- Advertisement -

Игілігі мол инновациялық технологиялар

19

- Advertisement -

Соңғы жылдары елімізде цифрландыру қоғам өміріне дендеп еніп, мемлекеттік басқару және азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету саласында үлкен қадамдар жасалып келеді. Осы бағытта іске асырылған іс-шаралардың барлығы қазақстандықтардың, оның ішінде облыс тұрғындарының өмірін жайлы еткені сөзсіз. Бұл ретте цифрлық трансформация жаңа инновациялық технологияларды енгізу ғана емес, сонымен қатар бизнес-процестерді, мәдени өзгерістерді, тұтынушылармен өзара әрекеттесу әдістерін және басқару модельдерін өзгертуді де қамтып отырғандығын айта кеткеніміз жөн. Қазіргі таңда цифрлық теңсіздікті жоймай және барлық азаматтардың интернетке барынша қол жеткізуін қамтамасыз етіп, жаңа технологиялардың жетістіктерін пайдалану мүмкін емес.

Байланыс желілерінің жылдамдығы қандай?

Облысымыздың елді мекендерін сапалы интернетпен қамтамасыз етуді цифрлық технологиялар басқармасы үнемі басты назарда ұстап келеді.

Осы мақсатта басқарма тарапынан бірқатар жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Басқарма басшысы Руслан Ноқрабековтің айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы 371 елді мекеннің 199-ы жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ете алатын талшықты оптикалық байланыс желісімен, 367 ауылдық елді мекеннің 245-і жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен, ал қалған ауылдық елді мекендер 2G, 3G буындық мобильді интернетпен қамтылған. Сондай-ақ, өткен жылы «Кар-Тел», «Кcell» мен «Мобайл Телеком Сервис» компаниялары өңір аумағында жаңа базалық станциялар орнатып, мобильді интернет сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізген.

Сапалы интернет көп қырлы технологиялық талаптардың бір бөлігі ғана. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін озық ақпараттық технологияларды интеграциялауды көздейтін «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында бастау алған облысымызда іске асып жатқан ауқымды жобалардың бірі «SmartCity» концепсиясы. Бұл – концепсия аясында білім беру, денсаулық сақтау, көлік және логистика, жол инфрақұрылымы, қауіпсіздік, туризм, мәдениет және спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы, экология, қаланы басқару салалары бойынша бірнеше жобаларды іске асыру қарастырылған.

Жолаушыға жаққан «Tulpar Card»

Мәселен, қала тұрғындары тарапынан жақсы пікірге ие болып, сәтті іске асырылған жол ақысын төлеудің электрондық жүйесі – «Tulpar Card» сол жемісті жобалардың бірі. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Орталық диспетчерлік қызмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жүзеге асқан жоба Тараз қаласында қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу мен есептеудің автоматтандырылған жүйесін қалыптастыра алды. Бұл жоба аясында өткен жылы 328 300 көлік картасы дайындалып, І топ мүгедектігі бар адамдар мен көпбалалы аналар тегін жол жүру мүмкіндігіне ие болған.

Электрондық төлемді енгізу қоғамдық көлікте төлемдерді қабылдау бойынша заманауи құрал жасауға, жаңа инновациялық технологияларды енгізуге, жолаушылар көлігі жұмысының тиімділігін жақсартуға, сондай-ақ қызмет көрсетуші персоналдың жосықсыз әрекеттерін барынша азайту есебінен көлеңкелі экономикадан ақша қаражатын шығаруға мүмкіндік берді.

Сонымен бірге Тараз қаласында «ақылды аялдама» жобасы аясында қала аумағында 19 аялдамада жарықдиодты цифрлық таблолар орнатылды. Осылайша цифрлық таблолар арқылы қала тұрғындары аялдамада тұрып, автобустардың келу уақытын, ауа райы болжамын көру мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, бүгінде осы тектес ақпараттар мен маршруттар бағытын жолаушылар «Tulpar Card» мобильді қосымшасы арқылы да біле алады.

Алысты жақын еткен

«SmartCity» концепциясы аясында іске асырылған тағы бір жоба E-Jambyl.kz қызметі – қаланың тұрғындары мен әкімдігі арасындағы өзара іс-қимылының жаңа форматы. Бұл жеке және заңды тұлғаларға «бір терезе» қағидаты бойынша коммуналдық қызметтер көрсетуді біріктіретін және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 17 қызметті ұсынатын бірегей қызмет порталы. Мұндағы ақпараттар бұрын қала әкімдігінің бөлімдерінде және табиғи монополиялар субъектілерінде ғана қолжетімді болса, ендігіде осы қызмет көрсету процестері автоматтандырылып, бірыңғай өңірлік геоақпараттық жүйе арқылы жинақталып, қолжетімділікке ие болып отыр.

Аталған жүйе арқылы қызметтерді кез келген уақытта, кез келген жерде онлайн пайдалануға болады. Үйден шықпай-ақ, меншік иесін қайта рәсімдеуге, шоттар ашуға, тұрғындар санын өзгертуге, заңды тұлғалармен шарт жасасуға өтініштер жіберу секілді қызметтерді алуға болады. Осы арқылы азаматтар кезек күтпей, уақыт үнемдеп, барлық операцияларды тез әрі тиімді жүзеге асыра алады. Осы арқылы пайдаланушы өтініштері туралы барлық ақпарат бір жерде сақталып, құжаттарды жоғалту немесе басқа да түсініспеушіліктердің алдын алады.

Өңірлік геоақпараттық жүйені құрудың негізгі мақсаты – инновациялық тәсілді енгізу арқылы қала тұрғындарының тұрғын үй-коммуналдық сектор ұйымдарының қызметтерін алуын жеңілдету. Сонымен бірге аталған қызмет түрлерін автоматтандыру қағазбастылық пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға көмектеседі.

Сондай-ақ, E-Jambyl.kz өңірлік геоақпараттық жүйе алаңында «Отбасы Банкі» АҚ-мен бірлесіп іске асырылатын «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасының облыс жастарына жеңілдікпен несие беру жөніндегі пилоттық жобасы іске асырылып келеді. Осы бағдарлама аясында өткен жылы 144 жас өз өтініштерін электронды түрде рәсімдеп баспаналы болды.

Ал, жер учаскелері бойынша тұрғындар үшін «Ашық картаға» қарау мүмкіндігімен 160 картографиялық қабат, атап айтқанда, облыстың, елді мекендердің шекарасы, мекенжай массивтері, бос жер учаскелері, бас жоспарлар, қызыл сызықтар, функционалдық аймақтар, ғимараттар мен құрылыстар және тағы сол секілді санаттар енгізілген.

Елордамыз Астана қаласының «IKomek 109» тәжірибесі бойынша 2019 жылдан бастап Тараз қаласында «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметі құрылған болатын. Осыған орай, облыс әкімінің бұйрығына сәйкес, «Jambyl 109» қызметінің аймағын облыс аумағында кеңейту жол картасы әзірленіп, жоба регламентіне жаңа қызмет түрлерін енгізу жоспарланыпты.

«109» қысқа нөміріне қоңырау шалу арқылы облыс тұрғындары мен қонақтарының тұрмыстық сипаттағы мәселелері бойынша жергілікті коммуналдық мекемелерге қатысты өтініштерін рәсімдеуге бағытталған жоба өзге де, қызмет түрлерімен толықтырылып келеді. Мәселен, осы мақсатта «Aikey» жүйесі арқылы қосымша мәртебелер енгізіліп, жауапты мекемелердің өтініштері бойынша жасалған жұмыстарын көрсетуге жағдай жасалды. Өз кезегінде атқарылған тиімді жұмыстардың оң нәтижесінде «Jambyl 109» қызметі облыстың кез келген нүктесінен өтініштерді қабылдауға қол жеткізді.

