- Advertisement -

Бақыт бағалағанның басына тұрақтайды

82

- Advertisement -

Қой жылы еліміз үшін, шын мәнінде, той жылы болмақ. Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70, Конституцияның 20 жылдығымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының да мерейлі мерекесі кең көлемде атап өтілгелі жатыр. Еліміздің сындарлы жылдарда сүрінбей, толайым табыстарға қол жеткізуі қоғамымызда берік орныққан ұлтаралық келісіммен тығыз байланысты. Бір сөзбен айтқанда, осыдан жиырма жыл бұрын тікелей Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдеді. Әлемде теңдесі жоқ бұл құрылым татулықтың тал бесігіне, достықтың дәнекеріне айнала білді. Мемлекет басшысының биылғы жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялауында да терең тағылым, өшпес өнеге жатыр. Осынау мерекелі жылдың мән-маңызын арттыру мақсатында біз шалғай өңірлерде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерімен жүздесіп, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы жазуды жөн санадық. Сонымен алғашқы бағытымыз – Шу ауданы.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ,
«Ақ жол».

«Біз кең пейіл қазақ халқына қарыздармыз…»

Бүгінде Шу ауданында 20-дан астам ұлттың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Олардың қатарында түрік бауырлар да жетерлік. Жалпы, мұндағы түріктердің басым көпшілігі Қонаев, Төле би, Белбасар, Тельман ауылдарында тұрады. Біздің сапарымыздың мәнісін түсінген соң аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Жапабаев бірден Қонаев ауылына жол бастады. Қасымызға аудандық «Ахыска» түрік этномәдени орталығының үйлестірушісі Бинали Тагировты ертіп алдық. Бинали аға өте әңгімешіл жан екен. Өзі осы Қонаев ауылында туып-өскен. Жоғары оқу орнын Шымкент қаласында тәмамдағаны болмаса, бүкіл саналы ғұмыры осында өтуде. 1971 жылы отау құрып, жан-жары екеуі бес перзент сүйді. Бүгінде 65 жасқа иек артқан ақсақал түрік ағайындардың елімізге келу тарихы туралы да айтып берді.
Ежелден Грузияның оңтүстігін мекен етіп келген Ахыска түріктері 1944 жылы Сталиннің озбырлық саясатымен Қазақстанға күштеп көшіріледі. Бұл сұрапыл соғыс жүріп жатқан кез. Онсыз да арып-ашып, әрең күн кешіп отырған елге бұл көш оңай соқпады. Оның үстіне, бас болар ер-азаматтардың дені майдан даласында. Осылайша, қалжыраған қариялар, емізулі баласы бар әйел-аналар, кішкентай бүлдіршіндер еркінен тыс тауар тасуға арналған вагондарға тоғытылып, өздері үшін бейтаныс аймаққа жол тартты. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, Ахыска аймағынан шамамен 89 мың адам көшірілген. 17 мың адам жол қиындығына шыдамай, қаза тапқан. Ахыска түріктері қазақ жеріне осылайша тап болған екен. Оның ішінде бірқатар бөлігі Шу ауданына қалдырылған.
1944 жылғы депортация соғыстан қайтқан сарбаздарға да ауыр соққанын сөзбен айтып жеткізу қиын. Жеңіс рухымен Грузияның оңтүстігіне, өздерінің отбасыларына оралған жауынгерлер тосын жайды көріп, абдырап қалады. Тіпті, оларға отбасылары мен жақындарының қайда екені, не үшін көшірілгендігі туралы ешбір мәлімет те берілмеген. Себебі де түсіндірілмепті.
26– Біздің тарихымыз осылай сабақтасып жатыр. Мен өзім қасиетті қазақ топырағында дүниеге келдім. Ата-әжелеріміз, жасы үлкен туыстарымыз сонау жерден қажып, қалжырап келгенде дархан пейілмен қарсы алған қазақ халқының мейірбандығын үнемі аузынан тастамай, айтып отыратын. Біз қазақ халқына қарыздармыз, – деді Бинали аға.
Бір үйдің
баласындай…

