- Advertisement -

Ұлы Даланың ұлық дәстүрлері

10

- Advertisement -

Халқымыздың күнделікті әдет-ғұрпы моральдық құндылықтар негізінде құрылған. Сондықтан салт-дәстүріміздің өзі ұлт тәрбиесіндегі жеке бір институт. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұмытылып бара жатқан осы бір ұлық дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, Наурыз мейрамына қатысты салт-дәстүрлерімізді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Саумалық айтып жүрміз бе?

Наурыз айында күн жылып, күн күркіреп, жаңбыр жауған соң, көк шыға бастаған уақытта саумалық айтылады. Осы кезде ауыл адамдары далаға шығып бір-бірінің амандығын сұрасып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді. Онысын қазақ жырмен жеткізетін болған:

Саумалық, саумалық,

Наурызшаның көк құсы,

Ұйқыдан көзін ашты ма?

Саумалық, саумалық,

Самарқанның көк тасы,

Жібіді ме көрдің бе?

Саумалық, саумалық,

Ескі жылы кетіп, жаңа жыл келді.

Ескі жыл есіркей кет,

Жаңа жыл жарылқай кел, – деп бір ескі ыдысты сындырып, «жамандық кетсін» деп ырымдайды. Бүгінде бұл үрдіс ауызекі түрде еліміздің кей өңірлерінде тек көрісу күні қарс аңында айтылып жатады.

«Самарқанның көк тасы»

Ел ішінде көп айтылатын осы ұғым Наурыз күнімен тығыз байланысты, оның бірнеше мағынасы бар. Аңыз бойынша, әйгілі астроном Ұлықбектің обсерваториясында сақталған көк тас болыпты. Наурыздың 22-сі күні сол тасқа күннің сәулесі түсіп, оны жұмсартады- мыс. Дәл осы күні бұрынғы өкпе-реніштер ұмытылады. Егер ренжіген адам кешірім еткісі келмесе, оған: «Бұл күні Самарқанның көк тасы да жібиді, тастан қатты емес шығарсың?» дейтін болған.

Белкөтерер – қариялар асы

Қазақ халқының қонақжайлық мінезінің ерекшелігімен қоса, тағы бір өте маңызды қасиеттерінің бірі, ол үлкендерге ізет пен құрмет білдіру болып табылады. Өйткені, қазақтар үлкендерді сыйлауға және байсалды болуға балаларын жастайынан үйретеді.

Осыған орай, «Белкөтерер» ғұрпын мысал ретінде келтірсек болады. Белкөтерер наурыз айы қарсаңында ғана емес, жылдың қай мезгілінде болсын жасала беретін тағам түрі. Негізінен жасы үлкен адамдарға арналып жасалады. Оларға қазы, жент, сүзбе және сол сияқты жұмсақ, дәмді тағамдар әзірленеді. Бұл міндет отбасы мүшелерінің кішілеріне жүктелгендіктен, өздерінің үлкендерге деген сый- құрметін осы ғұрып арқылы білдірген.

Ұйқыашар мен селтеткізер

Наурыз мерекесін ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың теңескеніне балаған қасиетті күндер қатарына санағасын, адамдар осы күні ұйықтамай, той- думанмен жаңа таңды қарсы алған. Жастар түні бойы алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтып, қыздар өздерін ұнатқан жігіттерге «Ұйқыашардан» дәм татқызса, жігіттер оларға «Селтеткізер» сыйлаған. «Ұйқыашар»–Наурыз тойында қыз-келіншектер жігіттер ұйықтап қалмасын деп, жақсы тағамдардан «Ұйқыашар» дайындаған. Ал, жігіттер «Ұйқыашардан» дәм татқан соң, қыз-келіншектерге айна, тарақ, әшекей бұйымдарын сыйлаған. Бұл жөн-жоралғыны «Селтеткізер» деп атайтын болған.

Құт дарысын!

Тағы бір дәстүр – жаңа күнді қарсы алу. Алтыбақан басталарда жастар түнімен ән айтып, ұлттық ойындар ойнаған. Таң ата биіктеу төбенің басына шығып, жаңа күнді қарсы алған. «Кімде-кім Ұлыс күнін күн түскен сәтте шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды», деген ұғым болған. Күлімдеп шыққан күнге сәлем берген жұрт «Құт дарысын!» деп айналаға ақ бүркіп, үйлеріне тарасқан. Халық арасындағы аңыздар бойынша ел-жұрт осы түні «өлі мен тірінің айтысын» ұйымдастырып, 365 күнге арнап үш жүз алпыс бес күй тартатын болған.

Үт кірді, үйге құт кірді

Бағзы замандардан бері сабақтастығын үзбей келе жатқан, салт-дәстүрлерге орай наурыз айы туғанда, ата- бабаларымыз «Үт кірді, үйге құт кірді» дейді. Күн сәулесінің үйдің, саңлау тесіктен түскен тозаңдануын қазақ үт кірді деп оны жақсылыққа балаған. Яғни, күн нұрының жердегі тіршілікке жасайтын игі әсерін бейнелейтін үлкен мәні барын меңзейді. Үт ұғымының халықтың тұрмыс- тіршілігіндегі маңызы зор. Ол ағартушылықтың, ілім мен білім, мәдениеттің символикалық бейнесі ретінде қазақ дүниетанымында көрініс тапқан. Әсіресе, XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің шығармаларында бұл белгі анық байқалады.

Әз болмай, мәз болмайды

Халық ұғымы мен сенімі бойынша наурыздың алғашқы үш күні ішінде жер-көкті жарып ерекше бір гуіл өтеді. Оны жан- жануарлар ішінде қой ғана және қой арқылы қойшы ғана сезеді дейді білетіндер. Сол күні барлық табиғат, жаратылыс, тіршілік, өсімдік, адам бойына ерекше сезім, қуат, қасиет бітеді. Бұл күндері тырнақ, шаш алса халық әлгіндей асыл қасиеттер қиылып кетіп, адам сол ауруға ұшырайды деп ырымдаған. Жер-көк, жан- жануар әз өткен соң ғана қуат алады деп түсінген халық «әз болмай, мәз болмайды» деп қанатты қағида қалдырған.

Міне, дана халқымыздың тұрмыс-тіршілігіндегі елене бермейтін әдет-ғұрыптардың бір парасы осы. Осынау ұлттық маңызы мол дәстүрлеріміз қазақтың төл мерекесі Наурыз мейрамы қарсаңында ғана емес, күндегі қымқуы т тіршілігімізде де ұлықтала берсе екен дейсің!

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support