- Advertisement -

ГИДРОКЕШЕН: бүгіні мен болашағы

10

- Advertisement -

Соңғы екі жыл еліміз үшін табиғи сынақтарға толы болды. Былтырғы құрғақшылықтың зардабынан өңіріміздегі шаруашылықтардың жұмысы шатқаяқтап, дала шаңға, дән сепкендер шығынға батты. Ал, биыл керісінше еліміздің бірқатар өңірлері топан судың астында қалды. Мұндайда табиғаттың тамырын тап басып тауып, тосын мінезіне төтеп беретін, апатты жағдайдың алдын ала болжамын жасап, Жер-Ананың аузына су тамызатын не болмаса тасқынға тосқын болатын білікті мамандардың аздығы анық білінуде.

Дәл осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында «Тараздағы гидромелиоративтік құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдадық. Оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтау керек», – деп шынайы қажеттіліктен туындаған замана сұранысын дөп баса айтты. Өзінің алпыс жылдан аса тарихында тек аймақ пен Қазақстанға ғана емес, ТМД аумағы бойынша жиырма мыңнан астам су саласының мамандарын даярлаған оқу ордасы биыл қашықтан оқу жүйесі мен арнайы курстар ашуды жоспарлап отыр.

Алпыс жылдың арнасы

«Су ресурстары» кафедрасының тарихы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтымен, қазіргі М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің тарихымен тығыз байланысты. Алғашқы кафедра меңгерушісі техника ғылымдарының кандидаты, доцент, ғылым және жоғары гидротехникалық мектептің негізін қалаушы Рахмет Жолаев болды. Осылайша қабырғалы оқу ошағы 1962 жылдан гидротехник мамандарын даярлау ісіне алғашқы ізін сала бастады. 1962 жылы 8 тамызда Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының (КазГОССХИ) гидромелиоративтік факультетін бітірген жас мамандар ЖГМҚИ-на ассистент қызметіне жіберілді. Кафедра оқытушыларының күшімен «Су энергиясын пайдалану», «Сорғы және сорғы станциялары» деген атпен екі оқу лабораториясы құрылды. 1978 жылы республикамыздың су шаруашылығы бүкіл шаруашылық механизмінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін маңызды орталық бола бастады. Су шаруашылығы алдында тұрған көптеген мәселелер мен проблемалар, жеке су шаруашылық жүйелері мен нысандарынан, орталықтан басқарылатын «Су шаруашылығы» саласын құру қажеттігі негізделді. Осы кезеңде «Су энергиясын пайдалану» кафедрасынан «Сорғылар және сорғы станциялары» кафедрасы бөлініп шықты. «Гидрология және ағынды реттеу» кафедрасының барлық пәндері еніп, бұл кафедра өз атауын «Су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау» деп өзгертті. 1982 жылы гидромелиорация факультеті, сонымен бірге барлық кафедралар жаңа оқу корпусына көшіп, «Гидрометрия және гидроэнергетика» лабораториясы пайдалануға берілді. 1988 жылы үш шағын кафедра (ауыл шаруашылығын сумен қамту, канализация және гидравлика) бір ірі «Гидравлика, ауыл шаруашылығын сумен қамту және суландыру» кафедрасына бірікті. Сол жылы «Су қорларын кешенді пайдалану және қорғау» кафедрасы мен «Сорғы және сорғы станциялары» кафедрасы бірікті, ал 1992 жылы «Су қорларын кешенді пайдалану және қорғау» кафедрасы «Гидротехникалық құрылымдар» кафедрасымен қосылды. 1997 жылы табиғатты қорғау пәндері базасында «Экология» кафедрасы өмірге келді, ал «Су ресурстары және гидротехникалық құрылымдар» кафедрасына «Гидравлика» кафедрасы қосылды. Екеуінің қосылуы нәтижесінде «Гидроэнергетика» кафедрасы құрылды.

Ал, 2001 жылдың желтоқсанынан кафедра өзінің ескі атауы «Су қорлары және гидротехникалық құрылымдар» деп атала бастады. «Су ресурстары» кафедрасы 2000 жылдан «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша бакалаврларды шығара бастады. «Сумен қамту» мамандығының соңғы инженерлерін дайындау 2007 жылы, ал «Гидротехникалық құрылымдар» бойынша 2008 жылы аяқталды. Қазіргі уақытта «Су ресурстары» кафедрасында «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура және «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» мамандығы бойынша докторантура мен магистратура бар. Кафедра құрылғалы бері 700-ден астам ғылыми жұмыс жарық көріп, 300-ден астам өнертабысқа авторлық куәліктер, КСРО патенттері және Қазақстан Республикасының алдын ала патенттері берілді. Кафедра жақын және алыс шетелдердің жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз халықаралық байланыс орнатқан.

