- Advertisement -

Көңілі дархан даладай

24

- Advertisement -

Уақыт деген сынаптай сырғып өтіп жатады емес пе?! Жазушы- журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және халықаралық Жамбыл, Қазақстан Журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты, түркі тілдес халықтардың Дүниежүзілік «Алтын сафран» кинофестивалінің жүлдегері, «Ұлт қайраткері» медалінің иегері Доқтырхан Тұрлыбек дос та жоталы жетпіс бестің биігіне ат шалдырып қалыпты. Соңғы қырық бес жылдың көлемінде жақсы дос, жарасымды әріптес бола жүріп оның шынайы адами болмысын, даладай дархан көңілін, өзі қалаған кәсіпке адалдығын, қаламгерге тән қасиет – еңбекқорлығын, алдына қойған мақсатты алмай қоймайтын табандылығын танып білдім.

Мен Доқтырханды 1977 жылдан жақсы білемін, әріптес ретінде бір-бірімізді түсініп жүрдік, дос болып жақсы араласып кеттік. 1979 жылдың жаңа жылының алғашқы күнін мен облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінің өнеркәсіп, транспорт және құрылыс бөлімінің меңгерушісі болып бастадым. Таң азаннан бас редакторымыз Баттал Жаңабайұлы шақырып, редакция алқасы мүшелерінің алдында менің осы қызметке тағайындалатынымды жария еткен болатын. Бұған дейін мен тағы бір ардақты ағамыз Арғынбай Бекбосынұлы жетекшілік ететін насихат және үгіт бөлімінде аға тілші болып қызмет атқаратынмын. Басшымыз өнеркәсіп, транспорт және құрылыс бөліміне әкеліп, құтты орныма жайғастырды. Жиырма жеті жасқа аяқ басқан жас жігітпін, қобалжу басым, жүрексініп тұрмын. Бөлімде бұрыннан жұмыс істейтін сақа журналист Тоба Момыналиев пен менен бірер жас үлкен Доқтырхан Тұрлыбек қарсы алды. Бұған дейін бөлім басшысының басшылығымен, ақыл-кеңесімен, тапсырмасымен жұмыс істейтін маған ендігі жерде өзім болып, жаңағы екі тілшіміз болып күрделі бөлімнің жұмысын жандандыру міндеті тұрды. Күрделі дейтінім, бәріміз де ауылда өскен балалармыз ғой, негізінен қалаларда орын тепкен зауыт-фабрикалардың, жұмысы қайнап жатқан құрылыс ұйымдарының тыныс-тіршілігін жете біле бермейміз. Оның үстіне халық шаруашылығының осы саласы негізінен орыстілді болып келеді. Несін жасырамыз, орысшаға шорқақтығымыз тағы бар. Оның үстіне сол жылдары Мәскеудің пәрменімен Жамбыл облысының үлкен химиясын одан әрі өркендету бағытында арнайы бағдарлама болған. Химия алыбы – Жаңа Жамбыл фосфор зауыты іске қосылып, бұл саланың әлеуеті арта түскен еді. Суперфосфат зауытында көмір қышқылы цехы ашылып, ол да бір елеулі оқиға болды. Құрылыстың қарқыны туралы айтудың өзі артық. Бір Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында жыл сайын бір мөлтек аудан пайдалануға берілетін. Жаңатас, Қаратау қалалары керемет жылдамдықпен өсіп жатты. Теміржол, автомобиль көліктері саласындағы жұмыстар өз алдына бөлек әңгіме. Бір Жамбыл былғары аяқ киім комбинатында он мыңға жуық адам жұмыс істейтін. Жылына дәл қазір есімде жоқ, миллиондаған жұп аяқ киім шығаратын. Жамбыл жүнді алғашқы өңдеу фабрикасының одақ көлеміндегі даңқы жер жарып жатқан кез. Міне, осының барлығын жазуымыз керек. Шынайы ақпарат беруіміз керек, проблемаларын ашық, әділетті түрде көрсетуге тиістіміз.

Үш азамат жұдырықтай жұмылып, уақытпен санаспай еңбек еттік. Тоба ақсақал зейнет жасына келіп, жеңілдеу корректорлық жұмысқа ауысты да, оның орнына әлекедей жаланып тұрған жас жігіт Толымбек Әлімбекұлы келді. Осы бөлімде мен Доқтырханмен бес жыл қатарынан қоян-қолтық бірлесіп еңбек еттік. Оның бір қасиеті – алмас қылыш сияқты қайда жұмсасаң да, қандай тапсырма берсең де уақыттың тығыздығына, жүктелген міндеттің күрделілігіне қарамастан тақырыбына сай материалдарды мөлдіретіп жазып, алдыңа әкеліп тастайтын. Облыстық жиындарға қатысамыз, бас редакторымыздың арнайы тапсырмалары болады, өзіміздің көрген-білгендеріміз, көңілге түйгендеріміз бар, Доқтырханға боратып сын материал жазып беру турасында тапсырма береміз. Сынауға келгенде Доқтырхан әбжіл болатын. Сын жазу оңай емес. Ол кезде партиялық басшылық деген бар, партиялық әдеп – әдет деген болады. Адамгершіліктен де асып кетпеуіміз керек. Адамның ар-намысына тимей, жұмыстағы орын алып жатқан кемшіліктерді әділетті түрде баян етуге тиістіміз. Міне, Доқтырхан осындай күрделі жағдайдан қиыстырып жол тауып, сын мақалаларды, фельетондарды жазып әкеліп алдымызға қоятын.

Оның тақырыпты таба білуіне, жаңашылдығына мен риза болушы ем. Бірде Қаратау қаласындағы «Молодежный» кенішіне арнайы тапсырмамен барып қайтты. Кен қазып жатқан шахтерлер өмірі туралы газеттің бірнеше нөміріне мақала жазды. Бір мақаласында жеті қат жер астында фосфор шикізатын өндіріп жатқан кеншілер су сорғалап тұрған бір бұрышына гүл егіп өсірген ғой. Басқа біреу болса «Е, дұрыс болған екен» деп өте шығады ғой. Жоқ, журналистің қырағы көзі бұл оқыс жаңалықты жібермепті, арнайы мақала етіп жазыпты.

Қырық жылдай уақыт өтті ғой содан бері. Жақында бір танысым сол оқиғаны еске алды.

– Есіңде ме, мен сол жылдары «Еңбек туынан» шахтада гүл өсірілгендігі туралы мақала оқып едім, – деп менің өзім ұмытып кеткен жағдайды еске салды.

– Оны жазған қазір аты елімізге кеңінен танымал жазушы досымыз Доқтырхан Тұрлыбек болатын, – дедім мен.

«Ақынның хаты өлмейді» деген даналық осыдан шыққан шығар. Қазіргі көпшілік адамдардың газеттер мен кітаптан алшақтап кеткен заманында замандастарымыздың зеректігіне таңғалмасқа шара қалмады. Бұл енді жазушы Доқтырхан, журналист Доқтырхан достың өмірінен бір естелік деп қабылдарсыздар.

Облыстық газеттегі оның зор шығармашылық ізденіспен еңбек еткен жылдары босқа кетпепті. Доқтырханның шын мәніндегі дара жолы осы жылдардан кейін айқара ашылғандай болды. Сәл шегініс жасар болсақ, жалпы қаламгердің журналистикаға келуінің өзі мына бір оқыс оқиғадан басталды.

– Алтыншы сыныпта оқып жүргенімде әкем маған қой бақтырып қойды. Мектепке бармай сыныптастарымнан ажырап қалдым. Білімнен аулақтап, қарайып қалатынымды сездім. Содан сол жылдары атағы жер жарып тұрған, жүз мыңдаған данамен оқырмандарға тарайтын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне мұң-зарымды айтып, хат жаздым. Менің жазбам сол кездегі газеттің бас редакторы Шерхан Мұртазаның дәл өзінің қолына тиеді. Газетке жариялап кеп жібереді. Содан аудан, ауылда, мектебімізде айқай-шу басталды да кетті. Мен мектебіме қайта оралдым. Сөйтіп баспасөздің адам тағдырындағы күшіне көзім жетті. Журналист болам деп алдыма мақсат қойдым. Жуалы аудандық, Жамбыл облыстық газеттеріне мақалаларды боратып жаза бастадым. Бірі шығып жатты, бірі қалып жатты. Оған қарамаймын. Шағын әңгімелер жаза бастадым. Сонымен не керек, журналистика менің тағдырыма, қаламгерлік менің өміріме айналды, – дейді Доқтырхан Тұрлыбек.

Содан жоғарыда айттым, облыстық газетте біраз тәжірибе жинап, шығармашылығын шыңдап алған ол сол кездегі әсем астанамыз Алматыға жол тартып, қаламгерлік қызметін одан әрі жалғастырды. 1984 жылдан бастап қазақ теледидарында редактор, бас редактор, «Алатау» телеарнасында бас редактор, «Қазақтелефильм» студиясында директор болып жауапты қызметтер атқарды. Бұл қызметтерде де ол ізденісінен танған жоқ, алға жылжумен болды. Республикалық телеарнада жүргенде жеті жыл бойы «Бойтұмар» этнографиялық хабарын жүргізді. Қазақ телеарнасының алтын қорында бұл хабарлар әлі күнге дейін сақтаулы. Ара-тұра көрермендерге ұсынып та қояды. Тағылымы зор болған осы «Бойтұмар» авторлық бағдарламасы үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығымен марапатталды.

Соңғы он жылда өзі халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясын ашып, түркі дүниесінің бай тарихи, мәдени, ұлттық құндылықтарын жарты әлемге жария етіп келеді. Ара-арасында Дінмұхамед Қонаев сынды дара туған ұлт перзенттері туралы деректі фильмдер ұсынады көрермендеріне.

Бұл айтқандарымыз біз білетін Доқтырхан Тұрлыбек журналистика саласындағы еңбектерінің бір парасы ғана. Ал, енді оның жазушылығына келетін болсақ, ол – бөлек әңгіме. Доқтырханның онға тарта әдеби кітабы жарық көрді. Оның «Түбі түскен шелек және сыпыртқы», «Қазақы қалжыңдар», «О дүниеден келген өкіл», «Екі килограмм алма және сникерс» деп аталатын кітаптары өз оқырмандарын тапқан шығармалар. Айта кету керек, Доқтырхан «О дүниеден келген өкіл» кітабы үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды. Оның деректі фильмдері түркі елдері халықаралық кинофестивалінің лауреаты атанды.

Доқтырхан Тұрлыбек – туған елден, өскен жерден тамыр үзбеген, байланысын берік сақтаған қаламгер. Қашан көрсең де облысымыздың айтулы шараларының ортасында жүреді, туған топырағы Жуалы ауданының төл перзенті ретінде байланысын жоғалтқан емес. Қаламдас, әріптес, замандас дос- жарандармен қашанда байланыста. Еңбегі еш кеткен жоқ, ол Жуалы ауданының Құрметті азаматы. «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. «Көңілі дархан даладай, мінезі жарқын баладай» деп досымыз ту ралы әрқашан әңгіме етіп отырамыз, күн сайын демесек те, апта аралатып хабарласып тұрамыз. Өмірдің биік белесі, қариялық жасқа келіп, ақсақалдыққа бет бұрған ақжарқын досымызға қашанда бақ- береке, мықты денсаулық тілейміз. Жасай бер, жақсы дос!

 

Жаңабай МИЛЛИОНОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support