- Advertisement -

Қайырымдылық жалғасуда

9

- Advertisement -

Өңір тұрғындары тарапынан қарғын судан зардап шеккен аумақтарға жылу жөнелту ісі жалғасуда. Бұған дейін де арнайы ұйымдар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғам белсенділері мен тұрғындар өз еріктерімен шама- шарқынша жылу жинап, біршама көмекті аттандырып үлгерген еді.

Жақсылық жасауға ұмтылғандар қатары күннен күнге артып, игілікті іс облыстың аудандарында да жалғасын тапқан. Мәселен, Жамбыл ауданында тұрғындар күні бүгінге дейін тұрмыстық керек-жарақтан бөлек, 9 миллион теңгеге жуық қаржылай көмек жөнелткен. Ал, күні кеше аймақта орналасқан «ҚазТрансГазАймақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Qazaq Gas Onimderi» компанияларының өңірлік филиалдары Атырауға 115 500 қапшық жіберді.

– Ер етігімен су кешіп, ел басына күн туғанда қарап қалмасымыз белгілі. Осы мақсатта зардап шеккен азаматтарға газ саласындағы қос мекеме тарапынан бөген салуға арналған қапшықтар жөнелтілді. Халқымыз қашанда бекем бірлігінің арқасында талай нәубетті еңсерген. Біз осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрынғы Т.Рысқұлов ауданында болған зілзаланы ұмытқанымыз жоқ. Сонда еліміздің түкпір-түкпірінен жерлестеріміздің шарапатын көрген едік, – деді «Qazaq Gas Onimderi» жауапкершілігі серіктестігі облыс бойынша филиалының директоры Бегалы Ералиев.

Бұдан өзге аудан ауылдарында жылу жинау ісі жалғасын табуда. Мәселен, Жамбыл ауылдық округіне қарасты Танты, Құмшағал, Қоңыртөбе елді мекендерінің тұрғындары Танты ауыл биі Ерғали Асанқұловты бас етіп, қайырымдылық шарасына атсалысуда.

– «Бірлігі мықты ел озады» демекші, еліміздің ынтымағы қашанда осындайда байқалады. Сын сағатта сынбай, шыдамдылық танытып отырған батыс пен солтүстіктегі ағайынға сабыр тілейміз. Осындай қиын сәтте ауыл жұртшылығы да қарап қалған жоқ. Бүгінгі таңда Жамбыл ауылдық округіне қарасты үш ауылдың адамдары қаржылай, заттай көмектерін жинастырып, жүк көлігінің жөнелтілуін күтуде. Бұдан бөлек, игі бастамаға Қаратөбе, Бектөбе ауылдары атсалысуда, – деді Танты ауылының биі Ерғали Сәрсеналыұлы.

Жалпы Жамбыл ауданы бойынша күні бүгінге дейін 20 ауылдан гуманитарлық көмек жіберілген. Жақынға жанашырлық танытуға бағытталған жақсылық шарасы әлі де жалғаса бермек.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support