- Advertisement -

Сәду батыр

229

- Advertisement -

1. Ар әмірі

…Сол күнгі кешкі астың қамына бола жайылған дастарханның басында тоқайласқан жандардың назары пәс, азын-аулақ бұйырған дәмге тәбеттері шаппай отырды. Үлкен-кіші деп бөліп жатпай-ақ қоялық, қалай екенін кім білсін, бәрінің жүздерінен бір түрлі әлдеқалай үрейдің табы сезілгендей. Осы шаңырақтың отағасы Шәкірден басқасы алдарына келген шайдан бір-екі кеседен ғана ауыз тиіп, шеттеп-шеттеп шыға берді. Шаңырақ иесі соншама тандыры кеуіп қалғандай қара шайды сыздықтата сораптап, үнсіз-түнсіз отыр. Бұл кісі өмірде кездесіп жататын қандай қиналысты сәттерде де ұнжырғасын түсірмей, ұзын да еңселі бойын тік ұстаған қалпынан бір танбайтын. Бүгін ойда жоқ жерде сол дағдысынан жаңылғандай, екі иығы еңкіш тартып, қайратты белі де бүгіле түскендей. Көкшілдеу келген жанарынан оқта-текте әлдеқалай ашу мен ызаның ұшқыны жарқ-жұрқ білініп, маңайындағыларды бұрынғыдан да мазасындандырып, дегбірін қашыра түсетіндей. Қалай дегенде Шәкеңнің осы бір сәттегі ішкі жан-дүниесіндегі күйзеліс пен арпалыстың жөні бөлек, салмағы ауыр еді.
Осындай көп көңілдерді күпті еткен алмағайып тұстың бір қаға берісінде:
– Шал-ау, шай суып барады, шайнекті отқа қояйын ба? – деп еді Әнипа. Шалының жауабы қысқа, шорт-шорт шықты.
– Жоқ, болдым. Қара суды қашанғы сораптай берейін. Бұл, шіркін, ең болмаса көңіл аулауға да жарар деймісің?..
– Көке, нені айтып отырсыз? Сәду біресе әкесіне, біресе шешесіне жалтақ-жалтақ қарады. Осындай іштей күйзелістер үстінде әкелі-балалы жандардың жанарлары бір сәт түйісіп қалып, отағасы назарын басқа жаққа аударып әкетіп еді. Бұрындары жер қозғалса қозғалмастай көрінетін әкесінің мұнысы несі. Бозбала Сәдудің де жүрегі қобалжуға айналды.
Осы кезге дейін қабағына қылау түсіріп көрмеген ата-анасының мұнысы қалай болғаны? Көздерінің ағы мен қарасындай көретін жалғыз ұлдарын қатардан қалуға қалай қияды? Бұл Сәдудің үш ұйықтаса ойына оралмақ түгілі қаперіне кірмеген нәрсесі. Әке балаға қай кезде де асқар таудай көрінгенімен мына Шәкең қой аузынан шөп алмас қара шаруаның Құдайға қараған момындарынан еді. Ол кісі сол ұя бұзбастығына салып, томаға-тұйық отырған шығар. Ал көңілінің қошына қарай үйге де, түзге де айбынды көрінетін анасының мұншама қабағы түсіп, томсырайған күй кешіп шыға келгеніне жол болсын? Бозбала жігітті осындай ойлар мазалап, сапасын сан саққа жүгірткенімен, әуелгі шешім, әуелгі байламынан қайта алмады.
– Көке, балалық жасап, артық айтсам кешіріңіз. Сегіз айдан бері еліміздің бір жағын өртке тұншықтырып жатқан соғыс қабырғама қатты батып жүр. Шәкір әке сонда барып тілге келіп еді.
– Е, балам, бәрін сезіп те жүрмін, қазір естіп те отырмын. Бірақ, әр нәрсенің кезі, қисыны болмай ма екен? Сенің шақыру қағазын алмай жатып, майданға өз бетіңмен кете беремін дегенің қалай болмақ? Мен соған түсінбеймін.
– Ой, әке-ай, бір жапырақ қағазда тұрған не бар? Соны күтіп отыра берсек, жаланған жау не тамтығымызды қояды?
– Шырағым, бала дейін десем, бала емессің. Ол жақта той болып жатыр дейсің бе? Соғыстың аты-соғыс. Өмір мен өлім бетпе-бет келіп жатыр. Ең болмаса қабырғаңды қатайтып барып аттанбайсың ба? Сонан кейін алдыңда ағаң, не артыңда інің тұрса… Онда әкең екеуміздің етегіміз жасқа толмас еді ғой. Қабырғасы қатпаған жалғыз тұяқты қалай қиямыз? Адуынды ана омыраулап, тебірене сөйледі. Бірақ бала қанша айтқанмен ананың алдында батылдау, еркіндеу келеді емес пе?
