- Advertisement -

Туған тілдің тағдыры

7

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге қатысты мәселені үнемі айтып келеді. Президент тіл саясатының басты бағыты болуы керектігін де тапсырды. Бұған дейін де бұл мәселе сан мәрте үлкен мінбелерде көтерілді. Алайда, тіл мәселесіне бейжай қарау әлі де басым. Көптеген елді мекендерде ономастикалық қателікке жол беретіндер әлі де бар.

Жуырда Мақсат Бегілда есімді азамат редакциямызға хабарласты. Қарапайым ауыл тұрғынының ономастикалық қателікке қатысты хабарламасына назар аудардық. Байзақ ауданындағы «Аққия» деп аталуға тиісті ауылдың атын «Аккия» деп жазыпты. Бұл мәселені қозғаушы мемлекеттік қызметші емес, қарапайым ғана жұмысшы. Сол елді мекенге тапсырыс бойынша жылу жүйесін жөндеуге бара жатқан жолда байқапты.

Оның айтуынша, жергілікті басқарушы органдар қарапайым адамның сөзіне құлақ аспайды. Оларға міндетті түрде облыс тарапынан ескертулер жасалуы керек екен. Мәселенің мәнісін білу үшін аудандағы тіл мамандарымен тілдестік. Кейіннен жауапты тұлғалар редакцияға хабарласып, «к» әрпін «қ»-ға ауыстырғандығын жеткізді.

Расында, кейбіреулерге ана тіліміздің жайы жай ғана зат секілді. Төбелерінен жай түсіргендей шағым айтып, жанайқайымызды жеткізгенде ғана мәселе оң шешілетін сыңайлы.

Сондай-ақ, өткен жолы жарық мәселесімен «Тараз қалалық электр жүйелері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бардық. Қаланың электр жүйелеріне жауапты мекеменің мемлекеттік тілге жауапсыздығы көрініп-ақ тұр. Екінші қабатқа көтерілгеннен бастап көзге түсетін көрнекті құралдардың көбісі орыс тілінде жазылған. Өрт сөндіру құралдары мен кіру-шығу белгілеріндегі жазуларды тек орысша оқуға тура келеді. Өкінішке қарай, бұдан да басқа тілге қатысты қателіктер толып жатыр.

Аталған серіктестіктің басшыларына бұл жөнінде бір ай бұрын ескерту жасалған екен. Ондағылар отыз күннің ішінде көрнекі құралдарын мемлекеттік тілге ауыстырамыз деп уәде еткен.

Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлнұр Әмірбекованың айтуынша, сала қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті. Алайда, уәде етілген шаруалар бүгінге дейін атқарылмаған. Бұл қорытындыны кейде мекеме басшыларының уәдеге тұрақсыздығы мен тілді құрметтемеуі деп түсінуге тура келеді.

Қашанда қазақ үшін туған тілдің тағдыры маңызды. Тілді құрметтеу осындай шағын шаруалардан да басталатынын ұмытпаған жөн.

 

Нұржан ӘЛІШ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support