Таразда оқып, Ташкентте тәжірибе жинайды

Қазақстан аумағында негізгі сегіз су шаруашылығы бассейндігі бар болса, оның жетеуі трансшекаралық өзендерге тікелей тәуелді. Өзендердің төменгі ағысы бізге келіп тұйықталатын болғандықтан бұл тасқынға да, құрғақшылыққа да тікелей әсер ететіні анық. Ал, мәселені мамандарсыз шешу мүмкін емес. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне қарасты Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының директоры, техника ғылымдарының доценті Ғалия Омарова елдегі болып жатқан тасқын жағдайларын заманауи құрылғылар арқылы алдын ала болжауға мүмкіндік бар екенін айтуда.

– Қазіргідей жағдайда қоғамға гидрологтар мен гидрогеологтар керек. Гидролог дегеніміз – өзеннің ағысындағы су өтімінің климаттық жағдайларға байланысты өзгеруін бақылап отыратын маман. Ал, гидрогеологтар жер бетіндегі судың деңгейі өзгеруіне байланысты жер астындағы суды зерделейді. Біз университетте төрт бағыт бойынша гидротехника мамандарын дайындаймыз. Одан басқа тағы бес бағытта өзге мамандықтар арасындағы байланыста жаңа білім беру бағдарламаларын жасап жатырмыз. Олар – су шаруашылығының экономикасы, су дипломатиясы, гидроэлектроэнергетика, су шаруашылығындағы мелиоративтік жұмыстар және гидромелиорация. Мұның бәрі техникалық бағыттағы салалар. Елімізде су саласы мамандарын 8 жоғары оқу орны, оның ішінде гидрологтарды Еуразиялық университет пен ҚазМУ, қалғанымыз гидротехниктерді дайындаймыз.

Қазір ғылым дамыған заман. Метерологтармен бірге JPS арқылы табиғи жағдайды қашықтықтан зерделеуге болады. Климаттың өзгеруі нәтижесінде осы мүмкіндіктерді пайдалана аламыз. Оқу ордасында англоамерикандық кредиттік технология басталғанға дейін бұрынғы кеңестік кезеңдегі фин технологиясымен түбегейлі пәндерді оқытқанбыз. Өкінішке қарай, солардың барлығынан кетіп, біз жеңіл-желпі бағытқа ауысқан болатынбыз. Қазақстан бойынша су саласындағы мамандықтарымыздың барлығы ауылшаруашылық бағытына бейімделіп кетті. Онда сызбалар жасалмайды, құрылыс жұмыстары қамтылмайды. Тек су ресурстарын басқару бағытымен жұмыс істейді. Сол үшін осы бағытпен шектеліп қалдық.

Ал, бірер жыл бұрын Президентіміз су саласының базалық университетін анықтау бойынша тапсырма берді. Біздің оқу ордамыз таңдалды. Содан бастап шетелден сарапшыларды шақыра бастадық. Дәлірек айтқанда, негізгі бағдарымызға климаттық, географиялық жағдайы бізге жақын болғандықтан, Ташкентті алдық. Бізге АҚШ-тағы Небраска университетінен де мамандар келген. Олармен де жерасты сулары бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өзбекстан бізге көп жағдайда жақын және бұрынғы Орта Азиядағы су саласы бойынша жетекші оқу орны. Былтыр сол сарапшылармен бірлесіп кеңестік кезеңдегі қабылданған Фин жүйесінің бағдарламасына қайта ыңғайлап, түбегейлі сызбаларды оқитын, жасайтын, құрылыс жұмыстарын жүргізе алатын мамандарды даярлайтын 4 бағытта оқу жұмыс жоспарларын қарастырып, алғашқы студенттер қабылдады. Енді сол бағыттар бойынша қос дипломмен оқытып жатырмыз. Яғни, 1-2 курс бізде, 3-4 курсты Ташкенттегі ауыл шаруашылығы инженерлері және механизациялау институтында оқып, тәжірибе жинауда. Ол оқу орны тек студенттерге ғана емес, магистранттар мен докторанттарымызға он жылдан артық ғылыми кеңесші болып жұмыс істеп жатыр. Осы жерде айта кетсем, көршілес Өзбекстанда бірде-бір бетондалмаған арық жоқ екенін байқадық. Барлығы қапталған. Ал, бізде керісінше, қолмен қазылған арық көп, каналдар да аз емес. Салдарынан егіске қажет суларымыз далаға кетіп жатыр, – дейді Ғалия Еділбекқызы.

Техника ғылымдарының доценті өз сөзінде скважиналар арқылы жерасты суларын пайдалану салдарынан босаған табиғи қоймаларды да су сақтауға жаратуға болатынын айтуда. Осы секілді ғылыми зерттелген тәжірибелер түбегейлі қолданысқа енгізілсе, құрғақшылықтан да біржолата құтылуға болатынын тілге тиек етті.

Әлеуеті жоғары зертхана Әулиеатада

Су тасқыны жағдайына әулиеаталық оқу ордасы да бейжай қарап отырған жоқ. Институттың жетекші мамандары жағдай орын алып жатқан өңірлерде су мөлшерін өлшеу жұмыстарына атсалысуда. Оған қоса, білікті мамандардан жасақталған еріктілер тобы да құрылыпты. Талай жылдық тәжірибесі бар оқу орны елдегі жағдайлар су мамандарына деген сұранысты арттыру қажеттілігін айғақтағанын алға тартуда.

– Бізде қазір су шаруашылығы саласында техникалық бағытта магистратура мен докторантура бар. Енді бакалавриаттың рұқсатын алуға құжаттар әзірлеп жатырмыз. Егер осы жұмысымыз оң нәтижесін берсе, Қазақстандағы барлық техникалық су бағытындағы мамандықтар сол классификаторға ауысады. Сонымен қатар, бізде ғылыми әдістемелік кеңес бар. Сол жерде өзімізге қажетті шараларды қарастырып, бағдарламаларға түзетулер енгіземіз. Кеңеске алыс-жақын шет мемлекеттер, өндіріс ошақтарының, отандық оқу орындарының өкілдері кіреді. Бізде су саласы бойынша арнайы жол картасы жасалған. Соның аясында 13 мекемемен меморандум жасадық, оның 8-і жоғары оқу орны болса, 5-і ғылыми зерттеу институттар. Облыс бойынша бес мекемемен консорциум жасадық. Республика бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында да елімізде жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігімен келісімдер жасалды. Жасыратыны жоқ, қазір бакалавр, магистратура, докторантураны қоса алғанда 128 студент оқиды. Өкінішке қарай, жас мамандар бізге келмейді. Ел аумағында былтыр 328 грант бөлінген, соның 30 пайызы ғана игерілген. Біздің мамандықтың оқуы қиындау, инженер болып шығады. Бірақ осы уақытқа дейін жұмыс орындары тапшы болды. Былтырғы құрғақшылық, биылғы тасқын жағдайларына байланысты қажеттілік туындағаны болмаса, оған дейін сұраныс болған жоқ. Жалақы да аз. Жастар аз жалақысы үшін келе бермейді. Бізде мемлекеттік, одан басқа жергілікті әкімшіліктерден беретін гранттар бар. Бірақ, ешқандай әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылмаған. Мысалы, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен инженер, гидротехниктер ауылға баруға болады ғой. Өкінішке қарай, ол бағдарлама біздің мамандық иелеріне қарастырылмаған. Ауылдың көп мәселесін шешетін мамандардың бірі бола тұра, жағдай сондай. Солтүстік аймақтарда су саласындағы мамандар тапшылығы бар. Осыған орай біз Ғылым және жоғары білім, Су ресурстары және ирригация министрліктеріне, барлық облыс әкімдіктеріне су саласы мамандарына сұраныс болса, даярлауға дайын екенімізді жаздық. Қазір алғашқы ұсыныстар түсіп жатыр. Оған қоса мамандардың біліктілігін арттыру, колледжден кейінгі білімін жоғарылату үшін қашықтықтан оқыту қарастырылып отыр. Сондай-ақ, дуальды әдіспен сұранысқа сай мамандарды оқытамыз. Айта кетерлігі, елдегі жағдай тұрақталғанша көмек ретінде тегін оқытамыз. Ал, келесі жылы олар өздерінің қажеттілігіне байланысты жіберіп отырады. Оған қажетті оқытушылар мен бағдарламаларды дайындап қойдық. Біз кеңестік кезеңдегі базамызды сақтап қана қоймай, оны толықтырудамыз. Англиядан «Armfild» компаниясынан сегіз қондырғы алғанбыз. Қазір мұндай зертхана ел аумағында бізде ғана бар,– дейді Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының директоры.