– Ой, апа-ай, мына Күләшәй мен Мейрамкүлдер тұрғанда мен қалай жалғыз болам? Бұл екеуі менің қос қанатым емес пе? Тұлымшақтары желбіреген екі қыз өздерінің аттары аталғанда біріне-бірі қарап, өздерінше масайрап қалған еді.
Шәкір мен Әнипа әлі күнге дейін аузынан ана сүті кетпегендей көрінетін Сәдуден мұндай сөз күтпеген-ді. Бұл уақыттан жүйрік, уақыттан шапшаң еш нәрсе жоқ екен ғой. Кеше ғана ақ таяқты ат қып мініп, көшенің борпылдақ топырағының шаңын шығарып, асыр салып ойнағаннан басқа еш нәрсемен ісі жоқ Сәду емес пе еді бұл? Соның бәрі бір-ақ күнде көзден ғайып болып, бозбаланың «майданға аттанамын, жарақты жаумен айқасамын» деп құлшынып шыға келгенін қарамайсың ба? Ата мен ана бұл жағын ойлап, тәубеге келетін болса, балаларының ер жетіп, демнің арасында есейіп шыға келгенінен артық қуаныш бар ма? Соғыс деген бәле әлгінде Сәду айтқан аз уақыттың ішінде қаншама жас азаматтың өмірін қиып, ауыл-аймақты, туысқан-туғанды күңірентіп кетті. Ойға осы жағы оралғанда ата мен ана іштей үн-түнсіз қан жұтып, жандарын қоярға жер таппай шыға келгендей еді.
Бұған жалғас екеуінің де жан-дүниесін «осыларды көре, біле отыра шақыру қағазы, мерзімі келмей жатып мұның сонша желіккені несі, әлде қан тартып тұрғаннан сау ма?» деген күдік жегідей жеп бара жатқандай. Қанша іштей қажып, қалжырағанымен, әке енді бір сәт қажыр-қайратын жинап алғандай болды.
– Балам, әлі де ойланып көр. Кешікпей саған да пешенеңе жазылған шақыру қағазы келіп қалар.
– Көке, оған неге сонша мазасыздана бересіз. Майданға өзі сұранып кетіп жатқан азаматтар аз ба? Және бұл ойымды Жартыбай көкеме де айтқанмын. Ол кісі Аккөлге дейін шығарып саламын деп отыр, – деп Сәду бұрынғысынан да батылдана сөйледі. Осы кезде Шәкең «бәрін бүлдіріп, мұның қолтығына су бүркіп жүрген сен екенсің ғой» дегендей інісіне ала көзімен ата қарап еді. Үлкен кісінің қабағы тіпті қатулана түсіп, жазықсыз Жартыбайды үн-түнсіз-ақ түтіп жібере жаздап отырды. Бұл көрініс ағадан гөрі Сәдуге қатты батып бара жатты. Ең болмаса сөзбен араша түсуге ұмтылды.
– Көке, сіздер Жартыбай көкемді жазғыра көрмеңіздер. Бұл кісі де өз кезегіңді күтсеңші, жөнсіз қайда асыға бересің деп қиылып та айтты, қиналып та айтты. Бірақ мен де азамат емеспін бе? Олай болса, сол азаматтық борышымды елден қалмай неге өтемеске?
Сәдудің алған бетінен қайтпасына үй-ішінің, ата-анасының көзі жетті. Әрі түннің біразға барып қалғанын байқаған Шәкең қария:
– Жарайды, таң атсын, таң атқаннан кейін тағы бір мәнісі болар – деп ауырлау қозғалып, орнынан әрең тұрды. Тұра бере үстіне сілке жамылған шапанының екпінінен болмашы сығырайып тұрған жаяу шам лап етіп барып өшіп қалды. Жан-жағын сипалап шырпы таппай әбігерге түскен Әнипа шешей:
– Шал-ау, байқасаң етті, енді төсекті қайтіп салдым. Сәду адуын анасының болмашы нәрсеге қиналғанын бірінші рет көріп тұр. Ақсары келген орта бойлы анасы күш-қайрат жағынан ауылдағы онша-мұнша қайындарына есесін жібере қоймайтынын баласы да жақсы білетін. Әрі мінезі де морт, еркек шатыстау еді. Үй-іші тұрмақ көрші-қолаң, ауыл-аймақтың да ұсақ-түйектерін елей қоймайтын. Сондай бірбеткей жанның күйреп шыға келуінің жайын Сәду сезді де, түсінді де. Мұндайды қазекең «ана көңілі балада, бала көңілі далада» деп тұспалдаған ғой.
