Қазақ халқының қайраткер перзенті

Қазақ халқының қайраткер перзенті
ашық дереккөз
Қазақ халқының қайраткер перзенті
Еліне соңғы сағаты соққанша қалтқысыз қызмет еткен қайраткер Бердібек Сапарбаевтың рухына арналған «Бердібек Сапарбаев тұлғасы» атты республикалық конференция өтті. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылған іс-шарада белгілі мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметіне арналған екі кітаптың тұсауы кесілді. Бердібек Мәшбекұлын еске алу конференциясына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Үкімет мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, Бердібек Мәшбекұлының әріптестері мен замандастары, отбасы мүшелері мен жақындары, өзі әкім болған бес өңірден зиялы қауым өкілдері мен ізбасар шәкірттері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған әулие ат алық делегация да аталған іс-шараға барып қайтты. Басқосуды ашқан Тамара Дүйсенова Бердібек Мәшбекұлының тұлға лық, қайраткерлік және іскерлік қасиеттерін, мемлекеттік басқарудағы іргелі бастамаларын ашатын конференцияның маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың құттықтауын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов оқып берді. «Қадірлі қауым, сіздерді Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған республикалық ғылыми-практикалық конференциясының ашылуымен құттықтаймын. Бердібек Мәшбекұлы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қо сқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Бірқатар өңірге және мемлекеттік органдарға жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылды. Халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді. Ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен азаматтардың есімін ұлықтау арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелейміз. Қайраткер тұлғаның адами қасиеттері, кәсіби біліктілігі мен адал қызметі жас мемлекеттік қызметшілерге әрдайым үлгі- өнеге. Баршаңызға бақ-береке, толағай табыс тілеймін», делінген Президент құттықтауында. – «Еліңе қадірлі болсаң, елеусіз қалмайсың» деген халқымыздың сөзі бар, сондықтан бұл жиынды Бердібек Мәшбекұлындай мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен дамуына жан аямай қызмет еткен, өлшеусіз үлес қосқан азаматқа, тұлғаға арнап отырмыз. Бұл жиын туған елін сүйген, туған елі сүйген тұлғаға деген ерекше құрметтің белгісі. Бердібек Мәшбекұлын бүкіл халық болып соңғы сапарға қимастықпен шығарып салғанымыз күні кеше ғана сияқты еді. Халық жадында өшпестей із қалдырған осындай тұлғалардың бірі – Бердібек Мәшбекұлының мәнді де мағыналы ғұмыры аттың жалында, түйенің қомында өтті деп айтуға болады. Еліміздегі ең қиын салаларға жетекшілік жасады. Бес бірдей облысқа әкім болған Қазақстандағы жалғыз тұлға және сол өңірлердің барлығының да мәселесі күйіп, шаруасы шатқаяқтап тұрған кезде Бердібек Мәшбекұлы басшылық етті. Қазір сол бес облыс дербес жеті аймаққа айналыпты. Бердібек Мәшбекұлы барған аймақтардың әлеуеті, экономикалық жағдайы айтарлықтай оңала бастады. Мысалы, тоқсаныншы жылдардың басында еңсе сі түскен, жағдайы құлдырап кеткен өңірлерді, салаларды аяққа тұрғызды. Іргелі істерімен ел есінде қалды, – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов. Осы тұста марқұмның азаматтық, қайраткерлік қырларын айшықтап айтқан Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова «Бердібек Мәшбекұлы – ең әуелі кризис менеджер болды. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Мемлекетіміздің басшылығы әрдайым халықтың жағдайын жақсы білетін, әр істі қашанда тыңғылықты атқаратын Бердібек Мәшбекұлына ең қиын, күрделі салаларды сеніп тапсыратын. Ол қай жерде, қандай лауазымда қызмет етсе де, халықтың мүддесі мен әлеуметтік жағдайын, тұрғындардың денсаулығын ерекше назарда ұстады. Шәкірттерінің ішінен көптеген мемлекет және қоғам қайраткері шықты», – деді. Ал, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Бердібек Сапарбаевтың тұлғалық қасиеттерін атап өтті. – Ол тәуелсіз еліміздің іргетасын қалауға ерекше үлес қосты. Парламентаризмді дамытуға бар күшін салды. Сол кісіге қарап бойымызды, ойымызды түзеп жүретінбіз. Ендігі міндет – оның асыл мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу. Осы конференция сол істің басы болса дейміз. Мол тәжірибесіне, басқару өнеріне терең зерттеулер жүргізсек, қазіргі басшыларға құнды қазына, пайдасы мол тағылым болары сөзсіз,– деді Жақып Қажманұлы. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдардың докторы Қырымбек Көшербаев алыстан менмұндалап тұратын майталмандығын сөз етті. – Тарихты тұлғалар жасайды. Әу бастан елдің келбетін табиғаттың ландшафты немесе жерасты байлығы емес, қабырғалы азаматтары қалыптастырған. Бердібек Мәшбекұлы алағай заманда арын сақтаған Алашқа перзенттік пейілінен айнымай, талассыз темірқазық – ұлттың танымы мен тарихынан адаспай өткен абзал азамат, ершіл қайраткер болатын. Еліміз тәуелсіздік туын тұғырға қондырғаннан кейін саяси сахнаға шыққан ұлттық кадрлардың бірегейі. Біз екеуміз бір топырақта туып, бір кезеңде өмір сүрдік. Екеуміз де қал-қадірімізше елімізге қызмет еттік. Қызмет жолында әріптес, өмір жолында сырлас болдық. Ел оң-солын танып үлгермей жатқан елең-алаң тұста бірге жұмыс істедік. Көп ағаларымыз «екеуің егіз қозыдайсыңдар» деп тілеулестігін білдіріп жататын. Ол Қызылорда, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарында әкім болған кезінде аянбай еңбек етіп, әр аймаққа абыроймен барып, абыроймен кетті. Жетекшілік еткен әр аймақта халық қимастықпен шығарып салып отырды. Ол Бердібек Мәшбекұлының антына адал, сертіне сенімді болғанының белгісі. Абыз Әбіш Кекілбаев ағамыз «алғадай азамат» деп батасын бергені де сондықтан болса керек. Қарапайым өмірде де ішкі мәдениеті биік, сөзінде тұратын, өз ісіне мұқият болумен қатар, еңбекқор, ізденімпаз, қазақы, мейірімді азамат еді. Ол осы қасиеттерімен кейінгі қауымға өнеге көрсете білді. Сөйтіп, Отаны мен ұлт алдындағы жауапкершілігін адал атқарды, – деп Қырымбек Елеуұлы қайраткердің Қызылорда облысын жабылып қалудан сақтағанын, Аралдың «аузына су тамызғанын» айрықша атап өтті. Конференция барысында Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Бәйменова белгілі мемлекет қайраткерінің саяси еңбегі мен адами қасиеттерін атап өтсе, өндіріс һәм өркениетпен қатар өнерге де үнемі жанашырлық танытқан Бердібек Мәшбекұлы жайлы Қазақстанның Халық артисі Досхан Жолжақсынов тегеурінді теңеулерімен тебірене сөйледі. – Санамызда із қалдырған екеу болса, соның бірі – Бердібек Мәшбекұлы. Бекең жарықтық шешеннің тілі күрмеліп, ердің қолы қалтырайтын ақиқаттың көзіне тура қарай алатын тұлғалардың бірі еді. Бойындағы өнерін, қабілетін кәсіп деп емес, қасиет деп қарайтындардың сойынан еді. «Сіңірсем деймін еліме, маңдайдың терін ағызып», дейді ақын Сырбай Мәуленов атамыз. Биліктің маңдайшасына шегелеп-ақ қоятындай сөздер. Тура Бекеңе, Бекеңдей азаматтарға арналғандай. Бекең жарықтық халқымыздың рухани әлеуетін қоғам алдында айқара ашуға мүмкіндік беретін тұлғалардың бірі еді. Бір бойында мемлекеттік қайраткерліктің, саясаттанушы, мәдениеттанушы, әлеуметтанушының барлығының дарыны әдемі тоғысқан. Соның бәрін далалық данышпандықтың қайнарына суарған Бекең бүгін ойлап қарасақ, шын мәнінде құбылыс екеніне ешкім дау туғыза қоймас. «Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену мақсұд», дейді Әлихан Бөкейханов. Қарапайымдылық пен парасаттылықтың кәусар бұлағындай Бекеңнің халқына, халқының рухына сіңірген еңбегі қоғамның бағдаршамындай. Шығыс Қазақстанда ұлы Абайдың ескерткішін ашарда алабұртқан топтың санасын сабасына түсіргені есімде. Тіліміздің тағдыры таразыға түскендегі Бекеңнің ұшқыр да дәл жауап берген кезеңі әлі көз алдымда. Осындай тарихи мәні бар мәселелер Бекеңнің ой қуатының, азаматтық ерлігінің арқасында шешілгенін біз еш уақытта ұмытпауымыз керек,– деп түйіндеді өз сөзін Досхан Жолжақсынов. Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарья өз сөзінде Бердібек Сапарбаевтың QazVac отандық вакцинасын шығаруға өлшеусіз үлес қосқанын айтып өтті. – Бердібек Мәшбекұлымен 2020 жылы таныстым. Пандемия қандай қиын жағдайда болғанын білесіздер. Сол кезде біз, биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми зерттеу институты вакцина шығарамыз деп шештік. Жан-жақты зерттеп, қолымыздан келеді деген қорытындыға келдік. Оған қаржы, құрал- жабдық керек, сосын оны қай жерде өндіреміз, Қазақстанда зауыт жоқ, ол мәселе Білім және ғылым не Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде жоқ. Барлығы «вакцинаны шетелден сатып аламыз» деді. Сол кезде Бердібек Мәшбекұлы Жамбыл облысына әкім болып барды. Соңғы үмітім де сол кісі болды. Мені жексенбі күні таңсәріден қабылдады. Бір сөзімді тоқтатпай тыңдап, жобаммен жан-жақты танысып шықты. Бірнеше күннен кейін Бердібек Мәшбекұлы орынбасарларын ертіп Отар горнизонында орналасқан құпия, жабық биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтына келді. Ғалымдармен пікірлесіп, жағдайымызды көрді. Ол кезде ғалымдарда жағдай тұрмақ, үй де, жалақы да жоқ. Жағдайды түсініп, бізге «қолдарыңыздан келеді екен, көмек беремін, Үкіметке түсіндіремін, Мемлекет басшысына жеткіземін», деді. Көп ұзамай мені Мемлекет басшысы қабылдауына шақырды. Сол жерде бүкіл мәселелеріміз шешілді. Ғалымдардың жалақысын көтеру, құрал-жабдықтар, заңнамаға өзгерістер мен зауыт салу мәселесі шешімін тапты. Одан бөлек, ол осы зауыттың құрылыс штабын басқарды. Бүгінде дүниежүзінде 14 мемлекет қана вакцина шығару ісіне қол жеткізді. Біз сол жылдары алтыншы мемлекет болдық. Біз ол кісінің өмір жолын ұмытпауымыз керек. Нағыз еңбек ері еді ол кісі. Еңбек Ері атағын берейік. Мектеп, институттарда, мемлекеттік академияда сол кісінің еңбек жолы туралы арнайы курстар оқытып, үлгі етейік, – деген ұсыныстарымен бөлісті Күнсұлу Дальтонқызы. Бұл тұста аймақ делегациясынан барған Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының вице- президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков Бердібек Сапарбаевтың есімін халық жадында мәңгілікке қалдыру шаралары кешенді және жүйелі түрде өткізілсе, тұлғаның мұрасын, еңбек жолын, тән саулығы мен жан саулығына қатысты бастамаларын қоғамға насихаттау шаралары қолға алынса, мемлекеттік басқару жүйесіндегі тәжірибесі әкімдер институтын дамыту мақсатымен пайдаланылса, өзі басқарған 5 өңірде 2025-2029 жылдары кезегімен «Сапарбаев оқулары» өткізілсе, осы облыстарда «Үздік жас мемлекет қызметшісі» номинациясы бойынша Сапарбаев премиясы тағайындалса, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Басқару академиясының тыңдаушыларына арналған «Әлеуметтік кодекс» бойынша профессор Бердібек Сапарбаевтың дәрістері баспадан шығарылса деген ұсыныстарын ортаға салды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков те Бердібек Мәшбекұлы туралы жүрекжарды естеліктерін айтты. Конференция барысында Бердібек Сапарбаевтың өмір жолына арналған фильм көрсетілді. Жиын соңында қайраткердің рухына дастарқан жайылып, Құран бағышталды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Астана қаласы

Ұқсас жаңалықтар