Ғылым мен өндірістің арасы алыстап кеткен…

Аталған оқу ордасында еліміз тәуелсіздік алғалы бері маман даярлаумен айналысып келе жатқан техника ғылымдарының кандидаты, доцент, «Су ресурстары» кафедрасының меңгерушісі Сапарбек Жолдасов қазіргі таңда су мәселелерін шешуде ғылыми негізделген тәжірибелер қолданыла бермейтінін айтуда. Айтуынша, өзен-көлден бастап, канал тазалау ісі де тендерден теперіш көріп жатқан көрінеді.

– Қазақстан бойынша гидротехникалық құрылымдардың 70-80 пайызы Кеңес одағы кезінде салынған. Олардың барлығы қазір қирау алдында тұр. Жамбыл облысында «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы 1961 жылы іске қосылған. Жалпы көлемі 159 миллион текше метр. Одан кейін «Тасөткелдің» бұрынғы көлемі 300-400 миллион текше метр еді, соңғы екі жылда жөндеу, реконструкция жұмыстары жүргізіліп, қазір 500 миллионға дейін көтерілді. Былтыр қырғыз жақтан су келмей қалды, биыл су тасу жағдайлары болып жатыр. Осының бәрі гидротехникалық құрылымдардың мерзімі өтіп, әбден ескіргенін көрсетеді. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылға дейін білім мен ғылым өндіріспен тығыз байланыста еді. Кез келген каналдың су өткізу мүмкіндіктерін өлшеп беру үшін бізге тапсырыстар түсетін. Үкімет ол үшін қаражат бөлетін. Бір, екі жылда мамандарымыз сол жерге барып зерделеу жұмыстарын жасайтын. Бір жағынан оқытушыларға табыс көзі, екіншіден ғылым дамиды, үшіншіден оның игілігі қоғамға тиеді. 2000 жылдан кейін мұндай тапсырыс мүлде тыйылды. Әрине, гранттық қаржыландыру деген бар, жылда конкурс болады, бірақ біз оған жылда қатысқанымен, ұта алмаймыз. Қазір өндіріс пен ғылым алыстап кетті. Мәселен, каналды тазалау мәселесін алсақ, облысымыз тау бөктерінде болғандықтан, тасындылармен толып қалады. Жылда астына құм толып, уақтылы тазаланбағаннан кейін қамыс өседі, судың өтімділігі төмендейді. Біздегі каналдардың өтім қимасы 40 пайыз болып қалған. Содан су тасиды. Оны тазалау үшін ауыр техникалар жұмылдырылады. Оған қыруар қаражат керек. Біз соны тиімді тазалайтын патенттелген құрылғылар мен тәсілдерді ұсынсақ, оны пайдаланғысы келмейді. Біздікі арзан бола тұра сондай. Қазір бәрі тендер болып кеткен. Ал, оған қатысатындардың дені судың маманы емес, суға мүлде қатысы жоқ адамдар,– дейді оқытушы.

Сондай-ақ, Сапарбек Құрақбайұлы шетелдік ғалымдардың тәжірибесі біздегі мәселені түбегейлі шешіп бермейтінін де ашық айтуда. Ол үшін саналы ғұмырын салаға арнаған майталман мамандардың білімін пайдалану әлдеқайда тиімді екенін жеткізді.

– Бізде 85 жасқа келген ғалымдар бар, олардың білімі мен тәжірибесін әлі де пайдалануға болады. Шетелден ғалымдар келіп, бізге жаны ашып, ештеңені жасап бермейді. Олар біздегі су жүйесін де дұрыс білмейді. Бізге өзіміздегі мәселеге қанық, кем-кетіктерді жақсы білетін ғалымдар қажет. Бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институты құрылғалы бері істеп келе жатқан кісілер бар. Ол кезде тіпті «су шаруашылығының экономикасы» деген мамандық бар еді, ол су шығындары мен пайдаларын есептеуге үйрететін. Барлығы бір-бірімен байланысқан мамандықтар болатын. Сол Қазақстан ғана емес, шетелге дейін 20 мыңға жуық маман даярлаған екен. Сол әлеуетті қайтадан қолға алмаса, болашақта білім беретін ешкім қалмайын деп тұр. Менің өзім алпысқа жақындап қалдым. Бізден кейінгі арада жиырма жыл үзіліс бар. 2005-2010 жылға дейін жағдай жақсы болған жоқ, жалақымыз бір қап ұнға жетпейтін. Кім шыдады, солар қалды және олар өте аз. 2012 жылдан бастап кішкене қаражат бөліне бастады. Қазір қолда барымызды ұстап қалмасақ, шын мәнінде кейін шетелден қымбат мамандарды шақыруға тура келеді,– дейді С.Жолдасов.