Сәду қараңғыда сипалап жүріп шырпы тауып бергенімен анасы май шамды тұтата алмай біраз әуреге түсіп еді. Соған көңілі бұзылды ма, қолына іліккен бір көрпенің астарын сөгіп жіберіп, бір уыс мақта алып, онысын қараңғыда ширатып, қойдың еріп тұрған майына малып жатып, ақыры тұтатты-ау. Оның жарығы қайдан керемет бола қойсын, үйдің ішіне сығырайған жарықтың сәулесі түскен болып жатты. Әнипа шешей сонда да сипаланып жүріп, күндегі орындарына төсек жайған болды. Балалары жатып қалды. Ол шіркіндер нені ойлап, нені біліп жатыр. Артынша ұйықтап та кетіп еді. Жартыбай қайнысы мен келіні Маржанкүл қоржын тамның қарсы басындағы өз бөлмелеріне кеткен.
Шәкең мен Әнипа шешей қанша жатқанымен көздерін іліндіре алсашы. Әрі дөңбекшіп, бері дөңбекшіп, мазалары әбден кетті. Сөйтіп жатқанда даладан бір сарын келіп, артынша желдің үдей түскені сезіліп жатты. Сірә, кешке қарай күн бұзылғалы тұрғандай еді. Мынау соның дерегі болса керек. Өздерінің көңілдері алажаңқы болып жатқанда мына күннің бұлқан-талқаны шыққаны қосылып, шырықты одан сайын бұза түсті.
Ұйықтай алмай жатқан Шәкең шапанын жамылып далаға шықты. Табиғат шіркіннің де мінезі қызық. Кейде оны адам түсініп болмайтындай. Әлгінде ғана дүниенің бәрі мажыра-жай еді. Табан астында өзгеріп шыға келгенін қарамайсың ба? Демнің арасында жел көтеріліп, алай-түлей шығып, Шәкеңе есіктің өзін әзер аштырған. Бірақ Шәкең лапылдаған желді де, соған ілесе соққан ызғырықты да елеген жоқ. Есіктің алды қап-қараңғы, еш нәрсе көрінбейді. Шәкең үйден шыққан бойда сол шыққан жерінде тұрып қалды. Енді бір сәт батыстан екілене соғып тұрған жел пышақ кескендей сап тыйылды. Артынша тысыр-тысыр жаңбыр жауа бастады.
Қыс іші. Мың тоғыз жүз қырық екінші жыл жаңа басталған. Қаңтар. Табиғат шіркіннің адам түсінбейтін құпиялары әлі де ұшан-теңіз. Әйтпесе, уақыттың мұндай мезгілінде жаңбыр жауушы ма еді? Соғыс деген жаланған бәленің хабары шыққалы дүние түгел астаң-кестен болып бара жатқандай ма, қалай өзі? Қазақ шіркін жауынды аспаннан жауған нұрға балап, еш уақытта шеккі көрген емес. Бірақ қай нәрсенің де адамның көңіліне қонған мезгілі бар. Шәкең қария мына шырттай қараңғылық құшағында тұрып сондай ойлар кешеді. Ол кісі сондай алажаңқы ойлар құшағында тұрып, далада едәуір кідіріп қалғанын сезбеп еді. Онсыз да келмей тұрған ұйқысы бар болғыр одан сайын шайдай ашылып кетті. Сөйткенімен қараңғы түн құшағында қашанғы тұра берсін, ақыры үйге кірді. Шалының бұл күйін төсекте жатып-ақ сезіп жатқан Әнипа шешей:
– Шал-ау, сонша кешіктің ғой, жалғыздан-жалғыз далада сонша жүріп алғаның не? – деп еді. Шалының күйзелісі бұл кісіге де батып жатыр, әрине.
– Далада нөсерлете жаңбыр құйып тұр. Бұл дүниені адам түсінбейтін болып барады ғой. Әйтпесе, қаңтарда да жаңбыр жауа ма екен?
– Айналайын, Алла тағала, жалғызыма жар бола гөр. Соның жолы жеңіл болсын деп төгіліп тұрған шығар. Бауыр етінен жаратылған баласының қамын ойлап, еріп, езіліп жатқан қайран ана көңілі-ай, десеңші.
– А, Құдай, бұл өмірімде саған тіл тигізіп көрген жерім жоқ еді. Сен тұрмақ көлденең жүрген көк аттының алдынан шығып көріппін бе? Несібеміз маңдайымыздың тері еді. Иә, Құдай, сөйткен пенделеріңнің түтінін мезгілсіз өшіргің келмесе, Сәдуді жазатайым жазымыңнан сақтай гөр!..
