сүру үрдісі, әлбетте, басқаша сипат алады. Экономикалық тұрғыдан әлсіреуді былай қойғанда, халықтың жігері мұқалып, тіпті ұлттық рухани құндылықтарын жоғалтып алуы бек мүмкін. Бұл – ұлт тағдыры үшін ең нәубетті қасірет. Қазақ қазақ болғалы да мінсіз, мамыражай өмірді ғана сүрдік дей алмаймыз, қаһарлы жылдармен, қайғылы оқиғалармен бетпе-бет келген кезеңдер аз болған жоқ. Біз – есеңгіреп барып ес жиып, езіліп барып еңсе тіктеген халықпыз. Ел басына төнген барлық қатерді еңсердік, ендігі жерде үлкен державалардың өзі қызығып та қызғана қарайтын бақуатты, бақытты күнде өмір сүрудеміз. Тарихымыздағы тағдырлы кезеңдерде қазақты құтқарған қандай күш? Бұл, әрине, ұрпақтар сабақтастығында қуатын жоғалтпаған ұлтымыздың тектілігі. Уыздай ұйыған ынтымағымыздың кепілі де осы тектілік. Бұл асыл қасиет ұлтжандылық ұғымымен астасып жатыр. Қазақтың түсінігінде тектілік дегеніміз – ыждаһаттылық, байсалдылық, парасаттылық, салт-дәстүрге деген құрмет, адами ізгі қасиеттер ұстанымы, ар-намыстың асқақтығы. Осы қасиеттермен қаруланған кез-келген қазақ баласы – нағыз патриот. Халқының, Отанының мүддесін биік қоя білген патриоттар қатары артқан сайын тектіліктің де қадірі өсіп, қоғамда қайшылықтар оңай шешіледі, тіпті орын алмайды. Тектілік қанмен беріледі, тәрбиеден азық алады. Сондықтан ел болашағына қызмет ететін ұлттық тәрбиені жас ұрпақ бойына сіңіріп отыру парыз.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support