- Advertisement -

Түркі мемлекеттері ауыл шаруашылығын дамытуға мүдделі

13

- Advertisement -

Тараз қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесуі аясында бірқатар іс-шаралар өтуде. Іс-шаралар бағдарламасы тікелей ТМҰ ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесуін, ТМҰ ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының төртінші отырысын, 3-ші Түркі Агро форумын және компаниялармен В2В кездесулерді, ECOSA тұқым конгресін, тұқым шаруашылығы жөніндегі форумды және бірқатар екіжақты кездесулерді қамтуда.

Аталған форум аясында «Arai Plaza» бизнес-орталығында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлерінің үшінші отырысы өтті. Кездесуде Ауыл шаруашылығы бойынша өзара ынтымақтастықты арттыру, сауда көлемін ұлғайту, сондай-ақ, тауарлар логистикасының құнын төмендету мәселелері қаралды. Арнайы басқосуға Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, Әзербайжанның ауыл шаруашылығы министрі Меджнун Мамедов, Өзбекстан ауыл шаруашылығы министрі Иброхим Абдурахмонов, Қырғызстанның су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары Кубат Қасейінов, Түркияның ауыл және орман шаруашылығы министрінің орынбасары Эбубекир Гизлигидер қатысты.

Жиында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысушыларды Түркі халықтарының ортақ мерекесі – Наурыз мейрамымен құттықтай отырып, түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы өзара сауданың дамуы жайында айтты. Министр осы бағытта Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы үлесі 28 пайызға жетіп отырғанын, бірақ бұл да шекті межеден алыс екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл көрсеткішті арттыру мақсатында еліміздің потенциалы жеткілікті екенін, бидай, арпа, жүгері, жасымық, ұн және басқа да дәстүрлі экспорттық тауарлары арқылы олқылықтың орнын толықтыруға болатынын жеткізді.

–Ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын дамыту үшін Қазақстанның барлық мүмкіндіктері мен ресурстары бар. Ең алдымен елімізде жер ресурстары жеткілікті: бізде егіс алаңы 24 миллион гектарды, ал жайылым алаңы 180 миллион гектардан астам аумақты құрайды. Елдегі азық-түлік өндірісінде соңғы екі жылда айтарлықтай өсім байқалып, жалпы көлемі 6,9 миллиард АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар, АӨК-не инвестиция көлемі де өсуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ауыл шаруашылығына 2,5 миллиард АҚШ доллары инвестицияланды. АӨК өнімдерінің экспорты да өсуде: екі жыл ішінде экспорт көрсеткіші 3,8-ден 5,4 миллиард АҚШ долларына дейін өсті. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнімін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде біз саланы дамытудың жаңа тәсілдерін енгіземіз, агротехнологияларды пайдалану және егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі жұмысты күшейтеміз. Жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде су ресурстарының өсіп келе жатқан тапшылығын ескере отырып, монокультуралар алаңы, сондай-ақ ылғал көп қажет ететін дақылдар алаңы қысқартылатын болады. Ғылыми ұйымдар сапалы тұқымдар өнімділікке 30-40 пайызға, минералды тыңайтқыштар 20-25 пайызға, ал өсімдіктерді қорғау құралдары өсімдіктерді арамшөптерден, аурулардан және зиянкестерден қорғау арқылы фитосанитарлық қауіпсіздікті жақсартуға әсер ететінін дәлелдеді. Осыған байланысты біз бес жыл ішінде қолданылатын тұқымдардың сапасын арттыруға тырысамыз, – деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспарында тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру, оны ғылыми тұрғыда нормаға негіздеу, саланы техникалық жарақтандыруға ерекше назар аудару жайы айтылды. Бұл бағытта шаруаларды ынталандыру шаралары есебінен ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі 10 пайызға дейін жеткізілмек.

– Аталған мақсаттар үшін агроөнеркәсіпті қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру қажет. Осы бағытта Президент тапсырмасы аясында көп жұмыс жүргізілуде. Жалпы, біз 2030 жылға қарай саладағы еңбек өнімділігін арттыруды, қаржыландыру көлемін және негізгі капиталға инвестицияларды ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді, – деді министр А.Сапаров.

Сонымен қатар, министр аталған саладағы мәселелерге де тоқталып өтті. Ол түркі ұйымына мүше елдерді өзара тауар айналымын арттырып, ортақ шешім аясында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

– Өткен жылы Әзербайжан мемлекетімен тауар айналымы іс жүзінде екі есе төмендеді. Бұл Қазақстаннан Әзербайжанға да, жалпы тауар ағынына да кері әсер етті. Бүгінде бұл мәселе екі жақтың да назарын талап етеді. 2024 жылы біз Әзербайжанға жеткізілетін мал шаруашылығы өнімдерінің номенклатурасын кеңейттік, алдағы уақытта дәнді дақылдар жеткізу бойынша да оңтайлы бірлескен шешім табамыз деп үміттенеміз. Ол үшін азық-түлік корпорациясы арқылы тауарларды сатып алу кезінде бөліп төлеу шарттарымен Әзербайжанға астық жеткізуге мүдделіміз. Сондай-ақ, біз барлық мүмкін нұсқаларды талқылауға дайынбыз, – деді министр.