Таң ағарып атқанша көздерін ілмеген Шәкір мен Әнипа шешей осылайша жаратқанға жалбарынып, тілек тілеп, аязды күні айналып, бұлтты күні толғанғандай болып шыққан. Өмір деген шіркіннің тәтті де, ащы да сәттері көп қой. Бүгінде жастары талай жерді өрлеп қалған бұл екі пенденің ынтымағы жарасып, бір шаңырақтың астында ашты-тоқты күн кешкендеріне талай жылдар болған екен. Осы жылдар ішінде олар он үш нәресте көріп, онын қара жердің қойнына беріп, қолдарына қамығып жүріп үшеуін-ақ ұстап қалған екен. Отырса да, тұрса да Құдайдан солардың амандығын тілейтін. Енді міне, сол тілектеріне сызат түсіп, жалғыз ұлдары Сәду ел басына түскен тауқыметке шыдай алмай, өзі тіленіп майданға аттанғалы жатыр. Адам сансырап, сарыла бергеннен кейін ойына не келіп, нелер кетпейді дейсіз? Шәкір қария мен Әнипа шешей қашанғы уайым-қайғы жей берсін, енді бір сәт Құдайдың ұл бергеніне, оның ел қатарлы ер жетіп, қатарынан қалмай «майдан аттанамын» дегеніне де шүкіршілік етіп, кей-кейінде тіпті көтеріле түскендей де күйлер кешеді. Адам қашан да – адам. Оның маңдайына қуаныш та, қайғы-қасірет те жазылған. Жұмыр басты пенде маңдайына жазылған нәрседен еш уақытта қашып құтыла алмайды. Тіршілікті қанағатпен кешкен жандар оның қай-қайсына да риза.
…Қырықтан аса түтіннің басын қосып, ел қатарлы тіршілік кешіп жатқан «Сарыдала» колхозынан үш адам ертелете жолға шығып еді. Түнгі жауын қанша жерден нөсерлете құйғанымен ашылғаннан кейін арты жақсарып, ауа тазарып, адамның сарайын аша түскендей. Бұл өңірдің жері құмдақ. Жауын қанша жауғанымен жерге сіңіп кеткен, құмақты жол ширақ. Ол заманда көбіне екі аяғына ғана сенетін жандарға мұнан артықтың керегі де жоқ, осының өзі үлкен олжа, мұндайда бір басқан қадамың өзінен-өзі екеуге айналып жүріп беретіні қандай рахат десеңізші.
– Иә, Құдай, әмісе жолымды осылай жеңіл қыла көргей. Сәдудің көкейінен осы бір сөздер ауылдан шыққалы кетпей-ақ келе жатқандай. Бұған қоса дәл ауылдан шығар сәттегі көрініс те көздің алдында. Бәрінен де ана шіркіннің ыстық құшағын айтсаңшы. Анасы Әнипа баласын ыстық құшағына алып тұрып, беті-көзінен сүйіп, маңдайынан иіскеп, біраз кідірді. Осы тұста іштей қанша босап тұрғанымен Шәкең қария ерекше бір қайраттылық көрсетіп еді.
– Әй, кемпір, қайдағы жаман ырымды бастама, баланы жасытпа ауылдан қайраттанып, жігерленіп аттансын. Шалының осы сөздерінен кейін Әнипа шешей де бойын тез жинап ала қойған. Осыдан кейін Шәкең баласына жақындап келіп былай деген:
– Балам, аман барып сау қайт, жортқанда жолың болсын, ата-бабаңның әруағы қолдасын! Ал өзім біраз жерге дейін шығарып саламын, аттан, балам!
Бұл өңірде не көп құмды төбелер көп. Сол жон-жоталардың арасын ирелеңдеп тартатын жолдың арнасы біразға дейін айқын аңғарылып жатыр еді. Соның алдында келе жатқан Шәкең қария үшінші төбеге шыққанда кілт тоқтады. Бұған дейін жолға шыққан үшеудің бірде-бірі тіл де, үн де қатқан жоқ-ты. Кілт тоқтаған Шәкең тебірене, толғана тұрып тіл қатты.
– Ал, балам, мен осы жерден қайтайын. Мынау киелі төбе, қасиетті мекен еді. Әруағыңнан айналайын, иманды болғыр Құлшық атамыз қолын осы төбенің басына жинап, жарақты жауына қарсы келелі кеңес құрған деседі. Жауына аттанып, қиын-қыстау күндер кешіп жүріп, жауын жеңіп, қайтып келіп осы төбенің басына шыққанша белін бір шешпеген екен. Балам, Алла тағала саған сол батыр атаңның жолын берсін. Еш уақытта сағың сынып, назарың пәс болмасын!
– Әкелік ақ батаңызға ризамын, көке! Өздеріңіз де аман болыңыздар!
