Жанұялық ұстанымға айналған жауынгерлік парыз

Жанұялық ұстанымға айналған жауынгерлік парыз
ашық дереккөз
Жанұялық ұстанымға айналған жауынгерлік парыз
Қазақтың төбе биі Төле би Әлібекұлы: «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі», деп бекер айтпаса керек. Әулетте бір кәсіпті меңгеретін тұлға болса, оның ізін ұрпақтары жалғастырады. Одан әрі бұл кәсіп атаның тәрбиесімен, ананың сүтімен адамның қанына сіңеді. Мұның барлығы бара-бара тектілікке ұласады. Сондықтан болар, халқымызда тумысынан батыр, ақын-шешен немесе ұста болып, өз ісінің шеберлері көп шыққан. Сол секілді еліміздің әскери саласында да кәнігі офицерлер династияларының бастауы көрініп келеді. Сондай әскери әулеттің бірі – Қалижановтар әулеті. Әскери өмір біреуге уақытша міндет, ал біреуге қасиетті борыш. Қалай дегенмен, соңғы жылдары салаға жастардың қызығушылығы артып келе жатқаны көңіл қуантады. Оған басты себептің бірі де отбасындағы тәрбие екені айтпасақ та түсінікті. Ұлдары ұрпақтан-ұрпаққа әке жолын аманаттап, әскери мамандықты еш ойланбастан таңдаған Қалижановтар үшін де жауынгерлік парыз жанұялық ұстанымға айналған. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының офицері, капитан Дмитрий Қалижанов офицер болуды бала күннен мақсат еткен. Бұл ретте Дмитрийдің әкесі, запастағы полковник Алексей Қалижанов ұлын әскери салаға шақырып, үнемі үгіттеген емес. Бұл әке тәрбиесін көріп өскен ұлдың өз таңдауы. Саланың қыр-сырына, ыстық- суығына қанық әке тұңғышына таңдау құқығын берген. Ұлының әскери институтқа түсетіні туралы шешімі олардың отбасындағы сардарлар сарынын қайта жалғап отыр. – Бізді туыстарымыздың барлығы әскери әулет деп айтады. Олай деуге негіз бар. Менің атам Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер, әкем Кеңес Одағы мен Қазақстанның Қарулы Күштеріне отыз жылдан астам қызмет еткен майталман, үлкен ағам әскери зейнеткер, одан кейін өзім де бар қайратымды осы салаға арнадым. Енді біздің жолымызды ұлым абыроймен жалғап келе жатыр. Яғни, жауынгерлік жолымыз төртінші буынға ұласты. Бұл менің ғана емес, әулетіміз үшін үлкен мақтаныш,– дейді запастағы полковник. Алексей Қабыланұлының өзі жастайынан саналы ғұмыры гарнизондарда өткен офицер әкесінің өнегесін көріп, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан атасы, майдангер Кәкімжан туралы әңгімелерді тыңдап өскен. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы он жеті жасында Харьков әскери училищесіне оқуға түсуге бел буады. Әкесі сол жылы зейнеткерлікке шықты, ал ұлының шешімі Қарулы Күштер қатарында әке орнын басатын перзент үшін үлкен жауапкершілікті жүктеді. Әрине, кеңестік кезеңде жас жігіттер үшін үйден алыстап, Отан алдындағы борышын өтеу әдеттегі жағдай болатын. Осы ұстаныммен үйдің үлкені Алексей де алысқа аттанады. Сол жерде курсант қыз Татьянамен танысып, көп ұзамай шаңырақ көтереді. Ал тұңғыш ұлы Дмитрий дүниеге келгенде оның шені лейтенант еді. Тапсырма бойынша ол Украинаның Винница қаласында жеке байланыс полкінде қызмет етті. Екі жыл қызмет өтілі әскери өмірде өтті. Бірақ туған жерге, Қазақстанға деген сағынышы оны атамекенге оралуға мәжбүр етті. Көп ұзамай Алексей отбасымен бірге Шығыс Қазақстан облысына қоныс аударып, осында әскери қызметін жалғастырды. Әскери білімін толықтырып, тәжірибе шыңдау мақсатында Аягөз