- Advertisement -

Майктің рекорды мәңгілік емес!

111

- Advertisement -

Головкин «темір Тайсонның» көрсеткішіне түзету енгізді

Бұл кездесуді бокс жанкүйерлері мен мамандары асыға күтті. Асыға күтетін себебі Геннадий Головкин бірер жылдан кейін ғана солақай боксшымен рингке шықты. Арғы тегі кубалық саналатын «Боксино» турнирінің жеңімпазы кіші Вилли Монро Генаға қаншалықты қарсылық көрсете алады, қазақ боксшысы темір Тайсонның рекордын бұза ма деген ойлар елді мазалады.
Сонымен, Калифорнияның Невада штатындағы «Форум» аренасына жиналған жұртшылық өздері ойлағандай «қасқыр мен қоян» ойынын көрді. Ә дегеннен шабуылға иек артқан қолтырауын терілі GGG қарсыласын тығырыққа тіреді. Рингтің бесінші бұрышын іздеген Монро бастапқыда оң қолын, яғни, джебін серпи жұмсап, аяққа ойнап, мүмкіндік бермеуге тырысқанымен «Қазақ Тайсоны» қарсыласын бұрыштарды сауатты кесу арқылы «қуалап» жетіп, тығырыққа тіреді. Әлбетте, Майқұдықтан шыққан майталман боксшы алғашқы раундта сойқан соққысын жұмсай қойған жоқ. Сол қолмен қапталдан сілтеп, апперкотпен байқап, тікелей тастап көрді. Монроға бұл соққылардың өзі әсер еткенімен боксшылар династиясынан шыққан қара бала қаймыға қоймады. Екінші раундта әйгілі панчер іске кірісті. Тағы да сол қолмен бағытталған соққылар Виллиді білгенінен жаңылдырып, тәлтіректетіп жіберді. Сериялық шабуыл сол жақтан бағытталған қос апперкот, қапталдата жасалған бақылаушы соққымен түйінделіп, Монро ринг төріне сұлқ құлады. Жұртшылық анық аутсайдер санаған Монро ер екен. Тұрды. Есін жиды. Тағы да соққылар алды. Қайтадан сол қол маңдайында жасындай ойнап, тікелей соққы мен әлгі апперкоттар жанап өтті. Соңғы қапталдата жасаған қол дөп тимеді. Оң қолмен бағытталған тікелей соққы да бәлендей дарымады. Әйтпесе, Монроның мәселесі бітіп еді. Вилли арқан бойы тартылған кермені жағалай барып, жалпасынан түсті. Тағы да аяғын тіктеді. Кездесуді жалғастырды. Раунд соңына дейін шыдас берді.
Бірден айта кетейік, Вилли жақсы боксшы ғана емес, жекпе-жектің сәнін бұзатын айлакерлердің санатынан емес екен. Әйтпесе, Гена жақындағанда Мартин Мюррей секілді қолын байлап, клинчке кіріп, уақыт созар еді. Үшінші раундта Вилли тіпті қорғанып қана қоймай шабуылға да шықты. Әрине, бұл жерде қазақ боксшысы қарсыласының қарымын байқап көру үшін мүмкіндік бергенін де айта кету керек. Головкин бірнеше соққы жіберді. Әдейі жасағанын қимылынан да аңғардық. «Келе ғой, Вилли, шамаңды көрейін» деп, соққы тиген сайын басын изеп, «барың осы ма, көрсет өзіңді» дегендей кейіп танытты. Монроның сол қолмен бағыттаған тікелей соққылары нысанаға дөп тигенімен, онша-мұншаға бой бермейтін Генаға түк те әсер еткен жоқ. Раунд соңына қарай Головкин өзінікін қайтарып, алмас қылыштай жарқыраған қос қолын қатар сермей жүріп, қарсыласын қаймықтырды. Джеб те, апперкот та, тікелей соққы да Монроны орнына қойды. Төртінші раундта Головкин қарсыласын тағы сынап көріп, бірнеше соққы өткізіп алды. Өзі де қалауынша соқты. Дегенмен, бұл раунд ұпай санымен Монроның еншісіне жазылды.
Бесінші раундтан бастап, Геннадий Головкин соққыларына салмақ қоса бастады. Қарсыласы не істерін білмей әлек. Бұл күні Гена солақайға көбінесе сол қолының қауқарын көрсеткісі келгендей әсер қалдырды. Қалауынша қарсыласын сабаған Головкин бесінші раундта кездесуді аяқтаған жоқ. Өзі айтқан драмалық шоу тез бітіп қалмасын деген болуы керек, Монроның әуселесін байқады.
Алтыншы раунд шешуші кезең болды. Кезең финишіне таямай тұрып Головкин Монроны сабаудай сабады. Түрлі комбинациялар Головкинді жаттығу залында жүргендей көрсетті. Еркін, шалт қимылдар. Дәрменсіз Вилли раунд бел ортасынан ауғанда тағы да ринг төрінде шалқалай жатты. Қос қолмен бағытталған соққылардың соңғы екеуі дөп тимеді. Тәлтіректеп жүрген Виллиге сол соққылар дарығанда не болар еді? Монро тұрды. Бірақ, кездесуді жалғастырудан бас тартты. Болды! Енді Майк емес, рекордсмен Гена! Иә, бұған дейін қатарынан 19 кездесуде қарсыласын жер бауырлатқан Майк Тайсон ерлігі тарихтың арғы бетінде қалды. Енді ол рекорд қазақ баласына тиесілі. Геннадий Головкин 20 кездесу қатарынан қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңді. Браво! Кездесуден кейін темір Тайсон Гена туралы жылы пікірін білдірді. «Геннадий Головкин – орта салмақтың теңдессізі. Оған психологиялық, тіпті мистикалық шабуылдар жасалынып жатады. Біз ол туралы әлі де көп білмейміз. Бір анығы оның күші шектеусіз. Мүмкіндігі де. Ол қазірдің өзінде аты аңызға айналып кетті», – деді даңқты боксшы біздің батыр хақында. Ал Головкиннің өзі рингте тұрып Макс Келлерманға берген сұхбатында: «Мен үлкен кездесулерге дайынмын. Сауль Канело Альварес, Мигель Котто секілді жігіттермен бірнеше жылдан кейін емес, дәл қазір шайқасуға әзірмін. Біріккен тұжырымдар белдігі сарапқа салынатын кездесу өткізгім келеді», – деп өз ойымен бөлісті.
Енді кім WBA super, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, WBC версиясы бойынша әлемнің уақытша чемпионы Геннадий Головкинмен шайқасуға келісім берер екен. Уақытында көрерміз.

Табиғат Абаилдаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support