- Advertisement -

Жетісіппіз…

119

- Advertisement -

I.
Бәрі кабинетте болды. Ағайдың алдында отырмын, көзімді мөлитіп алдым. Алдында ғана дәлізде көргенде шошаңдап-ақ жүргенмін. Бірақ алдында тым артық олай етпей-ақ қояйын дедім.
– Ал айт, – деді ағай.
-Айтқанда, сәл аздау болып тұр. Емтиханға кірмей қалатын сияқтымын, – дедім өтірік басымды салбыратып. Сәл даусын төмендетіп:
– Әй, маған да сол аздау болып тұр. Сен қос, мен де қосайын.
– Құрметті Ырбиған Тырбиғанұлы, анау әшкиіңіздің артында көз тұр, көздің төменгі жағынан бір сөздер шығып жатыр. Жоғары жақтағы миыңыздың содан хабары бар ма? Ұялсаңызшы, жетер осы. Тағы елу студент бар ғой, – дедім. Ырбиған Тырбиғанұлының одырайған көздері шодырайып кетті де:
– Әй, сен де қызықсың, бәрінің есеп-қисабы бар ғой. Ол елу студенттікі «уже» есептеулі. Өзің біл! – деп салды.
– Өзім білсем, өзім білейін.
– Тоқта! Сен де мені түсінші! – деді. Көздерінде әйелінің ақша сұрап тұрған суреті тұр. Қарасам, енді бұл кісінің көздері мөлдіреп кетіпті. Ал менің жаным елжіреп кетті.
Құрысын, шошып кеттім.
Сосын аяп кеттім.
– Мейлі! – деп ақшамды қостым дағы, есікке қарай тайып кеттім.
– Әп, бәрекелді! Бүгін үйде бір «сюрприз» бар деп еді. Сюрпризге сюрприздей ақша керек, – деп Ырбиған Тырбиғанұлы қуанып қалды. Артыңдағыларға қуаныш сыйлап жүрген қандай жақсы, иә?!
II.
Бүгін бір жақсы жігітпен таныстым.
Таңның самалын тотыдайын тара­нып қарсы алып, әр кешті терезеге телмірумен өткізетін едім. Қазір ойлап қоямын, есі дұрыс адамның жігіті терезеден келеді ме? Оның үстіне, төртінші қабат болса?!
Не керек, бүгін, «саябақта» деп өзімше болып айтпай-ақ қояйын, жұмысқа бара жатқан қотыр-шотыр жолдың үстін ұшы үшкір топлиыммен топ-топ етіп басып кетіп бара жатыр едім, артымнан бір жігіт дауыстап :
– Қарындас, сізбен танысуға болады ма? – деді. Кәдімгідей басқаша сезім бойымды билеп келе жатыр еді, түріме қарап:
– Қалжыңдаймын… – деді.
– Өй, сен де. Маздаған бір үмітті сөндірдің! – деп өзімше болып кете бардым. Осының бәрін көріп тұрған тағы бір жігіт бар екен. Құдай біледі, мені аяп кетті-ау деймін:
-Қара қыз, ол сізге қарамаса, сіз маған қараңыз, – деді. Әлгіден қалған көңіл бар… Ұрыссам ба екен? Бірақ «бұған да жетпей жүрген тағы жеті қыз бар ғой, сорымды асыра бермейін» деп әлгі жігітпен таныстым. Қазір бір айдан асты, бізде «махаббатизация» кәдімгідей. Екеуміз жолда келе жатырмыз. Ол маған:
– Жаным, маған қарызға ақша берші? – дейді.
– Қойшы!
– Неге?
– Үйленген соң бермей кетесің! – дедім. Қатырдым-ау деймін, ә? Ойланып қалды ол да.
Ол мені үйіне таныстыруға алып бармақшы. Мен де бармақшымын…
– Әке! Ана! Мінекей келіндеріңіз! Замангүл Жалғанқызы!
– Жетісіпсің! – деді Ырбиған Тырбиғанұлы.
– Жетісіппін! – дедім мен де. Ырбиған Тырбиғанұлына көзімді қысып:
– Жақсы болды, келесі жылға сізге көп клиент, клиент деппін ғой, студент жинап беремін, – дедім.
* * *
Ал, ағайын, тойға келіңіздер! Қанша клиент, клиент деппін ғой, студент жинағанымды тойдың қалай өткенінен көресіздер!!!

Асылзат Жұмабай,
ТарМУ-дың ІІІ курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support