- Advertisement -

Cоғыс жылдарының шерлі шежіресі

221

- Advertisement -

Сұрапыл соғыс басталғанда қабырғалы қазақ елінің саны алты миллионнан астам болыпты. Соның екі миллионнан астамы оқ бораған ұрыс даласында Отан үшін от кешті…
Елден береке қашқан сол заманда облысымызда небәрі 300 мың ғана халық болса, соның 70 мыңға жуығы майданға шақырылды. 15429-ы майдан даласында опат болды, 17639-ы хабарсыз кетті, 107-сі тұтқыннан қайтпады, 36260 жауынгер елге оралды. 270 жамбылдық қыз-келіншектер майдан даласындағы шайқастарға қатысты. Қасиетті жерімізден 20 батыр, 7 «Даңқ» орденінің иегері шықты.
Қиян-кескі майданға азық-түлік, жылы киім басқа да мұқтаж бұйымдарды жіберу облысқа міндеттелді. Облысымыздан 1943 жылдың жазына дейін 77 вагон астық жөнелтіліпті. Жамбылдықтар атынан жөнелтілген 21 вагонның 14 вагоны Жамбыл қаласында тиелсе, қалған 7 вагон Меркі, Шу, қазіргі Т.Рысқұлов аудандарында тиелген. Келесі 1944 жылы облыстан 118 вагон түрлі азық-түліктер жөнелтілген.
Соғыс жылдарында облысымызға 62 мың адам эвакуацияланған. Көшіп келген 5 госпиталь жұмыс істеген. Жамбылдың маңында тұтқындарды ұстайтын лагерде болыпты.
ТарМПИ мен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Ұлы Отан соғысы кезіндегі жамбылдықтардың ерлігі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған белгілі тарихшылар мен қоғам қайраткерлері және ардагерлер қатысты. Жиын барысында «Жамбыл облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты деректі фильм (режиссері Қасым Аманжол) және осы аттас кітаптың (жетекшісі Мәмбет Қойгелдиев, Қазақстан Тарихшылар одағының төрағасы) тұсаукесері өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов жастардың алдында келелі сөз сөйледі. Конференцияны аталмыш оқу орнының ректоры Дария Қожамжарова жүргізіп отырды.
— Кеңес одағы Қазақстан болмаса жеңіске жете алар ма еді? Қазір соғыс тарихын тәуелсіз көзқараспен зерттейтін кез келді. Ойыңды іште сақтап, бүгежектеп қалатын уақыт емес. Тәуелсіз ел екенбіз, үнімізді батыл шығарайық. Еңбектеніп, ізденіп тапқан шындықты жастар оқуы керек. Бүгін міне тұсауы кесіліп отырған кітапта мынандай дерек бар. Калининград майданында Қазақ елінде құрылған екі дивизия шайқасқан. Сол дивизияда жамбылдық Ыбырайым Сүлейменов деген батыр да болды. Ыбырайым Кеңес әскерінің ең үздік сұрмергені. Жерлес мергеніміздің 289 қорғасыны жауды сұлатқан. Оның алдында бір қорғасынмен Украин қызы алда тұр. Сұрмерген Ы.Сүлейменов пен пулеметші М.Мәметова бір күнде бір төбенің басында өлім құшты. Екеуі де батыр атағына ұсынылды, бірақ батыр қызымыз алды да құралайды көзге дәлдеген мергеніміз алмай қалды. Жұмбақ. Неге оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілмеді? Кітапта атақты «Марс» операциясы жайлы да деректер бар, – деді Қазақстан Тарихшылар одағының төрағасы Мәмбет Қойгелдиев.
– Соғыс жылдарындағы адам шығыны тек майдан даласында  емес, тылда да аз болмаған. Атылған зеңбірек, жарылған бомба жоқ жерде ел неге мұнша қырылды? Сену қиын. Соғыс кезіндегі ашаршылықты біріміз білсек, біріміз білмейміз. Соғыс тауқыметін тартқан Мәрзия Ибрагим апамыздан сұхбат алғанымызда «ашаршылық болды ғой» деп қалды. «Ашаршылық» деген сөз бізге ой салды да зерттеуге кірістік. Құпия құжаттан тапқан дерегіміздің мазмұны мынандай. Мысалы, Шу ауданының Новотроицк ауруханасына аштықтан бұратылып әлсіреген көп адам түскен. 1943 жылдың қазан айында он үш адам түссе, үшеуі көз жұмған. Қараша айында он алты адам түссе, оның алтауы өлген. Қараша айындағы факт айна қатесіз желтоқсан айында қайталанған. 1944 жылдың қаңтар айында аштықтан 22 адам, ақпан айында 12 адам түскен. Халықтың аштыққа ұрыну себебі сол кезде халықтың әлеуметтік жағдайы бақылауда болмаған. Тек қана майдан даласына жоспарлы түрде азық жөнелту қатаң бақыланған.
«Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жамбыл өңіріндегі аштық жөнінде» тақырыбында баяндама жасаған тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек Тілеубаев осылай деді.
Елден береке кеткен уақытта Жамбылдағы шолақбелсенділер құран, намаз оқуға тыйым салыпты. Иманы берік жандар тығылып оқыған. Жасыратыны жоқ, қысым қатты болған соң бір-екі жылдай намазға жығылмай кеткендер болыпты. Асыра сілтеушілер намаз оқитындарға «Құдай жоқ» деп мәжбүрлетіп айтқызған екен. Мысалы, қарапайым еңбек адамы саудамен айналысқаны үшін он жылға, екі уыс бидай ұрлағаны үшін екі жылға түрмеге жабылған. Өндірістік жұмыста трактордың бір бөлшегін жоғалтып алғаны үшін еңбекақыдан қағылған. Төтесінен айтқанда, соғыс кезінде қарапайым халықтың билік тарапынан көрмеген құқайы қалмаған. Ғасыр жасаған Уәзиқа Арықбаеваның естелігінде сол уақыттың шындығы осылай сайрап тұрды.

Қанат Тілепберген,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support