Бірыңғай диспетчерлік қызметі бүгінгі таңда сумен жабдықтау, қоғамдық даму, жол инфрақұрылымы, қаланы электр қуатымен жабдықтау, құдықтар мен люктер, өндірістік жұмыстардан кейін қалпына келтіру, аула аумағын абаттандыру, қоғамдық көлік, білім беру және денсаулық сақтау сынды қоғам өмірінің маңызды салалары бойынша жіктеліп жүйеге енгізілген. Осындай бірізділікке негізделген мекеме құрылған сәттен бастап, бүгінгі күнге дейін барлығы 267 851 өтініш қабылданған.

Аталған өтініш түрлерін тиісті мекемелерге жолдап қана қоймай, «Jambуl 109» қызметі мен «Damumed» интеграцияланған медициналық ақпарат жүйесі бірлескен жұмыстар жүргізіліп келеді. Сол арқылы облыс тұрғындары қызмет түрін тиімді пайдаланып, «Отбасылық дәрігерге» жазылу мүмкіндігіне ие болды. Тұрғындар арасында ең көп мәселе туындататын саланың цифрлық әлеуеті артып, қазіргі таңда 5600-ден аса қызмет түрі ұсынылуда.

Талантты таныту бағытындағы бастамалар

Жамбыл облысының даму жоспарындағы «Цифрлық стандартқа сәйкес, Astana Hub IT-стартаптардың халықаралық технопаркі және Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты бірлесіп, өткен жылы білім ордасында «Zhambyl Hub» құрылған болатын.

«Zhambyl Hub» өңірлік IT-хабының басты міндеті – өңірдегі перспективалы стартап жобаларды қолдау.

«Astana Hub»-пен тығыз ынтымақтастықтың арқасында жаңа бизнес бағдарламалардың қалыптасуына жол ашу, сондай-ақ оларды елорда аумағында одан әрі сүйемелдеу мүмкіндігі пайда болды. «Astana Hub» тәлімгерлерінің қатысуымен тұрақты білім алушылар тренингтерін, IT іс-шаралары тұрақты түрде өткізілуде.

Бұдан бөлек, халықаралық Тараз инновациялық институты базасында облыс тұрғындары үшін цифрлық сауаттылықты арттыру курстарынан өтуге болатын ІТ академиясы ашылды. Академияда 10 жастан 50 жасқа дейінгі студенттер робототехника, графикалық дизайн, «Күміс IT» цифрлық сауаттылықты арттыру курсы мен компьютерлік модельдеу, информатика пәнінен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық сынды арнайы курстардан өтіп, шеберліктерін шыңдай алады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, орталықта бүгінгі күнге дейін барлығы 77 адам әртүрлі курстарда оқыған. Соның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытында жоғары сапалы мамандарды дайындау платформасына айналған әлемнің үздік компанияларының бірі – CISCO академиясында 8 адам тәлім алған. Аталған студенттер бүгінде сол академияның оқытушылары болып қызмет атқаруда.

Сонымен қатар, Astana Hub базасында «Tech Orda» бағдарламасы көптің игілігіне пайдалы жұмыстар атқарып отыр. Ақпараттық технологиялар саласында адами капиталды дамытуға бағытталған бағдарлама кадрлар мен білім беру мекемелерінің дамуын ынталандыра отырып, жеке тұлғаларды оқытуға қаржыландыруды ұсынады. Осы арқылы әрбір 18 бен 45 жас арасындағы қатысушы IT-мамандықтар бойынша оқу ақысын төлеу үшін пайдалануға болатын 600 000 теңгеге дейінгі көлемде грант ұтып алуына болады.

Осындай жаңа инновациялық технологиялық жетістіктер өңірдің цифрлық трансформациясын дамытып қана қоймай, сонымен қатар экономиканы әртараптандырып, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға мол мүмкіндік беріп отыр. Бұл процесте әрбір азамат маңызды рөл атқарады. Сол үшін де технократтық қоғамның жетістігі барлық тараптардың үйлесімді өзара іс-қимылына жағдай жасап, өзгерістерге бейімделуге және инновациялық идеяларды жүзеге асыруға дайындығымен өлшенбек.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support