Сағыныш жүректе мәңгі мекендей бермек...

Сағыныш жүректе мәңгі  мекендей  бермек...
ашық дереккөз
Сағыныш жүректе мәңгі мекендей бермек...

«Бауырым, Апа, Нұреке, Дина! Қалай аман-саусыңдар ма? Солай болуларыңа мен де тілектеспін. Ел-жұрт, ауыл-аймақ тегіс аман ба? Менің жайым 15.08 күні пронтқа кіріп, 16.08 күні жаралы болып, жеңіл жаралылармен бірге бағылып жатырмын. Оқ жауырынымның етін түйреп өтті. Сүйек аман...». Бұл 1942 жылдың тамыз айының 22 жұлдызында Әбен Есмахановтың елге жазған хатынан үзінді.

Оқты кеудеңмен тоспақ түгілі, оның жаңғырығын естудің өзі үрей тудырады емес пе?! Ал қанмайданда Әбен Есмаханов сынды қаншама аталарымыз осындай арпалысты бастан өткерді. Сонда да олар мойымады. Батырлық танытты. Ел үшін ержүрегін көрсетті. Ажалдан да қорықпады. Өйткені, олар соғыстың өртін сөндіріп, кейінгі ұрпағына бақытты болашақ сыйлап, Отанға қорған болып қалғысы келді. Қаншама ерлеріміз осындай табандылықпен майдан даласында оққа ұшып шейіт болды. Ұлы Отанды қорғау жолында қаза болған есіл ерлердің қатарында Әбен Есмаханов та бар. 1915 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Жаңарқа өңірі, Сарысу өзені бойында, Шу болысында дүниеге келген ол талай қилы заманды, тағдыр тауқыметін бастан өткереді. Үш жасында әкесінен айырылған бала Әбен анасы Жәмиламен бірге нағашы жұртына келеді. Кішкентайынан алғыр да зерек, өнерге әуес болған Әбенді нағашы атасы Ахмет қатты еркелетіп, өзінің жанынан бір елі тастамай 11-12 жасында «Тарауих» намазын оқытады екен. 1931-32 жылғы ашаршылық қысқан нәубет жылдары Жаңарқадағы алшын, жағалбайлы рулары үдере көшеді. Шұбырып, шұрқырап шулаған ел ағайынынан бірі өлідей, бірі тірідей айырылып, азып-тозып осы күнгі облысымыздың Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылының жеріне келіп қоныстаныпты. Осында келген соң ескіше сауаты бар, өте білімдар болғандықтан, Әбен Есмаханов 1934 жылы комсомол мүшелігіне қабылданып, ауылда ересектерді сауаттандыруға ат салысады. Сарысу ауданына қарасты Қызыл ту, Ленин колхоздарындағы бастауыш мектептің мұғалімі болып жұмыс істейді. 1936 жылы Жайылма өңіріндегі колхоздарға ортақ В.И.Ленин атындағы орта мектеп ашылып, сол мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Еңбекқор Әбен қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Көз көрген қариялар ол кісінің соншалықты қабілетті болғанын және ұстаздықты жанындай жақсы көргенін, сондықтан да балаларды тәрбиелеуде ерекше ілтипатқа бөленгенін жыр етіп айтады. Бұған дәлел шәкірттері де осал емес. Ол кісі елімізге танымал актер Асанәлі Әшімовті, жазушы Пернебай Дүйсенбинді, генерал Болат Сенбинді бастауыш сыныпта оқытқан екен. Сымбатты сері жігіт өзі сұлу, нәзік, биязы Рақыш есімді сұлуға ғашық болып, екеуі 1936 жылы отбасын құрады. Рақыш апай да мұғалім болған екен. Екеуі тату-тәтті өмір сүріп жатады. Алайда, бұл бақытты шақтың көбесін төтеннен басталған соғыс өрті су сепкендей басады. Жастайынан