– Біз ел ішіндеміз ғой, өзің сақтанып жүр. Сақтансаң Құдай сақтайды, сені. Бұрын сен тұрмақ, ата-бабаңның құлағы естіп, көзі көрмеген жаққа кетіп барасың. Қарағым жасыңнан ерке боп өсіп едің, енді ол еркеліктердің жөні бола қоймас. Аман ердің аты шығады, соны ұмытпа! – деп Шәкең баласын тағы бір ыстық құшағына алды. Сөйтіп, сәл тұрды да кейін ауылға қарай бұрылып жүре берді…
Жалындаған жиырма жасқа жаңа толған Сәдудің жүрегін Отанына деген сүйіспеншілік жігерлендірді. Кеудесін гитлершіл басқыншыларына деген кек кернеді. Ата-ана алдындағы ар-намысы оянып, арқасын қара суықтай қарыды. Өз қолына қару алмаса, өзегі өртеніп кететіндей сезінді. Жаудың жағасынан алып, сазайын бермесе, ұл болып туғанынан не пайда екендігін ойлап, тынымсыз тебіренді. Осыншама өжеттігінің өрши түскеніне іштей қуанбаса, ешбір өкінбеді.
Ең бастысы, ол жан беріп, жан алысқан сұрапыл соғысқа бара жатып, тастай түйінді. Мүгедек болып қаламын-ау деп мойымады. Өліп қаламын-ау деп ойламады. Тұтқынға түссем, терімнен таспа тіледі-ау деп тебіренбеді. Бар ойы: елін, жерін тісіне дейін қаруланған дұшпаннан азат ету еді. Тал бойынан пендешіліктің пердесін сырып тастай алды. «Жазған құлға рухани шаршау жоқ» деген осы шығар…
Көзбен көрмегеннен кейін Сәду ағаның жауынгерлік жолы жайлы жан-жақты айта берудің өзі кейде артықтау әсер береді. Тарихи дерекке сенсек, оның желісі мынадай:
106 Забайкалье атқыштар дивизиясының 188-Аргунск атқыштар полкінің бірінші батальонындағы бірінші ротаның қызыл әскері Сәду Шәкіров майданда болған алғашқы күндерден бастап көптеген қиян-кескі шайқастарға қатысып, ерлігімен және икемділігімен өзінің жолдастарын сүйсіндіреді.
… Бұл гитлершілдердің Днепрдің оң жағалауындағы қуатты қорғаныс шебінің маңызды тірек пункті Гомель облысындағы Лоево қаласының түбінде болған еді.
1943 жылдың 15 қазаны десантшылар қайықтар мен салдарға ақырын барып отырады. Соңғы бұйрық берілген соң, өзеннен өту басталды. Салдардың бірінде қатардағы жауынгер Сәду Шәкіров болды. Жағалауға жетуге шамасы 40 метрдей қалған кезде біздің ерлерді гитлершілер көріп қойып, қарудың барлық түрінен оқ жаудырды. Аранын ашқан ажал жауынгерлерді саптан жұлып әкетіп жатты. Снарядтардың бірі Сәду отырған салға сарт ете қалады. Көкке шапшыған су жауынгерлердің үстін жауып кетті. Салдың быт-шыты шықты. Мұздай су ішінде жауынгерлер жүзіп, ілгері қарай ұмтыла береді. Сәду Шәкіров сүңгіп кетті де, қалқып жүрген бір бөренеге жабысып, оң жағалауға қарай жылжиды. Тағы да бірнеше рет ұмтылып еді, аяғы қайраңға тиді. Днепрдің оң жағалауына алдымен жеткендердің бірі Сәду еді. Сол жақ жағалауда өзіне командир берген қызыл жалау мен гранатын қолына алып, ол дұшпанының траншеясына тұра ұмтылды. Ержүрек солдат бірнеше гранат лақтырып, гитлершілдерді траншеясынан қашуға мәжбүр етті.
Командирдің тапсырмасымен Сәду Шәкіров Днепрден үш рет өтіп, пулеметшілер мен байланысшыларды оң жағалауға апарып түсірді.
1943 жылғы 16 қазан күні таңертең біздің жауынгерлеріміз Лоевоның оңтүстік-батыс жағындағы 138,6-биіктікті басып алуға шабуыл жасады. Шәкіров гитлершілдердің бесеуін жайратып салып, биіктікке алдымен жетті де, оның төбесіне қызыл жалау қадады.
Осындай ерен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1943 жылғы 30 қазандағы Жарлығымен Сәду Шәкіровке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Жүректілігі мен жігерлігінің арқасында Сәду аға Ұлы Жеңістен кейін ауылға аман-есен оралды. Абыройы асқақ, рухы биік атпал азамат халық шаруашылығын қалпына келтірудің тайқазанында қайнап өсті. «Мен батырмын» деп кеудесін кермеді. Жусаннан аласа, бетегеден биік болып, партия тапсырған міндеттерді адал атқаруға күш салды. Батыр ағамыз қазыналы Қаратаудың баурайында жатқан құтты мекен Талас ауданында туып-өссе де, саналы ғұмырын қыдыр дарып, бақ қонған Шу ауданында өткізді. Дәм тартқан шығар, талай жауапты қызметтерді абыройлы атқарып, 1977 жылғы 10 сәуірде дүниеден озған. Сәду ағаға Шу топырағы бұйырды. Әкесі Шәкір де, анасы Әнипа да, жары Үмітжан да бір ауыл болып қатар жатыр.