гарнизоны, Мәскеу, Семей, Тараз қалаларына табан тірегенде де адал жары мен тұла бойы тұңғышын жанынан тастаған жоқ. Сондықтан да оның отбасы үшін әскери саланың қиындығы мен қызығы әу бастан белгілі. Осылайша, Алексейдің отбасы тағы да екі қызымен толығып, перзенттері әскери лагерьлерде өсті. Олардың ұлы Дмитрий әскери өмір салтын ес білгелі бойына сіңіре бастады. Сондықтан мамандық таңдауда да оның бағыты балалық шағынан әскери салаға ауды. – Оның таңдауында әскерилер отбасындағы, гарнизондардағы өмір, әскери қызмет туралы әңгімелер шешуші рөл атқарды ғой деп ойлаймын. Мен оған әулетіміздің сабақтастығын жалғастыруын талап етпесем де өз еркімен осы жолға қадам басты. Әскери киім әдемі болғанымен, оның иығында үлкен жауапкершіліктің жүгі жатыр. Ал, құрмет медальдарының артында тұрған еңбек пен ерліктің салмағын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әскери қағидалар қаршадайынан қанына сіңген ұлым алдағы уақытта ел үшін адал қызмет ететін азамат боларына сенемін, – дейді Алексей Қабыланұлы. Дмитрий Алматыдағы радио- электроника және байланыс әскери институтына оқуға түскенде, полковник Алексей Қалижанов Тараздағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының байланыс полкін басқарып тұрған еді. Алексей Қабыланұлы гвардиялық гарнизонды басқарып, «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшысының орынбасары болған кезде отбасында ғана емес, Отан қорғау жолында да ұлымен жиі қауышатын болған. Ал, Алексей Қалижанов зейнеткерлікке шығар сәтте Дмитрий лейтенант шенін алып, әке жолын сәтті жалғап кетеді. – Мен үшін әскери институтты бітірген кезде салтанатты шараға әкемнің қатысуы өмірімдегі ең жарқын сәттердің бірі болды. Ол маған дипломды өз қолымен табыстады. Еңбек жолындағы эстафетаны алғандай үлкен әсерде болдым. Мен бала күнімнен басқа салалар туралы ойланған жоқпын. Мектепте оқып жүрген кезімде-ақ әскери институтқа түсіп, офицер болатынымды анық білдім және әкеме қарап, бой түзеп, осы мақсатқа ұмтылдым,– деп еске алады әскери өмірдегі алғашқы қадамын капитан Дмитрий Қалижанов. Осылайша, жалынды жас радио- электроника және байланыс әскери институтын бітіргеннен кейін десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің шалғай гарнизонында қызмет етуге аттанды. Бірнеше жылдан кейін әскери өмір оны Тараз қаласына алып келіп, алғаш рет әкесі басқарған бөлімшеде қызмет етті. Жуырда капитан шеніне ие болған Дмитрий «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бөліміне ауыстырылды. Өзі де шаңырақ көтерген, отбасымен бірге ел амандығын тілеп, тату-тәтті тірлік кешуде. Ұлы Диамир де бұрынғы Дмитрийдің өзі секілді әкесінің жұмыстан келгенін күн сайын асыға күтіп, оның әскери әңгімелерін ұйып тыңдауды әдетке айналдырған. Бұл әулетті еліміздің әскери саласынан бөліп қарау мүмкін емес. Себебі, Дмитрийдің әкесі армияда ұзақ жылдар қызмет етті, анасы Татьяна радиотелеграфшы болып еңбек сіңірді. Олардың ұлы Дмитрийдің әскери салада жүргеніне де он жылдан асып барады. Дмитрийдің өзі егер болашақта оның ұлы Диамир әскери мамандықты таңдаса, оған қуанатынын ашық айтады. «Ұлым әлі кішкентай, өскенде өз әкем секілді мен де таңдау еркін өзіне беремін. Егер ата жолын, әке ізін жалғаймын десе, мен оны барынша қолдауға дайынмын», – дейді ол.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар