- Advertisement -

Дизель отынынан тапшылық болмайды

31

- Advertisement -

Көктемгі дала жұмыстары үлкен дайындықты қажет ететін маңызды науқан. Өйткені, ауыл шаруашылығы ел экономикасының жетекші саласы. Облысымыз аграрлы өңір саналғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстарға тыңғылықты дайындық қажет. Әсіресе, көктемгі дала жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыру тұрғындарды тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз етудің кепілі. Осы бағытта биыл да облыстың алдағы науқанға дайындығы жөнінде бірқатар жұмыстар қолға алынған.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 770 мың гектар алқапқа орналастыру жоспарланған. Осылайша, өткен жылға қарағанда егіс алқаптары 7,5 мың гектарға ұлғайтылмақ. Оның ішінде масақты және майлы дақылдар, қант қызылшасы мен картоп, көкөніс пен бақша дақылдары бар. Оның сыртында мал азығы да бар. Егіс алқаптарын қажетті тұқыммен қамт амасыз ету мақсатында басқарма тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылған.

– Облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына қажетті 89,3 мың тонна тұқымның 68, 9 мың тоннасы қолда бар. Яғни, тұқым дайындығы бүгінде 77,1 пайызды құрап отыр. Оның жартысына жуығы элиталы тұқым. Ал, жетіспейтін тұқым көлемі облысымыздағы және көрші облыстардағы шаруа қожалықтар тарапынан толықтырылатын болады. Бұл процесс қатаң бақылауға алынып, мұнда тек тұқым өндіруге және сатуға аттестацияланған шаруа қожалықтардан тұқым алынатын болады. Сондай-ақ, атап өтерлігі, қант қызылшасы және дәндік жүгері дақылдарының гибридті тұқымдары тұқым сатушылар тарапынан жеткізіледі, – дейді басқарма басшысы.

Дегенмен шаруалардың бәріне бірдей сапалы тұқымның қолжетімді бола бермесі анық. Бұл мәселені бір жолға қойып, өзге де шаруашылық нысандарын тұқыммен қамтамасыз етіп отырған еңбеккерлер бар. Мәселен, облысымыздағы ең ірі картоп өсіруші шаруашылықтардың бірі – «Злиха» шаруа қожалығы голландиялық картоп тұқымын өткерумен айналысуда.

– Жақсы өнім алу үшін тұқым сапасының да жақсы болуы маңызды. Ол үшін кешенді жұмыстарды жүзеге асырып, тұқым шаруашылығына аса мән берген жөн. Осы мақсатта біз ондаған жылдар бойы іскерлік байланысымыз үзіліп қалған Голландия елімен қарым-қатынасымызды жандандырып, алғаш 20 тонна жоғары репродукциялық тұқым алған болатынбыз. Оны ондаған гектарға орналастырып, жерсіндіріп, бүгінгі таңда жылына 400-450 центнерге дейін өнім алудамыз. Негізінен «Артемист», «Латона», «Кароне», «Невский» сынды элиталы тұқымын 12 шаруа қожалыққа жеткізіп беріп отырмыз, – дейді Керімқұл Бегалиев.

Сонымен қатар, шаруашылық нысандарын қажетті техникамен қамтамасыз ету көктемгі дала жұмыстарының алғышарттарының бірі. Облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына биыл 7 311 ауыл шаруашылығы техникасын қатыстыру жоспарланған. Атап айтсақ, оның 4 585-і – трактор, 1 234-і – соқа, 580-і – қопсытқыш, 826-ы – дән сепкіш, 92-і – тұқым дәрілегіш. Бүгінгі таңда аудандарда ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Мәселен, Қордай ауданында көктемгі дала жұмыстарына ірі шаруақожалықтар түгелдей дерлік дайын дейді сала маманы.

– Ауданда 2000-нан астам агроқұрылым нысаны болса, оның 70 пайызына жуығы егін және мал шарушылығымен қатар айналысады. Ал, 28 ірі шаруа қожалық техникалық дайындығы бойынша толыққанды алдағы науқанға әзір. Жалпы, аудан бойынша 1114 техника алдағы егіс науқанына жұмылдырылған. Оның 713-і трактор, 154-і соқа-саймандар, ал 100-і қопсытқыштар. Ал, тыңайытқыштар мен дизель отынына келер болсақ, аудандарда бүгінгі таңда шаруаларға литрі 250 теңгеден жанар жағармай жеткізілуде. Тыңайтқыш алу да электронды форматта жүзеге асырылуда. Бұл ретте шаруалар «Qosagro.kz» сайты арқылы өтінім беріп, тыңайтқыш алу ісін меңгерген. Сонымен қатар, ауданда жаңа техника есебінен техникалық жаңарту процесі де күтілген межеден асып отыр. Бұл бағытта аудан кәсіпкерлері түрлі несие корпорациялары арқылы лизингтік жолмен техника алу ісін жолға қойған, – дейді Қордай ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Алмабек Бөгенбаев.

Бұдан бөлек, көктемгі дала жұмыстарына қажетті 10,8 мың тонна дизель отыны бөлінген. Өңірде су тапшылығын ескере отырып, өткен жылы ағын суды тиімді пайдалану мақсатында облыста су үнемдеу технологиялары 57,2 мың гектар алқапқа енгізілсе, биыл бұл көрсеткішті 65,8 мың гектарға жеткізу жоспарланған.

Айта кетейік, осы бағытта биылдан бастап «Ауыл Аманаты» жобасы арқылы су үнемдеу технологиясын сатып алатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиемен қамту көзделген.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support