25Біз атбасын бұрған Қонаев ауылы–аудандағы іргелі елді мекеннің бірі. Мұнда көп ұлтты алты мыңға жуық халық тұрады. Қазақ, түрік, орыс, кәріс, татар, шешен, қарашай, балқар, ингуш ұлтының өкілдері бір үйдің баласындай араласып кеткен. Алыстан ат терлетіп тілші келе жатқанын естіген олар алдымыздан құшақ жая қарсы алды.
Араларында жасы үлкені саналатын ауылдық ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Мүфти Сафаров сөз бастады. Көргені көп қария тура соғыс басталған 1941 жылы өмірге келген. Үш жасқа толар-толмастан анасымен бірге қазақ еліне табан тірепті. Ес біліп, етек жиған соң мұғалім мамандығын меңгеріп, жастарға дәріс береді. Осы ауылдағы мектепте он жыл оқу ісі жөніндегі меңгеруші, 28 жыл директор болыпты. Қазір құрметті зейнетте.
– Осы тұрғандардың бәрі менің шәкірттерім ғой, – деп қария жылы жымиды да терең ойға шомды. Әңгімесін ары қарай жалғады.
– 1944 жылғы депортация біздің халқымыз үшін үлкен қасірет болды. Ер-азаматтардың бәрі соғыста. Ахыскада тұратын олардың отбасыларына көшуге дайындалуға бар болғаны бір-екі сағат қана уақыт берген. Қақаған қыстың кезі. Сол кездегі біз сияқты балалардың да жағдайына қарамаған. Содан вагондармен Шу темір жол бекетіне, одан арбамен осы ауылға келгенбіз. Сонда қазақ халқы бір таба нанын алып, алдымыздан шығыпты. Қолындағы барымен бөлісіп, пана болмағанда аштан қырылғандардың саны едәуір артатын еді. Қазақ халқы бізді ашаршылықтан аман алып қалып, жақсылығымен жарылқады. Ол үшін басымызды иеміз. Қазір, Құдайға шүкір, он алты ұлттың өкілдерінен құралған осы ауылдың тұрғындары өте тату-тәтті тұрамыз. Бір-біріміздің той-думанымыздан қалмаймыз. Өмір болған соң әр отбасында қиындықтар, қайғылы жайттар кездесіп жатады. Ондай сәтте де жұдырықтай жұмылып, бір-бірімізге қол ұшын созамыз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ақыл-парасатына өте тәнтімін. Елімізде тұратын барлық ұлтқа тең мүмкіндік жасап, жарқын жол ашып отыр. Шынында да мемлекетімізде оқимын, еңбек етемін, кәсіби тұрғыдан өсемін деген адамдарға барлық жағдай қарастырылған. Несін жасырайын, бұрын төлқұжаты түрік болса, институтқа алмайтын. Ал қазір ше? Ұлттық бірыңғай тестілеуден тиісті балл жинасаң, кез-келген институтқа оқуға түсесің. Тіпті, «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде оқуға мүмкіндік бар. Кәсіп ашамын десең де шектеу жоқ. Үкімет тарапынан қаржылық несиелерге де қол жеткізуге болады. Бұдан артық не керек?! Мен осыны кез-келген жиын-тойда айтып отырамын. Міне, Президентіміздің алысты болжай білетін көрегендігі қандай?! Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуының өзі елімізді даму даңғылына бастады. Қазір әлем елдерінің мемлекетімізге Ассамблеяның тәжірибесімен танысуға келіп жатқанын естігенде кеудемді мақтаныш сезімі кернейді, – деді Мүфти аға.

«Елді тастап ешқайда кетпеймін»

«Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді дана қазақ. Қонаевтықтар да осы ауызбіршіліктің арқасында түрлі кәсіптің тізгінін ұстап, табысты еңбек етуде. Солардың бірі – татар ұлтының баласы Закир Шакирович.
– Менің әкем осы өңірге 1947 жылы Татарстаннан келген екен. Өте қиын кез болған. Ашаршылық, артынша сұрапыл соғыс. Содан осында тұратын таныстарының «Аштан өлмейсің, мал бар, жұмыс та табылады» деген сөзіне иланып бірден тартыпты. Өзі механизатор еді. Бірден Жаңажолдағы МТС-ке жұмысқа орналасқан. Сол жерде еңбек етіп жүріп отбасын құрған. Анам – башқұрттың қызы. Мен осылайша қазақ жерінде, Шу ауданындағы Бірлікүстем ауылында дүние есігін аштым. Төрт жасымда Қонаев ауылына көшіп келдік, содан осында тұрып жатырмын, – деп бастады әңгімесін Закир Шакирович.
Ол да әке жолын қуып, әскери борышын өтеп келген соң кеңшарда бақандай 22 жыл жұмыс істепті. Кейін кеңшарлар тараған тұста үлесіне берілген жерден шаруа қожалығын ашқан. Одан жаман болған жоқ. Еңбек ете жүріп, ес жиды. Ел қатарлы тұрмысын түзеді. Балаларын оқытты. Жан жары екеуі тәрбиелеп өсірген екі ұлының үлкені бүгінде Шу қаласында хирург дәрігер болып еңбек етіп жүр. Ал кенжесі қасында шаруашылыққа көмектесіп келеді. Құдайдың берген үш немересі бар. Әйтеуір, өз тіршіліктерін дөңгелентіп отыр. Еңбек ете жүріп трактор мен «КамАЗ» көліктерін сатып алыпты. Мұның өзі істің ілгері басқанын көрсетсе керек.
– Мен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп келе жатқан саясатын үнемі мақтан етіп айтып отырамын. Өзім ылғи жолда жүремін. Қараңызшы, тәуелсіздік жылдары қаншама мың шақырым жолдар салынды. Бір ғана «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автодәлізі құрылысының өзі неге тұрады? Мойынқұм ауданындағы Мыңарал, Хантау өңірлерінде жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр. Мұның бәрі де қыруар ақша, қаншама еңбек?! Мен айтар едім, мұның бәрі де тікелей Елбасының арқасы. Қиындықпен күресіп, осындай жетістікке жету оңай шаруа емес әрине. Мен Президенттің Жолдаулары мен сұхбаттарын үнемі оқып отырамын. Ана бір жолы Мемлекет басшысы айтып өткендей, тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау кезеңінде біздің өз валютамызды басып шығаратын станогымыз да болған жоқ қой. Төл теңгемізді сыртта бастырдық. Қазір Құдайға шүкір, бізде бәрі бар. Кімнің еңбек еткісі келеді, мүмкіндік жетеді. Өз басым Кеңес одағы кезіндегіден әлдеқайда жақсы тұрамын. Мұның бәрі де Елбасының ерен еңбегімен келген жақсылық екенін ұмытпай, жүрекпен сезіне білуіміз керек. Менің туған елімді тастап, ешқайда да кеткім келмейді, – деді З.Шакирович.
Берекелі дастархан

Сонау қиын-қыстау кезеңде бір таба нанды талғажау етіп өскен бауырлас халықтар қанағатшылдықтың қадірін біледі. «Жоқ деп жасыған, бар деп тасыған» да емес. Шүкір, қазір дастарханы дәмге толы. Құрт-ірімшік, айран-сүт, сүзбе мен бауырсақтың дәмі қандай?! Былқылдап піскен еттің жөні тіптен бөлек. «Бізді бір-бірімізге туған бауырдай етіп жақындатқан ерекшеліктің бірі – ол қазақтың дастарханы», – деді бізбен әңгімесінде шешен ұлтының өкілі Роза Береева.
– Ұлтым шешен болғанымен, мені бәрі «Сиқымның қызы» деп қалжыңдайды. Өйткені, жастайымнан бұрынғы Жамбыл кеңшарында, қазақы ауылда өстім. Осы ауылға келін болып түстім. Кезінде 27 жыл «Сельпо» мекемесінде жұмыс істегенмін. Қазір зейнеттемін. Жолдасым екеуміз төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Өзіміздің шаруа қожалығымыз бар. Соның шаруасын жүргізіп жатырмыз. Мұнда жиырма шақты шешен ұлтының отбасы бар. Басқа этностарда қандай да бір той болса қалдырмай шақырады. Мерекелеріміз де ортақ. Мысалы, Ораза, Құрбан айттарды, Наурыз мейрамын, Қазақстан халқының бірлігі күнін бірге думандатып тойлаймыз. Ондайда көбіне дастарханға қазақтың еті қойылады. Айтпақшы, қазақпен құда болып жатқандар да бар. Менің де қайын сіңілімнің қызы қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Қазір жақсы тұрып жатыр. «Сенікі, менікі» деген ұғым жоқ. «Біздікі» деп айтамыз. Ауылымыз сондай ұйымшыл, – деді Роза Береева. Бұл сөзді кәріс ұлтының өкілі Семен Цой да қоштай жөнелді. «Етті бәріміз сүйсініп жейміз. Мен үшін ең дәмді «колбаса» – ол жылқының қазысы», – деп Семен бір күліп алды. Ол да осы ауылда туып-өскен екен. Өздері алты ағайынды. «Біздің Оңтүстік Кореяда ешқандай да туыстарымыз жоқ. Осында өстік. Менде де Қазақстаннан кету туралы ой мүлде болған емес. Егістік жерім бар. Жаңа техникалар алдым. Сонымен отбасымды, бала-шағамды асырап жүрмін. Мұндай жұмақ мекенді қалай тастап кетуге болады?», – деді С.Цой.
Біз сапар барысында Қонаев ауылында тұратын өзге ұлт өкілдерінің бір-бірінің салт-дәстүрлеріне, ас мәзірлеріне айрықша құрметпен қарайтынын аңғардық. Тіпті, бастары қосыла қалғанда ұлттық тағамдар дайындау туралы бір-біріне қолқа салады екен. Мысалы, қазақ шаңырағында ет асылса, түрік бауырлардың хинкал тағамын көршілері сүйсіне жейді. Бұл да еттің бір түрі. Бірақ дайындалу әдісі бөлек. Сол сияқты кәтә мен бишидің де дәмі тіл үйіреді. Кәдімгі біздің бауырсаққа ұқсас өнімді түріктер лухум деп атайды екен. Ол да өте дәмді. Шешен шаңырағының асханасы да түрлі дәмге толы. Көршілері Роза Берееваға «Бүгін кешке галушка пісірші, жемегелі көп болды» деп өтініш жасайды екен. Роза әпке олардың айтқанын екі етпейді. Сонымен қатар галушкамен бірге чепалгаш пен хингалш та дайындап қоятыны бар. Мұның бәрі де берекенің белгісі. Оны тұрғындар жақсы түсінеді.

Мәуелі бәйтерек

Аудан көлемінде Мавлюдовтар отбасын білмейтіндер кемде-кем. Он алты бала тәрбиелеп өсіріп, еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға айтарлықтай үлес қосқан шаңырақ бүгінде баршаға үлгі, өнеге. Отағасы Закирия Мавлюдов 87 жасқа иек артыпты. Қария жасы келсе де ертелі-кеш қимыл-қозғалыста жүргенді ұнатады. Балаларына ақыл-кеңесін айтып, шаруаларының жай-жапсарын сұрап қояды. Өзі кеңшардың құрылыс бригадасындағы қайнаған еңбектің ортасында есейгендіктен болар, ұл-қыздарына қол қусырып қарап отырмау керектігін айтудан жалыққан емес. Кейде өткен күндерге ойша оралады. Ондайда көз алдына ең әуелі жан жары Гүлшиннің жарқын бейнесі келеді. Бұл ала таңнан қара кешке дейін жұмыста. Ол үй шаруасымен, балалардың тәрбиесімен айналысады. Оңай емес. Шиеттей он алты бала. Бірақ, жарықтық солардың есейгенін көріп өтті өмірден. Бүгінде ұл-қыздары айтқанын екі етпей, келіндері мен күйеубалалары иіліп ізет жасап тұрса, ол да ана мейірімінің шұғылалы шуағы емес пе?
– Шүкір, мен өте бай адаммын. Менің байлығым – балаларым. 1991 жылы Құдай қосқан қосағымнан қапыда көз жазып қалдым. Қиналдым. Бірақ тағдырдың жазғанына шара бар ма? Бауыр еті балаларымның бүгінгі тірлігі мен ұйымшылдықтарын көріп марқайып отырамын. Бәрі де еңбек десе ішкен астарын жерге қояды. Ал жұмыс істеймін деген адамға елімізде барлық жағдай жасалған. Бұл әрине, Елбасымыздың арқасы. Тек жалқаулыққа салынбай, жұмыс істеу қажет, – дейді Закирия қария.
Осы әулеттен тәрбиеленіп өскен балалардың бәрі де бүгінде аяқтанған. Қыздар жағы теңін тауып, тұрмыс құрған. Олардың екеуі Түркияда, төртеуі Қырғызстанда ғұмыр кешіп жатыр. Екеуі өз бақыттарын алысқа ұзамай, осы ауылдан кезіктірген. Сол сияқты ұлдар да бір-бір үйдің отағасы болып отыр. Бәрі де осы ауылда тұрады. Солардың бірі Ильяс Закирияевты әңгімеге тарттық.
– Мен де әкем сияқты кеңшарда жұмыс істедім. Бауырларым да сонда еңбек етті. Біріміз егін шаруашылығымен айналыссақ, біріміз көлік жүргіздік. Еңбек майданында жинаған азды-көпті тәжірибем тоқсаныншы жылдары кеңшар тараған тұста өз пайдасын бергені жасырын емес. 1999 жылы әкеміздің ақыл-кеңесімен «Әлижан» шаруа қожалығын құрдым. Міне, содан бері жермен тиімді жұмыс жасап келе жатырмын. 97 гектар суармалы жеріміз бар. Осылайша, кәсіптен нәсібемізді терудеміз. Жұбайым Зүлфизат екеуміз алты бала тәрбиелеп өсірдік. Төрт қызымыз тұрмыста. Ұлдың үлкені қасымда қолқанат болып жүр. Кенже балам Қырғызстанда медицина мамандығы бойынша білім алуда, – деді И. Закирияев.
Дана қазақта «Балам-балым, баламның баласы-жаным» деген сөз бар. Сол айтқандай, Закирия қарияның жанындай жақсы көретін 170 немере-шөбересі бар. Олардың оны соңғы бір жылдың көлемінде өмірге келіпті. Бір қызығы З.Мавлюдов тоқсанға таяса да солардың бәрінің атын білетін болып шықты.
– Құдайдың берген перзенттері ғой, бұларды қалай жақсы көрмейсің! – деді ақсақал «аталап» келіп алдына жайғасқан немерелерінің басынан сипалап. Біз де риза болдық.

Кәсіпкер Кошали
іргелі істердің ұйытқысы болуда

Жалпы, Шу өңірінде алты этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Соның бірі – «Ахыска» түрік этномәдени орталығы. Оны 2011 жылдан есімі көпке белгілі азамат, «Бірлік» медалінің иегері Кошали Гусейнов басқарып келеді. Ол – аудан бойынша алғаш болып шағын кәсіпкерлікпен айналысқан жан. Өзімен бірге іс бастаған ағайынды төрт азамат этномәдени бірлестікке о бастан демеушілік жасап келген. Қазір де солай. Кәсіпкер Кошалидің қамқорлығымен құрылған «Ахыска Dans» ансамблі 2012 жылы Алматы қаласында өткен «Ахыска Stars» байқауында бас жүлдені жеңіп алыпты. Өзге де республикалық шаралардан да этномәдени бірлестік бірінші орыннан көрінген. Олардың қатарында «Тілге құрмет – елге құрмет» байқауы бар. Спорттық салада да жетістіктері көп. Орталық басшылығы мектептермен бірлесе отырып, таеквондо, армрестлинг, еркін күрестен жарыстар өткізген. Тағы бір жаңалық, Қонаев ауылының тұрғыны Мурадали Тагиров ережесіз жекпе-жектен Бішкекте өткен Азия ойындарында жүлдегер атанды. Оның ұлы Ильяс Тагиров – армрестлингтен Қазақстан чемпионы. Сонымен қатар осы ауылдан шыққан ағайынды Мирзаевтар Алматыда дзюдодан өткен халықаралық чемпионатта бірінші және екінші орындарды еншілепті.
– Біз қандай да болсын іс-шаралардан тыс қалмауға тырысамыз. Бұл тұрғыда аудандық әкімдікке алғысымыз шексіз. Әрқашан біздің орталыққа қолдау көрсетіп отырады. Осындай түсіністіктің арқасында көптеген шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Өткен жылдың күзінде Ахыска түріктерінің Қазақстанға келуінің 70 жылдығын Шу ауданында республикалық деңгейде атап өттік. Өмірден өткен бабалардың рухына Құран бағыштап, тағзым еттік. Спорттық сайыстар мен салтанатты жиын өткіздік. Үлкен мереке болды. Міне, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы тойланғалы жатыр. Тағылымды тойға дайындығымыз жақсы. Сәтін салса, мерейлі мерекені мәнді де мазмұнды етіп өткізетін боламыз, – деді «Ахыска» түрік этномәдени орталығының төрағасы Кошали Гусейнов.
Міне, ынтымағы жарасқан Шу өңірі осылайша күннен-күнге құлпырып келеді. Ауданда құрылыс қарқын алып, өндіріс өрлеуде. Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, ауыл шаруашылығы алға басуда. Мұның бәрі де елдің бірлігі мен берекелі тірлігінің арқасы. Біз сапар барысында өзге де ауылдарда болдық. Ел ішінен жазылған дүниелерді басылымымыздың алдағы сандарының бірінен оқитын боласыздар. Ең бастысы елдің еңбекке деген құлшынысы мен ертеңге деген сенімі біздің көңілімізді көкке шарықтатып жіберді.
Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support