Дәстүрлі шаруашылық түрінен бөлек біздің елімізде жылдан жылға өндірілетін перспективалы тауарлар бар. Мәселен, өсімдік майлары. Министрдің айтуынша, барлық қажетті ресурстар мен жағдайлар бар. Себебі, соңғы үш жылда күнбағыс, мақсары және рапс майларының қазақстандық экспортының көлемі үш еседен астам өскен. Өсімдік майларының экспортын арттыруда Өзбекстанмен сауда қатынасы маңыздылыққа ие болып отыр. Соңғы бір жылда өсімдік майын жеткізу көлемі 60 пайыздан асып, 157 мың тоннаға жеткен.

Сонымен қатар, еліміз жайылым алаңы бойынша әлемдегі бесінші ел екені белгілі. Мал шаруашылығы экономикада бәсекеге қабілетті өнімді алуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта еліміз мал шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда, тоңазытылған және мұздатылған сиыр, қой еттері мен ет өнімдерін, мүйізді ірі қара мал терісін сатуға да ынталы екенін жеткізді.

– Біз Әзербайжанмен мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сондай-ақ, біздің ет өнімдеріміз Қырғызстан мен Өзбекстан нарығында бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Өзбекстанға әкелінетін ветеринариялық қызмет бақылауындағы тауарларды өндіруді, қайта өңдеуді және сақтауды жүзеге асыратын ұйымдардың тізіміне ену үшін 130-ға жуық қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуші кәсіпорындарды қарауды ұсынғым келеді. Тиісті хат қазірдің өзінде жіберілді. Қазақстандық жеткізушілер Өзбекстан нарығында өнім ассортиментін кеңейтіп, сапасы жағынан да, бағасы бойынша да бәсекеге қабілетті тауарлар ұсынатынына сенімдімін, – деді Айдарбек Сапаров.

Бүгінгі таңда Түркия нарығы ветеринария желісі бойынша қазақстандық жеткізушілер үшін іс жүзінде жабық болып отыр. Қазақстанға қатысты мұндай шектеулер бұрын Қытай мен Ресей тарапынан болған, алайда биылғы жылдан бастап шектеулер алынып тасталды. А.Сапаров Түркия өкілдерін осы мәселені қарастырып, қазақстандық делегацияның Түркия, Түрікменстан және Венгрияға сапарлары барысында екіжақты келіссөздер ұйымдастыруды ұсынды.

Жалпы, түркі ұйымына мүше елдер арасындағы саудаға кедергілер көп емес. Бірақ бірқатар өнімдерде импорттық баждар бар, мысалы, глютен және крахмал сияқты өнімдер үшін баж салығы сақталған. Түркияға өңделген өнімдерге бидай ұнына әкелу бажы 102 пайызды, глютенді – төрт пайызды, крахмалды – екі пайызды құрайды. Әзербайжанға өнімді бірқатар позициялар бойынша әкелу кезінде импорттық баж көлемі 15 пайыз.

Ал, қазақстандық импортқа келетін болсақ, еліміз отырысқа қатысушы мемлекеттерден жарты миллиард АҚШ долларына ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алады. Бұл санатта негізінен жеміс-жидек өнімдері, цитрус жемістері, көкөністер, кондитерлік өнімдер және басқа да тауарлар бар. Айдарбек Сапаров отырысқа қатысушыларға ауыл шаруашылығы өнімдері, атап айтқанда, ет пен сүтті, картопты, қант қызылшасын, майлы дақылдарды, жемістерді, көкөністерді, тері шикізатын және жүнді Қазақстанда өңдеуді ұсынды. Бұл ретте министр елімізде инвесторларға түрлі мүмкіндіктер берілетіндігін, оның ішінде салықтарды төлеу мерзімін босату немесе кейінге қалдыру бойынша 25 пайыз көлемінде инвестициялық шығындарды өтеу мүмкіндігі бар екендігін айтып өтті.

Жиын соңында Түркі ұйымы мемлекеттерінің Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, Әзербайжанның ауыл шаруашылығы министрі Меджнун Мамедов, Өзбекстанның ауыл шаруашылығы министрі Иброхим Абдурахмонов, Қырғызстанның су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары Кубат Қасейінов, Түркияның ауыл және орман шаруашылығы министрінің орынбасары Эбубекир Гизлигидер өзара сауданы дамыту туралы өз көзқарастарымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. Отырысқа қатысушылар ұйымға мүше елдер арасындағы тауар айналымы бойынша көрсеткіштерді арттыру бойынша жұмысты күшейту қажет деген ортақ пікірге келіп, аталған мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлері арнайы коммюникеге қол қойды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support