Жиырма бір жасында батыр атанып, бар болғаны елу бес жыл ғана ғұмыр кешкен Сәду батырдың тағдыр жолының тағылымы көп, тәрбиесі мол. Үмітжан жеңгей екеуі мәнді де сәнді тұрмыс құрып, он ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Барлығының да жоғары білім алуына аянбай тер төкті. Құдайға шүкір, жақсы адамның ұрпақтары қанат жайып, өсіп келеді. Сәду аға басшылық қызметтің тізгінін мығым ұстаған дара тұлға болса да замандастарымен әдемі әзілдесіп, қағытпа қалжыңдасып жүргенді жақсы көрген. Бәлкім, содан болар, Сәду ағадан көптеген әсерлі әңгімелер мен салиқалы сөздер қалған. Соның бәріне болмаса да бірнешеуіне тоқталғанды жөн көрдім. Әзіл-шыны аралас әңгімелерді оқырмандарға ұсынудағы мақсатым – еліміздің біртуар азаматының табиғи болмысын, шынайы тұлғасын көпшілік кеңінен біле берсе деген ізгі ой еді.

2. Сәдудің семсер сөздері

Жыл қорытындысына қарай Жамбылда өтетін актив жиналысына Шу ауданынан қатысатын бір топ басшы бір вагонға қатар жайғасты. Соғымның кезі болғандықтан ортаға демнің арасында дәм де жайыла бастады. Сәкең отырған купеден көңілді күлкілер естіліп жатты. Сансызбек деген парторг жігіт те отқа май құйғандай отырысты қыздыра түседі.
Бір қызығы бұл жігітті көпшілік қауым мінезі жеңіл деп жақтыра бермейді. Ал Сәкең болса ол жағын ескермей ме, оның көңілін қалдырып көрген емес. Сол Сансызбек бұл жолы да Сәкеңнің алдына мәселе қойды.
– Сәке, – деді ол, – біз сізді аса құрметтейміз, ал Жомартәлі деген сіз жайлы марапаттасақ болды «батырдың жағымпаздары» деп аузымызды аштырмайды. Өзі заң адамы болғаннан кейін біз де бата бермейміз.
– Сансызбек-ау, ойыңды жұмбақтамай-ақ турасын неге айтпайсың?
– Сізден рұқсат болса, айтайын. Сіз сол шіркіннен төрт-бес жас үлкенсіз. Сізге қарсы келмейді. Карта ойнаған бола отырып, сөзбен сыбап беріңізші.
– Біз соған куә болсақ, оған кеткен өшіміз өтелер еді-ау, шіркін.
– Сенің айтқаның болсын, купеге шақырып кел. Айтпақшы, ақысы қалай болады?
– Сәке, осы жиналысқа барып қайтқанға дейінгі дастарханыңыз менің мойнымда. Басқа жігіттер де мәз-мейрам.
– Жарайды, шақырып кел Жомартәліні.
Жомартәлі – қызық адам. Тез ашуланып, сыр бере салады. Бір-ақ Сәдудің жасын сыйлай ма, әлде батырлығын құрметтей ме көңілін қалдырып көрген емес.
Айтқанындай-ақ Сәду ол келе ши жүгірте бастады. Оның үстіне қас қылғандай Жомартәлінің қолы картадан жүрмей-ақ қойды. Сәкең ойын арасында: «Шықпаған алтыға бір алып қояйық», «Қолың шықпаса алтыға да алғанның артықтығы жоқ» деген сөздерді айтып, Жомартәліге арақ ішкізіп қана қоймай, ақыры ашу шақыруына мәжбүр етті. Сол-ақ екен, Сәкең Жомартәлінің сөз көтере алмайтын жеңіл мінезді жан екенін бетіне басып, біраз балағаттап та жіберді. Тал бойын ашу қысқан Жомартәлі булыққаны сонша аузын да аша алмады. Түрі өрт сөндіргендей түнеріп, купеден тұра қашты. Ол кетісімен іштерін басып, әзер шыдап тұрған жігіттер мойындарынан бір ауыр жүк түскендей жеңілденіп қалған еді.
Ертесіне қонақ үйде отырып, Сәкең Жомартәліні қайта дастарханға шақыртты. Ол өкпелі болса да келді. Бұл жолы ешкімге есесін жіберместей сұсты. Сәкең інісін құшақ жая қарсы алды.
– Бауырым, Жомартәлі, сен менің інімсің. Ағаңның бір еркелігін көтеруге міндеттісің. Әкеңді боқтасам – ол менің ағам емес пе, шешеңді боқтасам – ол менің жеңгем емес пе? Сен өзің айтқан сөзді түсінсеңші, – депті.

* * *
Сәкеңе біткен бір қасиет, аудандық партия комитетімен хабарласқысы келсе, әлде кімдер құсап хатшыларға телефон шалып жатпайтын. Көбінесе нұсқаушылармен тілдесетін. Жағдайды солар арқылы біліп алатын. Өйткені, Сәкең «нұсқаушының қаламынан сақтан, хатшының қаһарынан сақтан» деп басқаларды да ақылға шақырып отыратын.
Сол Сәкең бір күні әлгі әдетімен аудандық партия комитетіндегі нұсқаушылар отыратын бөлмеге телефон соғады. Қарсы жақтан телефон көтерген біреу:
– Мирон тыңдап тұр, – деп жауап берді. Қапелімде аузына жөнді сөз түспеген Сәкең кідіріңкіреп:
– Горький дегенді естіген едік, ол – врачтардың бастығы, Пушкин дегенді естіген едік, ол – сонда нұсқаушы, ал Мирон деген қайдан шыққан – депті.
Батыл сөйлеп, батырып айтуына қарағанда Сәкең екенін таныған Мирон:
– Сәду аға, айып етпеңіз, қызметке жаңа тағайындалған едім, – депті.
– Оқасы жоқ, айналайын, сендер жиі ауысқан сайын сәлем беретін адам да қалмай ма деп қорқамын, – деген екен Сәкең.
* * *
Сәкең облыстық партия комитетінде біраз жыл нұсқаушы болып қызмет атқарады. Сол кезде шағым хатты тексеру үшін шалғайдағы бір шаруашылыққа іссапармен барып қалады. Тексеруші болғандықтан шаруашылық басшысының үстінен жазылған арыздың әр жолын мұқият қарайды. Басты мәселеге байланысты адамдардан тегіс түсінік алады. Жас жігіттің мұндай іс-әрекеті ауыл басшысына ызғырықтай тиеді. Сәкең бұл жайды байқаса да аңғармаған болып, тексеріс барысы тереңдей түседі.
Бір күні совхоз директоры терісіне сыймай тарс кетеді.
– Мен сені Совет Одағының Батыры деп қас-қабағыңа қарап жүрсем, басынып бара жатырсың. Тырнақ астынан кір іздегенді қашан қоясың? Ең болмаса ішіп-жеп қойғанымды бетіме баспайсың ба?
– Асықпаңыз, ақсақал, қажет десеңіз ол да болады, – деп Сәкең қаймыға қоймайды. Сәкең кейінірек естіп білді, бұл совхоздың директоры облыстағы бір дөкейдің туған бажасы екен. Бұдан бұрындары да талай тексерушіге айтқанын істетіп, аттандырып жіберіп отыратын.
Сол әдетін Шәкіровке де істеп баққысы келген. Бірақ Сәкең арыздың аяғын облыстық газетке сын мақала берумен жалғастырады. Әлгі мақаланы оқыған совхоз директоры төбе шашы тік тұрып, облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысына келіп, жолығады. Директордың дәлеліне сенсеңіз, Шәкіровтің жазып отырған сын мақаласы шындыққа жуықтамайтын көрінеді. «Бұл қалай болды?» деген оймен хатшы Шәкіровті кабинетіне шақыртады.
– Сәду Шәкірұлы, сіз облыстық газетке негізсіз фактілермен қалай мақала бергенсіз? – депті.
– Онда тұрған не бар? – депті Сәкең жұлып алғандай, – ауданның хатшысы қорқытып жейді, обкомның хатшысы алдыртып жейді. Біз сияқты жалаңаяқ нұсқаушылар газетке мақала жазып, соның қаламақысымен бала-шағамызды асырайық десек те көре алмайсыздар ма?

* * *
Ауданда жиналыс болса, Сәкеңнің ертерек келуі қанға сіңген әдеті екен. Бұл жолы да солай болды. Машинасынан түсіп, аупарткомға жақындап келсе, Сары Хасенов, Әміре Тілепов сынды ауыл басшылары өзара әңгіме-дүкен құрып тұр екен. Әзіл-қалжыңы жарасқан үшеуі аман-есендіктен соң бір-біріне сөз семсерін қадасады. Бір қызығы үшеуінің де бойлары аласа, тым қалжыңқұмар қатарына қосылары шындық. Солай болғанымен де үшеуі бірінен-бірі ұзындау санап, қызылкеңірдек айтыс қыза түседі. Сөз жарысынан еншісін ешкімнің қанжығасына байлап бергенді білмейтін Сары даусын шығарып:
– Сәке, қалай десеңіз де, Әмірі екеумізге қарағанда сен қортықтау көрінесің, – депті. Осы кезде орталарына Сағынтай Ахметов сәлем беріп келіп қапты. Оны көрген Сәкең:
– Сағынтай келгенің жақсы болды, мыналар мені қортықсың деп қорлап тұр еді, – депті. Шынында Сағынтайдың бойы Сәкеңнің бойынан да аласа болатын…

* * *
Бір жақсы отырыста Сәкең ауыл жігіттеріне былай депті:
– Мен қазір үйге барамын да Үмітжанмен қоштасып, өлген адамдай талып түсемін. Сендер жарты сағаттан кейін қызығын көріңдер.
– Ішсек ішейік, бірақ бала-шағаның берекесін алмайық, Сәке, – деп біреуі басу айтады.
– Сен де бір сорлы екенсің, – дейді Сәду қабағын ашпай, – мені шынымен өледі деп отырсың ба? Басқалар үнсіз қалады. Осы сәтті пайдаланған Сәкең үйіне бет алады.
Жаздың күні болғандықтан Үмітжан жеңгей бастырма астында балаларымен шайға отырған екен. Ол келе салысымен ешкімге де мойын бұрмастан үйіне кіріп бара жатып:
– Үмітжан, Үмітжан тез үйге кір, – дейді. Алаңсыз отырған жеңгей: «Мынаның жүрісі жаман ғой, не болған өзіне», – деп артынан ілесе береді. Төргі бөлмеге кіріп барса, Сәкең етпетінен бүк түсіп жатыр екен. Жеңгей шошып кетеді.
– Сәду, саған не болды?
– Айналайын Үмітжан, балаларға ие бол, өздеріңе қуат берсін. Менің талқаным таусылғанға ұқсайды, – деп сөзінің аяғын жұтып қойды. Даусы бір түрлі қарлығып, барып үзілгендей.
«Сәкеңнің көп қалжыңының бірі шығар» деп ойлаған Үмітжан жеңгей батырдың басына таман жақындап көріп еді, тыныс алмайтындай сезінді. Сол-ақ екен: «Сәдуім-ау, бізді кімге тастап кетіп барасың? Ең болмаса, бір балаң да аяқтанбады», – деп даусы шығып кетеді. Бұл үнді естіп бала-шағалары жылай бастайды. Осы уақытта ауыл жігіттері де үйге жақындап қалған екен, бәрінің бойын үрей биледі. Кейбіреулері «шынымен-ақ Сәкеңнен ажырап қалғанбыз ба?» деп сасқалақтайды. Сонда да болса, көз көрмегенге көңіл сенбейді ғой, азан-қазан үстінде мана басу айтқан жігіт барып, Сәкеңді тұрғызып жібереді. Сонда Сәкең:
– Мен сендерге ескертіп едім ғой, қызық болады деп. Айтқаным болды. Ең бастысы Үмітжан жеңгелеріңнің қадірімді білетіндігіне көзім жетті, сай-сүйекті сырқыратқан жоқтауын естіп жаттым, – депті.

* * *
Аупарткомның бірінші хатшысы Жапар Түйебеков құмдағы малшылар штабына кетіп бара жатып, Сәдуді бірге ала шығыпты. Ауылдан біраз ұзап кеткенімен ешкім тіс жарып, тіл қатар емес. Орта жолдан өткен шамада Жақаң:
– Сәду, әңгіме айтып отыр, – дейді. Сәкең үндемейді. Жақаң әлгі сөзін үшінші
рет қайталағанда барып:
– Жақа-ау, әңгіме айт дейсіз, іште түртетін еш нәрсе болмай тұр ғой, – дейді. Жақаң бұл сөзге мән бермегендей отыра береді.
Бұлар малшыларды аралап, жағдайларымен танысады. Бір шопанның үйінен жақсылап тамақтанады. Содан ауылға қайтады.
Қайтар жолда Сәкең көңілді отырады. Жолға шыға салысымен Жақаңа қарап:
– Жақа, бір әңгіме айтсам қайтеді? – дейді.
– Өзім сұрап келе жатқан жоқпын ба?
– Жақа, әңгіме былай: жақында Назарбековпен хабарласып едім (көрші ауданның бірінші хатшысы), жаңа ауданға халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып кел деді. Осы ойымды Сарыға айтып көріп едім, ол:
– «Мойынқұмда нең бар? Шудан да бір жұмыс табылар. «Дружба» совхозына парторг болып барсаң, жылдағы соғымың менің мойнымда» – деді. Осы қызметтердің мен үшін қайсысы дұрыс, әділін айтыңызшы.
– Ә, Сәду, сенің ішіңді түртетін нәрсе табылған екен ғой, – деген екен  Жақаң.

Ахметжан Қосақов,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support