Мамансыз мәселе шешілмейді

Расында, оқу ордасында ұзақ жылдардан бері ұрпақ тәрбиелеп, су білгірлерін даярлайтын профессорлар аз емес. Үйретуден жалықпайтын мұндай майталмандар үшін су мәселесінің мән-жайы да, олардың шешім жолдары да, ұтымды ұсыныстар да жеткілікті.

– Су мәселесі еліміздегі ең бір күрделі де міндетті түрде шешілуі тиіс жағдай болып тұр. Себебі, сусыз тіршілік жоқ екенін жақсы білеміз. Өзім осы оқу орнында табан аудармай жұмыс істегеніме жарты ғасырға жуықтады. Су шаруашылығындағы мәселелердің ең негізгі түбірі «Суды қайдан аламыз, оны қалай жеткіземіз?». Мәселенің шешімін осыдан бастау керек. Мысалы, біздің аймақтағы кез келген су торабынан шыққан су егістікке толық жетпейді. Шаруашылық бір танапты суғару керек болса, әр дақылдың өсуіне байланысты суды пайдалану кестесі жасалуы керек. Кімнің қалтасы қалың, соған суды кез келген жерден жырып бере салуға болмайды. Суды пайдаланудың нақты тізбесі болуы керек. Бізде сол тізбе бұзылған. Кезінде бір ауданда он кеңшар болса, қазір 20-30 шаруашылық пайда болды. Әркім өз каналына тартып алып жатыр. Алқаптарды суғарудың реті жоқ. Бізде мысалы, арнайы суды таратқыш құралдарымыз бар. Негізінде бір сушыға 15-20 гектар жер норматив болса, біздің құрылғылар бір адамға 40-50 гектар жерді суғаратын мүмкіндіктер ұсынады. Сол сияқты берген су мен келген суды өлшейтін, үнемдейтін құралдарды көбейтуіміз керек. Су мәселесін шешкен кезде гидротехниктер жетіспейді дейміз. Кез келген су шаруашылығында жүрген адам әмбебап, яғни дәнекерлеуші, тіпті машина жөндеу қабілеті болуы тиіс. Біз институтты бітіргенде трактор, комбайнның жүргізуші куәлігін бірге алдық. Сушыға оның бәрі қажет. Ол кез келген бұранданы жасап, жаңбырлатқыш машиналарды жөндей алатын инженер болуы керек. Сондай мамандарды даярлайтын арнайы орталық ашу қажет. Сол арқылы оларға арнайы сертификат берілуі тиіс. Баяғыда мектептерде «оқу комбинаты» деген болған. Қазір де біздің базада сондай орталық ашуға мүмкіндік бар. Оны бітірген маманға жағдай жасауымыз керек. Қазір біздегі суландыру жүйелері тозған, жабық каналдар, астаулар, дренаж жүйесі жоқ. Жерасты сулары көтеріліп кеткен. Яғни, суды басқару жүйесін түбегейлі қолға алмайынша, шаруашылықтардағы мамандарды дайындамайынша, су үнемдеу мәселесі шешілмейді. Анық көріп отырғанымыздай, Атырау, Оралда бір жарым мың текше метр су ағып жатыр, тереңдігі тоғыз метрге барып қалды. Соны күні бұрын есептеп, әр каналда келген суды бұрып тастайтын «береговой дренаж» деген болады. Яғни, дамбылардан бұрын еңістердің айналмалы керіздері болуы керек. Бізде керіз деген жүйе мүлде жоқ. Ескілері бітеліп қалған. Керіздер арқылы мол суды тіпті дамбыға жеткізбей басуға болар еді. Оған қоса, біздегі жерасты сулары да көтерілуде, соны егістікке алып бару жүйесін қалыптастыру керек. Сонда ғана біз суды үнемдей аламыз,– дейді «Мелиорация, және агрономия» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Әдеубай Сейітқазиев.

ТҮЙІН: Мұндайда «Судың да сұрауы бар» деген халқымыздың өнегелі сөзі еріксіз еске оралады. Тіршілік көзі әрбір ағзаға қаншалықты қажет болса, қоғамның дамуына да соншалықты маңызды. Ал, судың сырын біліп, жағдайды жазбай танитын, мәселенің алдын алып, әр тамшыны жауапкершілікпен ұрпаққа жеткізе білетін мамандардың еңбегі қашанда ұшан-теңіз. Осы тұста сұраныс суалып, жағдайы тасада қалса да қиындыққа мойымай, табанды еңбек етіп келе жатқан тарихи оқу ордасының кәсіби күрескерлігі көпке үлгі. Алдағы бастамалары да ел игілігіне айналарына сеніміміз мол.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support