заманның түрлі сынағынан сүрінбей өтіп, енді өзі де бір отбасының тірегі атанып, анасын аялап, жары мен баласына қамқор болар шағында Әбен 1942 жылдың 22 шілдесінде өз жерлестерімен бірге майданға аттанып кете барады. Артында аңырап анасы, қимай қоштасып жары және ешнәрседен хабары жоқ небәрі бір жарым жастағы бейкүнә баласы Амангелді қалады. Әбен Есмаханов Калинин майданына түскен Ярославль облысы, Тутаев ауданы Човка стансасында болған. Тоцский деген жерде соғысқа кіріп, онда жараланып Ермаков госпиталіне түскен. 1942 жылы 23 қазанда үшбұрышты соңғы хаты келген содан бері хабарсыз кеткен. Рақыш апай да басына түскен қиындықты қасқайып көтере біледі. Сүйікті жарынан қалған жалғыз тұяқты қатардан қалдырмай, үлкен азамат етіп өсіруге бар күшін салады. «Орнында бар оңалар» демекші, Амангелді үлкен азамат болып ер жетіп, әкесінің жолын қуып, ұстаздық еңбек етеді. Амангелдінің жары Балкүл де 1967 жылдан 2007 жылға дейін үздіксіз бала тәрбиесі жұмысымен айналысты. Екеуі де еңбекте абыройлы болып «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, республикалық, облыстық деңгейдегі наградалардан кенде болған жоқ. Амангелді Әбенұлы қосағы Балкүл апамызбен отасқандарына елу жылға жуықтап қалды. Екеуі 3 ұл, 2 қыз өсіріп тәрбиеледі. Балаларының барлығы мектепті үздік аяқтап, ұстаздық мамандықты таңдады. Үш немере ұлының жұбайлары да ұстаз.Ұлы мамандық ұстаздық бұл әулеттің Әбен атадан қалған аманаттары іспетті десек те болады. Амангелді атамыздың 5 немере, 17 шөбересі бар. Шөберелерінің бүгінде төртеуі ұстаздық мамандықты таңдапты. Небәрі бір жарым жасында әкесінің түсін танымай қалған баладан осыншама ұрпақ тарағанына тек қана шүкір деу керек. Бүгінде жасы 75-ті алқымдап, бірнеше балаға әке, ата болып отырған Амангелді Әбенұлы: «Бала күнімде әкесіне еріп бара жатқан баланы көргенде жүрегім қан жылап, соғысқа талай лағнет айтушы едім. Қазір немерелеріме сендер бақыттысыңдар. Өздеріңді жанындай жақсы көретін ата-әжелерің бар, арқа сүйер әке-шешелерің жандарыңда, сәулетті заманда дәулетті өмір сүріп жатырсыңдар. Алла сендерге осы күндеріңді көп көрмесін, жайнап өсе беріңдер, заманымыз тыныш болсын» деп ұдайы айтып отырамын» дейді. Амангелді атамыздың бұл сөзінен өткеніне сабыр, қазіргісіне шүкірлік дегеннің мәнін ұғындық. Рас, сұм соғыстың зауалы талай тағдырды тәлкекке салып, ананы жесір, баланы жетім етті. Бірақ, қайсар ердің ұрпағы болған Амангелді әкесі Әбеннің отын өшірген жоқ. Қазір өз отбасымен Жайылма ауылында тұрады. Ұстаздықпен салып кеткен әкенің сара жолын үлкен даңғылға айналдырды. Ал Әбен Есмахановтан қалғаны тек сағынышқа толы естелік пен майдан даласынан жеткен Рақыш апаның сарылып күтіп сақтап кеткен теңдесі жоқ мұрағаты үшбу хаттар ғана. Ол хаттар да сарғайып, көмескіленіп барады. Бірақ, ерлік, сағыныш жүректе мәңгі мекендей бермек...

Фариза Әбдікерімова,  «Ақ жол». 

Жайылма ауылы, Сарысу ауданы.

 

Ұқсас жаңалықтар