«Тәуелсіздік - тірегім, тәбәрігім!»

«Тәуелсіздік - тірегім, тәбәрігім!»
ашық дереккөз
«Тәуелсіздік - тірегім, тәбәрігім!»

жас тарихшы жалғас Алматыдан олжалы оралды

Кеше ғана Алматыдан алып-ұшып қуанышпен жеткен жерлесіміз, Талас ауданы, Сәду Шәкіров ауылындағы Шона Смаханұлы атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Жалғас Пәрімбетов «Тәуелсіздік – тірегім, тәбәрігім!» атты балалар мен оқушылар фестивалінде жеңімпаз атанып, сүйіншісін сұрай келіпті. «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен фестиваль Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған. Атаулы мерейтойды насихаттай отырып, балалар мен жасөспірімдердің тарихи танымын арттыру, экскурсиялар мен кездесулер арқылы олардың рухани байлығының жоғары болуына ықпал ету, сондай-ақ, жас таланттардың өнерлерін таныту мақсатына негізделген шара барысында түрлі өнер жанрларымен қатар, оқушылардың ғылыми-танымдық конференциясы да өткізілген. Сол конференцияға Жалғас «Қазақ хандығының құрылуының тарихи зерделенуі» атты өзіндік ғылыми жұмысымен қатысып, нәтижесінде қырықтан аса талапкердің ішінен суырылып шығып, I дәрежелі дипломмен марапатталған. Оның аталмыш шығармашылық жұмысын жүргізуге жетекшілік еткен, ұстазы Қайырбай Мырзабайдың да еңбегі ескерусіз қалмаған. Қайырбай Әуесханұлы «Халқымыздың ынтымағы мен бірлігін нығайтуға, мемлекетіміздің өркендеуіне, білім беру саласына және еліміздің ертеңі – жас ұрпаққа тәрбие беру ісіне ұзақ жылдар бойы сіңірген еңбегі үшін» делінген мәтіндегі «Бейбітшілік әлемі» Алтын медалімен мараппатталған. Оларды аталмыш бірлестіктің президенті, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Ресей Федерациясы Педагогика академиясының академигі Абен Нұрманов пен тарихшы Бүркіт Аяғанов құттықтап, еңбектерін жоғары бағалаған.

Редакциямызға қуаныштарын арқалап келген олжалы ұстаз бен шәкірті ғылыми конференциядан алған әсерлерін бізбен бөлісуге тырысты. «Алғашында бұл фестивальдың өтетіндігінен ғаламтор беттерінен хабардар болдым. Содан, зерек те алғыр оқушым Жалғасты қатыстыру бірден ойыма оралды. Қазір Қазақ хандығының құрылуы туралы әртүрлі деректер мен пікірлер айтылып жүр ғой. Біз сол тұрғыдан арнайы таңдаған «Қазақ хандығының құрылуының тарихи зерделенуі» тақырыбындағы ғылыми-жұмысымызды тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев, тарихшы Бүркіт Аяғанов және Елбасымыздың «Тарих толқынында» атты еңбектеріне сүйене отырып жүргіздік», дейді шәкіртінің білік­тілігіне сенім артқан ұстаз Қайырбай Мырзабай. Ал жас зерт­теуші Жалғас болса, болашақта үлкен тарихшы болсам деген ой-арманын тілге тиек етті. Арманы асқақ жас талапқа біз де ақ жол тіледік.

Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар